maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Үлкен күнәлар пендені діннен шығара ма?

Үлкен күнәлар пендені діннен шығара ма?

Имам Матуридидің ақида іліміне сүйенсек, арақ ішу, зина жасау, кісі өлтіру секілді үлкен күнәларды жасау пендені иманнан ажыратпайды. Өйткені Мұғтазила сияқты адасқан ағымдардың сеніміндегідей иман мен күпірліктің ортасында үшінші бір орын жоқ. Пенде иманды болады немесе имансыз кәпір болады. Үшінші бір топ болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда адам баласын екі топқа бөліп былай дейді: «Сендерді жаратқан – Оның бір Өзі. Сөйте тұра бірің – мүмін, енді бірің – кәпірсің»  («Тәғабун» сүресі, 2-аят). Сондай-ақ, тағы бір қасиетті аятта былай делінген: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Ақиқат Раббыларыңнан келген, ал енді қалаған  жан иман келтірсін де, қалағаны күпірлік қылсын», – деп айт!» («Кәһф» сүресі, 29-аят). Демек, жер бетіндегі адамдар иман тұрғысынан екі топқа бөлінеді: мүміндер және күпір иелері. Ал, енді Алланы мүлдем мойындамайтын кәпірлер қауымы Алланың рақымынан үмітсіз болғанымен, бір рет иман еткен жандарға кешірім тілеп, тәубеге келуге мүмкіндік берілген.

Қасиетті Құрандағы: «Уа, мүміндер (күнәларың үшін өкініш білдіріп) бәрің бірауыздан Аллаға тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер» («Нұр» сүресі, 31-аят) аятқа зер салсақ, мүміндер жасаған күнәлі қылықтары үшін кешірім тілеп, тәубесіне келетін болса, имандарынан ажырамайтынын аңғарамыз. Күпірлік дегенге келсек, бұл –  Алланы мүлдем жоққа шығару. Иманды кісі үлкен күнәні жасағанмен, Алланың рақымынан күдерін үзбейді.

Имам Матуриди амалдың иманның құрамына кірмейтінін айтады. Оның пікірінше, Алла Тағала «Кім Аллаға иман келтіріп, ізгі істер жасаса, Алла оны ішінде мәңгі бақи қалынатын, астынан өзендер ағатын жұмақ бақшаларына кіргізеді» («Талақ» сүресі, 11-аят) деп баяндау арқылы иманды істен бөлек қараған және адамға жасаған ісіне қарамай-ақ мүмін деген. Мұнда «иман ету» мен «ізгі іс жасаудың» ара жігі бар. Екеуі бір нәрсе емес. Егер екеуін бірге қарайтын болсақ, онда амал-әрекетке қатысты үкімдер иманға да қатысты болып қалар еді. Бұл нәрсе, әрине, мүмкін емес. Демек, иман мен ізгі істер өз алдына бөлек нәрселер (Қараңыз, Имам Матуриди, Ақида рисалеси).

Сонымен қатар, имам Матуриди иманның адамның белгілі бір ағзасымен шектелмей, бүкіл ағзаларын түгел қамтып тұратынын айтады. Айталық, бір кісінің белгілі бір ағзасы кесіліп алынса, оның иманының да бір бөлшегі азайып қалмайды. Адамның иманы өзінің тұрақты орны жүректе болады. Өйткені иман бір бүтін. Оның азайып, ұлғаюы да мүмкін емес. Ізгі істер иманның бір бөлшегі болмағандықтан, оған әсер ете алмайды. Иманның жаңаруы тек қана күпірлікті тастаған сәтте ғана жүзеге асады. Пенденің жақсы-жаман істері Алланың сауабына немесе жазасына барып тіреледі (Қараңыз, Имам Матуриди. Тәуилату әһлис-Сунна).  

Міне, осы теориялардан кейін бүгінгі қоғамның кейбір жағдаятына зер салайық. Қазақ халқы жалпылай алғанда, Аллаға иман келтірген мұсылман болып табылады. Әрине, мақсатты түрде діннен бас тартып, Алланы жоққа шығарып, саналы түрде күпірлікке салынғандар болса, олардың жөні, әлбетте, бұл әңгімеден бөлек.

Негізінен алғанда, қазақ «жалғыздық Құдайға жарасады», «Құдайсыз қурай сынбайды» деген мақалдарынан да көрініп тұрғандай, бір Аллаға иман келтірген мұсылман жұрт. Аллаға алақан жайып дұғасын жасайды, Құранын оқиды, шариғаттың бұйрықтары мен тыйымдарын мойындайды.  Бірақ бес саусақ бірдей болмайтыны секілді намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, құрбан шалу тәрізді шариғат талаптарын орындау жағынан бүкіл ел бірдей емес. Біреулер бұл аталғандарды шамасы жеткенше орындайды, біреулер орындамайды. Мысалы, намаздың парыз екенін мойындағанмен, оны қартайғанда оқимыз деген түсініктегі жандар бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл имансыздықтан емес, білімсіздіктен және жалқаулықтан туындайтын нәтиже деп түсінген мақұл. Намаздың шын мәнінде қандай құлшылық екенін жақсы білетін адам оны міндетті түрде оқитын еді.

Міне, бұл тұрғыдан алғанда, кейбір бауырларымыздың намаз оқымайтын адамдарды дінсіз кәпір деп, олармен байланыс үзіп жатқаны ешбір қалыпқа сыймайды. Тіпті өзінің туған ата-анасымен, бауырларымен байланыс үзіп жүргендер де ұшырасады. Бұл – өте өрескел қателік. Олардың жасап жүргені күнә болуы, тіпті үлкен күнә болуы мүмкін, алайда дінсіздік, имансыздық емес. Сондықтан оларға тиісті деңгейде сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Арақ ішкендерді де қасымыздан қууға рұқсат жоқ. Керісінше, оларға иманның ләззаты мен тәттілігін түсіндірген дұрыс. Бұл айтылғандар мұсылман адам арақ ішіп, өсек айтып, намазын оқымай, оразасын тұтпай, уәдесін бұза салып, аманатқа қиянат жасап, кез келген күнәға белшесінен батып жүре берсін деген сөз емес. Мұсылманның бір күні кешегі күнінен бір жақсылығымен болса да, артық болуы керек. Діни құндылықтарға жеңіл қарай салу – ғапылдықтың белгісі. 

Жинақтай айтқанда, үлкен күнәлар пендені діннен шығармайды. Оны жасағандарды Алла Тағала қаласа кешіреді. Қаласа жазалайды. Бұл жағы мейірімді Алланың қалауына байланысты. Баршамызға Алланың кешірімі бұйырсын!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media»

шығармашылық бірлестігінің

жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « ТІЛ МЕН ДІЛДЕГІ ИМАН Бір сенім бірнешеге қалай бөлінді? »
Жоғарыға