Ұлтты тарихи сана құтқарады

Ұлтты тарихи сана құтқарады

Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай деген болатын.

Біз пікірлескен белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМ қазіргідей күллі әлем күресіп отырған терроризмге қуатты идеология ғана тойтарыс беретінін айтты. Спикердің пікірінше, ұлттық дәстүр қайта жаңғыруы керек.

Шыны керек, терроризмнің өршуі әлемді үрей құшағында ұстап отыр. Лаңкестік оқиғалардың тым жиілеп кетуінің астарында да ауыр себептер жатыр.

Біріншіден, әлем қазір «Батыс мәдениеті», «жаһандану» атты үрдістерді бастан өткеруде. «Дұрыс әлем Батыста» деген идея белгілі бір ұлттардың арасындағы мәдени, тарихи айырмашылықтарды жойып келе жатыр.

«Осының салдарынан «бірдей ойлау», «белгілі бір үрдістерге ортақ тұрғыда қарау» деген секілді модификация қалыптасты. Нәтижесінде, жаңа үрдістерге іштей дайын емес елдер ақпараттық, рухани тұрғыда соққы алды.

Екіншіден, лаңкестікпен күрестегі Батыстың да, Ресейдің де, Қазақстанның да басты қателігінің бірі – олар «терроризм, радикализм деген үрдістерді белгілі бір теріс пікірдегі адамдардың жиынтығы және соларды жеңсек, күйретсек, мәселенің барлығы өздігінен шешіледі» деп есептейді. Меніңше, мұндай мәселелерге ең алдымен идеологиялық тұрғыда тойтарыс беру маңызды» дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Спикердің пікірінше, кез-келген қозғалыс, ұйым ылаң сала бастаған уақытта біз «бұл кімге тиімді?» деген сұрақты қоя білуіміз керек. Сол секілді, ДАИШ – белгілі бір адамдардың тобыры немесе жиынтығы емес.

«Ол – үлкен бизнес-корпорация. Оның артында мұнай бизнесі, есірткі бизнесі, қару-жарақ трафигі, құнды, тарихи жәдігерлерді сату бизнесі жатыр. Яғни, бұл – миллиардтаған долларлардың айналымы деген сөз. Адамды алдау, арбау арқылы олардың қатарын күн санап көбейтіп отыруының да себебі осында» дейді саясаттанушы.

Міне, Елбасы қозғап отырған ұлттық код, руханият мәселесі осы жерде ерекше маңызға ие. Өйткені, жастарымыз отпен ойнағандардың жетегінде кетпес үшін, өзіміздің руханиятымызды күшейтіп алуымыз керек.

«Мектептегі тарих пәнінен бастап, телеарналардағы, мәдениеттегі, әдебиеттегі, тарихтың, ұлттық құндылықтардың ролін пайдаланып, арттыра отырып, заманауи технологиялармен дәстүрімізді табыстыра білу, қоғамды алға апара алатын, ұлтты модернизациялайтын, жаңа кәсіптерге баулу жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек.

Біреулер қазақты «жалқау» дейді. Өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Өйткені, қазақ мал баққан халық. Ал, малды бағу – не сенбісі жоқ, не жексенбісі жоқ ең азапты жұмыс. Және малдың артынан қысы-жазы жүру керек. Малға лайықты жайлау таңдай білудің өзіне де үлкен білім керек. Мұның артында экономикалық тиімділік, экологиялық сана мәселесі де жатыр. Себебі, ата-бабаларымыз табиғатқа еш зиянын келтірмей өмір сүріп келді. Дәстүрімізді бүгінгі заманға лайықты ету керек деп отырғанымыз да сондықтан. Егер дәстүріміздің, салт-санамыздың экономикалық астарын ойлап табатын болсақ, қоғамның ішіндегі проблемалар өздігінен шешілер еді» ден нақтылады спикер Айдос Сарым.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Close Menu