Жат жұртта жүрген 5 миллион қазақты латын әліпбиі біріктіреді

Жат жұртта жүрген 5 миллион қазақты латын әліпбиі біріктіреді

Латын графикасы тақырыбы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше рет көтеріліп келді. Десе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында әліпби ауыстыруды нақты қолға алу мәселесінің уақыты жетілгенін қозғауының артында үлкен мән жатыр. Осы ретте, сарапшылар пікірін назарға ұсынамыз.

​Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:

Графика ауыстыру – кезек күттірмейтін мәселе

​– Соңғы жүз жылда мемлекеттік тіл саясаты небір құбылыстарды өткерді. ХХ ғасырдың басында «орыс емес халықтар бір тілде сөйлеп-жазуы керек» деген түсінікпен халықтар жаппай кириллицаға көшірілген еді. Кейін, 1928 жылы түрік, малай тілі мен латын әліпбиіне көшу үрдісі басталып, ортаға «латын – жеңімпаз пролетариат алфавиті» деген ұран тасталды. Ал, отызыншы жылдардың соңында Кеңестер Одағында орыстандыру саясаты белең алды. Сөйтіп, «Ұлттық республикалар мен облыстарда орыс тілін міндетті түрде оқыту» қаулысы қабылданып, латын графикасы қалып қойды.

Бірақ, орыс тілі ұлттық фонетикалық ерекшеліктерді бұрмаландырып жіберді. Міне, сол мәжбүрлі түрде енгізілген кириллицадан арылудың бүгінде бір жолы – латынға қайта оралу. Осылайша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырту қажет. Қалай болғанда да, Ресейдегі кей саяси топтардың «қазақстандықтар орыс мәдени кеңістігінен алыстайды» деп қынжылыс білдіруі де тегін емес.

​Ербол ТІЛЕШОВ, белгілі ғалым:

​Кирилл емлемізге икемсіз

​– Әліпби мәселесін тәуелсіздік елең-алаңында алғаш көтергендердің бірі академик Абдуали Хайдари еді. Сол кезеңде Түркі кеңесі жұмыс істеді. Аталған идея көтерілгелі бері, кеңес үздіксіз жұмыс істеп, түркі халықтарына ортақ болатындай етіп, 36 таңбадан тұратын әліпбидің жобасын ұсынды. Кейін Әзербайжан, Өзбекстан республикалары графика ауыстыру саясатын қолға алған кезде, біз айтып отырған ортақ түркі әліпбиінің жобасын негізге алды.

Ал, графикаға байланысты нақты қадамдардың​ қазір басталуының бірнеше себептері бар.​ Біріншіден,​ Қазақстан ​ тәуелсіз республика ретінде толыққанды қалыптасу кезеңінен өтті. Әлемдік байланыстары орнығып, экономикалық негізі қаланды. Әлеуметтік құрылымы жасалды. Демек, мәдени, гуманитарлық салаға да бетбұрыс жасайтын уақыт жетті.​

Екіншіден,​ өз алдымызға дербес ту тіккен осынау кезең біздің әрі қарай кирилл әліпбиінде қала алмайтынымызды көрсетті. Себебі, кирилл таңбасы біздің жазуымызға да, емлемізге де икемсіз. Терминдердің орыс тілінде жазылып, орысша қабылдануы – орыс тілінің түсініктік аппаратының қазақ тіліне кірігуіне алып келді.​ Үшіншіден,​ кирилл әліпбиінде қалу арқылы, әлемдік технологияға ілесе алмайтындығымыз да байқалып қалды.​ Төртіншіден,​ қазір әлемде 200 миллионға жуық түркі халқы бар десек, ортақ кеңістік қалыптастыру мәселесі өткір тұр. Осы жағдайларды саралай келе, латын қарпіне көшу мәселесі көтеріліп отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

​​ Латынға көшудің бес себебі:

Кирилл таңбасы біздің жазуымызға да, емлемізге де икемсіз;Әлемнің 75 пайызы латын графикасын қолданады;Жаңа графика жас ұрпаққа басқа тілді тез үйренуге жол ашады;Әлемнің әліпбиін меңгеру арқылы, сыртта жүрген бес миллион қазақты біріктіре аламыз;Қазақ дүниенің дидарын, әлемнің келбетін тануда бұрынғыдай орыстың емес, байланысқа өзінің таңбасы арқылы шығады;

Close Menu