Ұлттық сана сілкінісі

Ұлттық сана сілкінісі

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.
Рухани жаңғырудың мәні неде? Оны неден және қалай бастанымыз жөн? Саралап көрелік.
Генетикалық код

Біріншіден, Елбасы көзқарасында, өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру маңызды. Ол үшін, ең маңыздысы ұлттық кодты сақтай білу. Ұлттық код дегеніміз не? Ұлтымыздың тарихи, рухани болмысы, мәдениеті, өзіне тән ерекшелігі. Біз ұлт ретінде, жаңғыру атаулыны ұлттық дәстүрлерден бөліп қарамауға ұмтылуымыз қажет. Демек, отбасы институтын әжелер, аталар мектебі арқылы нығайтуға, жанұяның қоғамдағы рөлін күшейтуге назар аударатын кез келді. Ертегі айтатын әжелер, ұста, шеберлік өнерлерден дәріс беретін, саятшылықтың мәні мен маңызы, жыр-дастандардың рухани ролі туралы әңгімелейтін, бата беретін аталар мектебі қалыптасса, отбасындағы әке мен ананың орны өздігінен реттеледі.

Ғылым – мәңгілік инвестиция
Екіншіден, тұңғыш Президент бәсекеге қабілеттілік тақырыбына тоқталады. «Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы» деп, анықтама берген Елбасы, адами капиталға айрықша назар аударудың маңызына тоқталады. Расымен де, ХХІ ғасырдың ең қуатты инвестициясы – білім және ғылым, яғни, адами ресурсты дамытуға бағытталған капитал болып табылады. «Болашақ» бағдарламасын тәуелсіздік жылдарындағы ең табысты жоба ретінде атап жүруіміздің сыры да осында. Бірақ, бұл «қазақстандық жастардың барлығы тегістей шетелде ғана ілім алсын» дегенді білдірмесе керек. Біз, бәсекеге қабілетті ортаны өз ішімізде, яғни өз елімізде қалыптастыруға ұмтылуға тиіспіз.
ІТ технологияны қоғамның әр саласына енгізу, үш тілді меңгеру, өнертапқыштыққа ұмтылу, қайтарымы мол инновациялық жаңалықтарды өндіріске әкелу. Міне, біздің жастарымыз осы бағытқа икемделуі керек. Демек, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін қарапайым оқу білім ошақтарына кеңінен таратуды қолға алсақ, талап колледж, институт, университет, кейін жұмыс орындарында күшейетін болса, Қазақстан қуатты, өркениетті елдердің қатарына кіріге алады.

Шынайы патриотизм қалай қалыптасады?

Ұлтты сүю қайдан басталады? Өз мақаласында автор осы сұраққа жауап іздейді. Әр адам туған жерінен бастау алады десек, Елбасының «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынуының артында үлкен мән жатыр. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әшейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» дейді тұңғыш Президент. Ендеше, бағдарлама қайткенде тиімді жүзеге асады? Бұл сұраққа да талқы тақырыбына айналып отырған мақаладан жауап табамыз.
Ең алдымен, туған жерді сол өлкенің ұрпағына таныта білуіміз керек. Қазақтың кең байтақ даласы қасиетті жерлерге, киелі ордаларға толы. Хан ордалы Сарайшықты, Арыстан баб, Айша бибі, Бекет ата кесенелерінің қасиетін қаншалықты танып білдік? Бүгінге дейін назарға алынбай келген ескерткіш, көненің көзіне айналған жәдігерлеріміз бар ма? Болса оларды қаншалықты түгендей алдық? «Туған жер» бағдарламасы аясында, сан сұрақтарға жауап іздеуге болатындай. Осы бағытта ғалымдардан құралған зерттеу керуендерін іске қоссақ та артық етпейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық даму көрсеткіштеріне оң ықпал ететін механизм ретінде де пайдалануға мүмкіндік бар. Себебі, туған өлкесіне қамқорлық көрсеткісі келетін кәсіпкерлерден бастап, кез келген азаматты мақсатты, нәтижелі бағытта жұмылдыруға болады.

P.S.
Мәңгіліктің саяси тұғыры не? Ұлттың генетикалық коды болып табылатын мәдениетіміз бен дәстүрімізді қалай дамытамыз? Ұлттық ерекшеліктерімізді қалай үлгі етеміз? Осы сұрақтарға жауап іздейтін Елбасы мақаласынан туындайтын бұлжымас қағида бар. Бүгінде текті елдер мемлекеттігімен бірге, туған тілін көздің қарашығындай сақтап, оны әлемдік деңгейге көтеріп отыр. Тектіліктің қайнар көзі тарихи сана. Демек, қандай дамуға бет алсақ та, ұлттық тамырдан ажырамауға тиіспіз. Талқыға салынып отырған бас мақаланың мәні де осында…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Close Menu