Истихара намазының маңызы

Истихара намазының маңызы

Алла Тағала адам баласын басқа жаратылыстардан құрметті етіп жаратты. Ақыл, сана берді. Оған қоса, әр пенденің тағдырын текшелеп, «пешенесіне жазды». Әр іс Алланың қалауымен болады һәм бақылауында. Қазақтың: «Құдайсыз қурай сынбайды» дейтіні сол. Дей тұрғанмен Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы айтқандай: «Құдай не жазса, соны көремін деу – соқырлықтың белгісі; Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе – Құдай соны тағдыр қылмақшы».

Құдай тағала құлына жазылған тағдыр шеңберінде кейбір мәселелерде, белгілі мөлшерде ерік де береді. Осыған қарата қазақтың: «Тағдырды өзің таңдайсың» немесе «тағдырың өз қолыңда» дейтін де сөздері бар. Алайда адам баласының ақылы шектеулі ғой. Кейде қай жолдың немесе істің дұрыс не бұрыс екендігіне толық көз жеткізе алмай дағдаратын сәттері болады, дұрыс деп тапқаны керісінше шығып, зиянға ұшырайтын кездері де болады. Себебі ол қателігі көп ПЕНДЕ ғой. Ал, Алла тбәрәкә уә тағала ондай кемістіктен, пенделіктен пәк! Ол Өз жаратқан құлына не керек екенін, құлының дүниесі мен ақыреті үшін қандай іс қайырлы болмағын жақсы біледі. Сол үшін де, қиын қыстау сәтте немесе екі істің бірін тадауда екіұдай жағдайға тап болғанда Жаратқан жәрдеміне жүгінген жөн.  Ал, оның жолы қалай болмақ?

Жоғарыда айтқанымыздай, пенде қандай да бір кедергі немесе қиыншылыққа ұшырағанда Құдайдан көмек сұрап, екі бас намаз оқып, тура шешім күтеді. Сол арқылы тығырықтан шығудың жолын оңай тауып, артық уайым-қайғыдан ада болады. Яғни, «осы істі жасасам ба, жсамасам ба? Бұл істі жасағаным мен үшін қайырлы ма, әлде бір зияны бола ма? Қай істі жасағаным немесе таңдағаным абзал» деген сияқьты түйткілге жолыққанда екі бас «Истихара» намазы оқылып, артынан дұғасы жасалады.

«Истихара» намазы белгілі бір уақытқа бекітілмеген. Намаз оқуға тыйым салынған уақыттан басқа уақыттардың бәрінде оқи беруге рұқсат. Жатарда немесе түннің бір уағында оқыған абзалырақ саналады. Намаздың алғашқы рәкәтында «Кәфирун», екінші рәкәтінда «Ықылас» сүресін оқу құпталған. Ал, намаздан соң «Истихара» дұғасын міндетті түрде оқу керек. Үйткені, «истихара» намазының «жүрегі» сол дұға. Дұғаның жасалатын мерзімінде екі түрлі көзқарас бар. Бір ғалымдар соңғы отырыста, екі жаққа сәлем берудің алдында жасалады десе, енді бір ғалымдар сәлемнен кейін жасалғаны абзал дегенді айтқан. Қалай болғанда да, әр екі жағдайда жасаған адамдыкі де қателік емес. Дұғаның мәтініне келсек:

«Аллаһумма инни астахи-рука биъилмика, уә астақди-рука биқудратика, уә әсәлукә мин фадликал ъазим, фә иннәкә тақдиру уә лә ақдиру, уә таъламу уә лә аъламу, уә әнта ъалламул ғуйуб. Аллаһумма ин кунта таъламу әннә һәзәл амра хайрун ли фи дини уә маъаши, уә ъақибати әмри уә ъажили әмри уә әәжилиһи фақдурһу ли уә яссирһу ли суммә бәрик ли фиһи, уә ин кунтә таъламу әннә һәзәл амра шаррун ли фи дини уә  маъаши уә ъақибати әмри ъажили әмри уә әәжилиһи фасрифһу ъанни уасрифни ъанһу уақдур ли хайра хайсу кәнә суммә ардыйни биһ»

Мағынасы:

«Иә, Алла! Маған іліміңнен игілік бергейсің! Құдіретіңмен мені қуатты еткейсің! Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің! Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен, еш нәрсені білмеймін. Ал Сен, барлық нәрсені білесің! Әрі Сен, көместі де толық көрушісің! Иә, Алла! Егер, бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, қазіргі өмір тіршілігімде, келешегімде мен үшін қайырлы екендігін білсең, оны маған нәсіп ете гөр,  әрі маған ол істі оңай етіп, кейін оны мен үшін берекелі ет! Ал егер, бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, қазіргі өмір тіршілігімде, келешегіме мен үшін жаман екендігін білсең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет! Қай жерде болса да мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр!» (Арабшасы айтылуы міндетті емес.)

Ескеретін бір жәйт, бұл намазды кез-келген жағдайда көмек сұрау немесе таңдау жасау мақсатында оқуға болғанымен, Алланың бұйрықтары мен тыйымдарына таңдау жасау үшін оқу дұрыс емес. Мысалы, «ұрлық жасасам ба, жасамасам ба? Ораза ұстасам ба, ұстамасам ба? Темекі шексем ба, шекпесем бе? Жұмаға барсам ба, бармасам ба?» деген сынды істерге оқылмайды. Себебі оларды адам баласы еріксіз орындауы керек амалдар.

«Истихара» намазы оқылып, дұғасы жасалды. Енді оның нәтижесін қалай көреміз деген» сұрақ туындайды. «Истихара» дұғасынан кейін сол іс төңірегінде жүректің орнығуы, тынышталуы немесе қалауы, жүректің сұраған іске байлануы немесе теріс айналуы, істің жеңілдікке бағытталу сынды белгілер болуы, тіпті кейде түс арқылы да білдіріуі мүмкін. Осы жерде тағы бір жайды айта кеткен жөн. Мысалы, сұралған істің шешімі сұраушының ойлағанынан басқаша шешім табуы немесе өз ойлағанынан өзгеше үйлесім табуы мүмкін. Ондай жағдайда ол ойламаған бір қайырдың болуы мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Себебі, дұғада соған тәуекел жасалынып, «мен үшін қайырлы болса нәсіп ет, қайырсыз болса қашық ет» деп сұралды ғой. Ендеше құдіреті шексіз Құдай сіз бен бізге ненің қайырлы, ненің қайырсыз екендігін жақсы біледі. Құранда: «Сендердің жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Сендердің жақсы көрген нәрселерің сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер!» деген жоқ па?!

Дұғадан соң, нәтидежі бірден көрсетілуі немесе кешігуі мүмкін. Кешіккен жағдайда бір-ақ рет оқумен шектелмей, бірнеше рет қайталап оқыған жөн. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) Әнәсқа (р.а): «Әнәс! Бір іс жасағың келсе, Раббыңа истихара намазы мен истихара дұғасын жеті рет қайтала. Содан кейін жүрегің қалағанын ойла, жақсылық сол жерде» деген екен. Алла тағала екі дүниесі берекеге толы құлдарынан болуға жазсын!

 

 

Ерзат ТӨЛЕШ

Close Menu