Жаһандану жағдайындағы қазақ жасы қандай болуы керек?

Жаһандану жағдайындағы қазақ жасы қандай болуы керек?

Әлем, жаһандану және бәсекелестік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев​ ұдайы осы сөздерді жастарға арнап келеді. Мейлі «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы болсын, қай қайсының да түпкі мақсаты – ұлтты бәсекеге қабілетті ету.

Осы ретте бизнестегі жолын Қытайдан бастаған қазақстандық жас кәсіпкер Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ ұлттардың, жалпы адам мен адамның арасында бәсекелестік күшейіп жатқанын айтады.

«Шындығында біз бақытты ұрпақтың буынымыз. Себебі, кезінде ата-аналарымызға берілмеген керемет мүмкіндіктер қазір бізде бар. Тіпті, шалғай ауылда отырсаңыз да, әлемді алақандағыдай көріп отыруға болады. Яғни, мұндай керемет мүмкіндікті бізге интернет деп аталатын дүние сыйлап отыр. Уақытын үнемдей білген адамға интернет ең алапат күш және табысқа жетелеуші механизм. Яғни, сіз ғаламторды дұрыс пайдалана алсаңыз, өмірде үлкен шыңдарды бағындыра аласыз. Мұны Еуропа халқы әлдеқашан ақ түсініп алған.

Өкінішке орай, бізде бейқамдық, кенже қалушылық бәрібір байқалып отыр. Таңның атысы, кештің батысы әлеуметтік желіде өмір сүретін жастарымыздың көпшілігі виртуалды әлемді дұрыс пайдалана алмай жатады. Осы бір ғана фактінің өзі – біздің бәсекеге қабілеттілік деген ұғымды да өз мәнінде түсіне бермейтінмізді көрсетеді. Бұл әрине менің субъективті пікірім. Десе де,​ бәсекеге қабілеттілік деген уақытта әр жас Қазақстан шеңберінде ғана емес, өзіне деген талапты әлемдік деңгейде қоя білуі керек. Міне, сол уақытта нәтиже туралы сөз қозғауға болады» дейді Олжас.

«Мен тоғыз жыл Қытайдың Шанхай қаласында өмір сүрдім. Сол елде өткен әр уақытым мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Иә, бізде «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталарымыздан қалған керемет ғибратты сөз бар. Бірақ, шын мәніне келгенде біз бұл сөзді терең ұғынып, жүрегімізбен қабылдай бермейді екенбіз. Осы бір ақиқатқа Қытайда өткізген күндерімде әбден көз жеткіздім.

Біздің жастарымызға не жетіспейді? Осы сұрақты ылғи өзіме қоятынмын. Қарап отырсақ, біздің жастарымызда білім бар. Әлеует бар. Біз көптеген тілдерде еркін сөйлей аламыз. Көптеген мәдениетті білеміз. Түрлі діни мерекелерді де елімізде еш кедергісіз тойлай аламыз. Міне, осы құндылықтарды бағалай білуіміз керек. Өйткені, мұндай жетістік басқа елдерде жоқ» дейді Олжас.

Спикердің пікірінше, біздің жастарымызға көшбасшылық қабілет жетіспей жатыр. Егер біз әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті адамдар болсақ, өз жаңалығымызбен жаһанды мойындататын едік.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Close Menu