maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Исламда байлық қалай есептеледі?

Исламда байлық қалай есептеледі?

Зекет бай адамдарға парыз делінеді. Байлық салыстырмалы ұғым емес пе? Сонда зекет беруші топты қалай анықтаймыз?  Құран, хадиисте бұл жағы қалай түсіндіріледі? Пәтері, көлігі болмаса да, артық жиған қаржысы, мал-мүлкі бар жандар да зекет беруге міндеттеледі ме?

 Самат, Астана

Зекет сөзінің шариғаттағы, яғни, терминдік мағынасы: ”Зекет деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін дәулетті мұсылманның Аллаһ разылығын көздеп, байлығының қырықтан бір бөлігін, яғни 2,5 пайызын жылына бір мәрте Құранда көрсетілген адамдарға беруі” дегенді білдіреді.

Бірінші кезекте ескерілетін жайт, тапқан табысыңыздың адал болуы, оның иесінің мұсылман болуы шарт. Осы талапқа сай келген жанның күнделікті тіршілікте қолданылатын қажеттіліктерін, отбасына, қамқорлығындағы адамдарға жұмсайтын ақшасын, қарыздарын, коммуналдық шығындарын алып тастағанда 85 грамм алтынның құнына пара-пар қаржысы болса және 354 күн қолында тұрса, онда  ол бай адам болып есептеледі.  Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл турасында: ”Бір жыл болмайынша байлықтан зекет берілмейді” деген.

Сондықтан көпшілік ойлағандай тек көп қабатты үйі, қымбат көлігі бар адамдар ғана емес, өз атында пәтері, көлігі жоқ болса да, жоғарыда айтылғандай артық жиналған қаржысы, жылқысының ортақ құны, иелігіндегі тауары нисап  мөлшеріне жетсе, қойы қырықтан, сиыры отыздан, түйесі бесеуден асса,  шариғи тұрғыда дәулетті жандардың қатарына қосылады. Оқырмандарға түсінікті болу үшін алтынды теңгеге айналдырып көрейік.  Айталық мал-дүниемізді есептейтін күні алтын бағамы 9 211 теңге делік. Енді осыны 85-ке көбейтеміз. Ендеше теңгеге шаққанда шамамен 783 мың теңгесі бар делік,  енді осы қаражатқа жеткен күнін белгілеп қояды. Нисап деңгейіне жетті дегеніміз де осы. Сосын қамари жыл есебімен 1 жыл, яғни 354 күн өткеннен соң жаңағы соманы қарайды. Егер ақшасы нисап мөлшерінен кеміп қалса, зекет төленбейді, егер сол қалпы сақталса немесе өссе зекет беру парыз болып табылады. Мәселен, ақшаңыз бір жыл ішінде  800 мың теңгеден 2 миллион теңгеге өссе, 2 миллион теңгенің 2,5 пайызын есептеп, зекет ретінде Құранда көрсетілген 8 топтың біріне берсеңіз болады.  

Зекетке бес парыздың бірі болғандықтан өте мұқият қараған жөн. Елімізде ҚМБД-ға қарасты «Зекет қорының» құрылуы да тегін емес. Бүгінде әр аймақта,  ірі қалаларда өкілдіктері ашылып отыр. Олар зекеттің шариғат талаптарына сай жиналып, таратылуын қатаң қадағалайды. Сондықтан ақиретте аһ ұрып қалмас үшін, көңіліңізде күмән болмас үшін мүмкіндігінше тікелей осы тақырыппен айналысып отырған «Зекет қорының» бөлімшелерінен, ол болмаса мешіттердегі білікті имамдардан сұрап, анықтап,  зекетіңізді есептетіп алғаныңыз жөн.

 WWW.MATURIDI.KZ

 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Ер әйелден басым ба? 14 наурызда көрісуге бола ма? »
Жоғарыға