Матуриди мектебінің сенім жүйесі

Матуриди мектебінің сенім жүйесі

Матуриди мектебінің негізін қалаушы- Мұхаммад ибн Әбу Мансұр әл-Матуриди Әбу Мансұр Мұхаммад ибн Мұхаммад ибн Махмұд әл-Матуриди. Һ.238/ м.852 жылы «Матуруд» қалашығында дүниеге келген. Ол һ.333/ м.944 жылы Самарқандтағы Джакердиз деген көптеген ислам ғұламалары жерленген жердегі қабірде жерленген. Оның қай ұлттан шыққандығы жайлы көптеген көзқарастар бар. Біреулер оны түрк десе, енді біреулері оның Мединалық Аюб әл- Ансаридің ұрпағы екендігін жеткізеді.

Имам Матуриди өмір сүрген дәуірде Аббаситтер мемлекеті әлсіреді, осыған байланысты көптеген мұсылман мемлекеттері пайда болды. Олардың бірі- Саманидтер мемлекеті. Олар Мауараннахрада өз билігін орнатты.

Хижри жыл санағы бойынша екінші ғасырдан бастап ислам әлемінде екі түрлі беталыс орын алды. Бір жағынан, аудармалар мен түсініктемелер арқылы философия ғылымдары кеңінен таралса, екінші жағынан ақылға қатты мән беретін муғтазилиттер деген топ пайда болды.

Осылайша муғтазилиттер адамдарды өздерінің сеніміне тарта бастады. Сол кездегі дәстүрлі саляф солихтердің ақидасы бұл жаңа қозғалысқа төтеп бере алмады.

Халиф Мамун муғтазилиттердің көзқарасын мемлекеттің ресми сенімі етіп жариялады. Бұған қарсы тұру үшін мұсылман әлемінде дін негіздерінің (усуль ад-дин) жаңа тәсілін жасап шығару қажет болды. Бұл жаңа жүйе нақлға байланған, әрі мұғтазилиттердің тиімді жақтары алынып, логикалық әдістерге де негізделу керек болатын.

Осы істе белсенділік танытқан- Мауараннахрлық Әбу Мансур Матуриди және Ирактық Әбу Хасан әл- Әшғари болды. Ол екеуі жаңа «‘ильм әл- кәлам» ғылымын ойлап тапты.

Имам Матуриди кәламның, ислам тарихының, усул әл- фиқһ пен тәпсір салаларының білгірі болды. Имам өзінің еңбектерінде құран мен сүннетке, сондай- ақ ақылға жүгіне отырып, Әһли Сунна уәл жамағаттың ақидасын дәлелдеді.

Ол «Имам әл- Һуда» (Тура жолдың имамы) есімімен фиқһ пен ақида саласында Әбу Ханифаның ізбасары атанды.

Мәтурудия сенімі Ханафи мәзһабының артынан еруші болып табылады. Төрт мәзһабтан бөлек сенім жүйесіне байланысты құрылған екі мектеп бар. Олар Матуруди және Әшғари мектептері. Олардың екеуі де дұрыс жол болып табылады. Тек кейбір мәселелерінде айырмашылықтар бар. Ханафи мазһабын ұстанушылар матуруди сеніміне ереді.

Имам Матуридидің ұстаздарына тоқталсақ, Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Бәкр Ахмад ибн Исхақ, Абу Наср Ахмад ибн әл-Аббас, «Факих ас-Самарқанди» есімімен танымал, Нусайр ибн Яхия әл-Балхи және қазы Мухаммад ибн Муәатил ар-Рази. Имам Матуридиде оқыған шәкірттерге келсек, Қадый Исхақ ибн Мухаммад әс-Самарқанди, Әли Әр-Руста’фани, Әбу Мухаммад Әбд Әл-Кәрим ибн Муса әл-Паздауи.

Имамның еңбектеріне келер болсақ, ақида саласында:

«Китаб әт-таухид», «Рисалә фи әл-ақаид», «Шарх фи әл-акбар», «Радду ауаили әл-адиллә ли әл-Ка’би», «Радду такзиби әл-джадаль ли әл-Ка’би», «Радду китаби әл-Ка’би фи уа’иди әл-фуссак», «Байан әл-уахм әл-му’тазилә», «Китаб әл-мақаләт», «Китабу тафсири әл-әсма уа әс-сыфат».

Усул саласындағы еңбетері:

«Ма’ахизу шараи фи усул әл-фикх», «Әл-джадаль фи усуль әл-фикх», «Әд-дурар фи усуль әд-лин», «Әл-усуль».

Тәпсір саласындағы еңбектері:

«Та’уилә әл-Қур’ан», «Рисалә фи малә йаджузу әл-уакфу аләйһи фи әл-Қур’ан».

Close Menu