Алла разылығы үшін жақсы көру және жек көру

Алла разылығы үшін жақсы көру және жек көру

«Сол күні (қияметте) тақуалардан басқа достар бір-біріне дұшпан болады» (Зухруф сүресі, 67-ші аят). Яғни, сынақ өмірімізде қанша көп досымыз болса да қиямет күні, әділ сот алдында шынайы дос азайып, тіпті дос санаған жақындарымыз аятта айтылғандай қас жауымызға айналады. Себебі бұл өмірдің әдеміліктері, қызықтары фәни өмірдің аяқталуы сияқты достықта аяқталады, бірақ Алла разылығы үшін шынайы жақсы көргендер бұл топқа жатпайды.

Адам баласырның өзінің әке-шешесі мен бала-шағасын жақсы көруі –  табиғатынан, нағыз мұсылман бүкіл адам баласын тек Алла разылығы үшін жақсы көрсе, оның дәрежесі жоғары болмақ. Себебі мұсылман барлық ісінде Алланың разылығын бірінші орынға қояр болса, Алла ол құлының дәрежесін басқаларынан үстем етеді.

Бірде бір топ адамдар алқаш, арақты бас көтерместен ішетін мұсылман жігітті ортаға алып сөгіп, айыптап тіпті мүмкіндіктері болса сабап алайын деп тұрған кезде жолдың жиегінен өтіп бара жатқан сахаба Әбу Дәрда (р.а.) мұны байқап, алқаш жігітті жиналған адамдар арасынан алып шығып, оған су беріп жағдай жасап жатқанында, жиналған адамдар сахабаға:

– «Ей, Әбу Дәрдә, сен Алланың харам еткеніне разылық көрсетіп жатырсың ба? Бұл күнахар Аллаға қарсы шығушы пасыққа неге мейірім көрсетіп жаттырсың?» -дейді.

Сахаба Әбу Дәрдә (р.а.) «Ей адамдар, егер бір адам терең құдыққа түсіп кетсе не істейсіңдер»? Жиналған адамдар: «Міндетті түрде оған арқан тастап ол құдықтан шығарып аламыз», – дейді.

Сахаба Әбу Дәрдә (р.а.): «Олай болса, бұл бауырларың арақ деген үлкен құдыққа түсіп кеткен, сендер оны құтқарудың орнына айыптап тұрсыңдар. Мен бауырымды құтқарғым келеді» –  деген екен.

Бұл оқиғадан түсінетініміз – Алла разылығы үшін жек көру дегеніміз ол адамдардың теріс іс-әрекеттерін жек көру, қате сенімін күнәсін жек көру екен.

Бірде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларының ортасында отырғанда былай деді: «Алланың құлдарының ішінде бір топ бар. Олар пайғамбар да емес, Алла жолында қайтыс болған шәһид те емес. Бірақ қиямет күнінде олардың Алла құзырындағы мәртебесіне пайғамбарлар да, шәһидтер де қызыға қарайтын болады», – деді.

Сонда пайғамбарлардың өзін қызықтыратын бұл қандай жандар екенін білгісі келген сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, олар кімдер? Қандай ісімен ерекшеленді? Айтыңызшы, біз де оларға деген сүйіспеншілігіміз бен ыстық ықыласымызды арттырайық» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар араларында ешқандай туысқандық, сауда-саттық, кәсіптік байланыс болмаса да, Алла разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер және Алла разылығы үшін бір-бірін зиярат еткендер», – деді (Табарани).

Өзгелерді жақсы көру сезімі, ең алдымен, Аллаға деген махаббаттан, Ақырет күніне иман келтіруден туындайды. Содан соң әрбір адамның қадірі мен құнын бағалай білу, өзгенің қателіктерін кешіре білу, біреудің орнына өзіңді қоя білу маңызды.

Мұсылмандарға бір-бірін жақсы көрудің ақыреттегі қарымтасы үлкен. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуынша, «Қиямет күні Алла Тағала былай деп бұйырады: Менің әміріме бойұсынып, бір-бірін жақсы көрген пенделерім қайда? Оларды Менің аршымның көлеңкесінен өзге сая табылмайтын осы күні өз көлеңкеме паналатайын». Ал дүниедегі өмірінің есебін беретін махшар күнінде әркім өз денесінен аққан терге иегіне дейін көміліп қиналып тұрған шақта бұл иләһи пананың маңызы зор. Сондықтан бұл дүниеде адамдар бір-бірін болмашы кемшілігі үшін немесе жай ғана түсініспеушіліктің салдарынан толыққанды жақсы көре алмай жатса, одан артық өкініш жоқ. Мұсылман адамды қадіріне жетіп, жақсы көре алмау осындай зор мүмкіндіктен құр қалдырады.

Мұсылман жүрегіндегі имани нұрымен кімді жақсы көрсе де сол жақсы көрген адамын Алла жаратқанын ұмытпай шүкірлік етіп Алла разылығы үшін жақсы көре білуі тиіс. Ал, кімді жек көрсе оны нәпсілік тұрғыдан емес, Алла ұнатпаған істері үшін жек көруі тиіс.

Абай атамыз айтқанындай:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

                                                      Шүкіріддін Темірқұлұлы,

теолог

Close Menu