Ықлас сүресінің тәпсірі

Ықлас сүресінің тәпсірі

Мазмұны

Мекке дәуірінде түсірілген. Төрт аяттан тұрады. Ықлас-шынайы ниетпен, дінге деген шын жүрекпен бет бұру. Алла Тағалаға осы сүреде түсіндірілгені сияқты иман ету, Алланың бірлігін шынайы таныған бір мүмін адам болғаны үшін, бұл сүре Ықлас сүресі деп аталған.

Түсірілуі

Құран-Кәрімде тізбектелу жағынаң 112-ші болып, ал түсірілуі жағынаң 22-ші сүре. Нас сүресінең кейін, Нәжім сүресінең бұрын Мекке қаласында түсірілген. Алайда Мәдинә қаласында да түскендігі туралы риуаяттарда бар.  Мекке қаласында түсті дегендер; Меккелі мүшріктер хз.Пайғамбарымызға с.а.у-ға келіп “Уа, Мұхаммед! Бізге Раббыңды сипаттап бер” деген кезде, осы сүренің түскендігі туралы дәлел келтірген. Ал Мәдинә қаласында түсті дегендер; Яһудилер және християндар хз.Пайғамбарымыз с.а.у-ға Алла Тағала туралы қойылған сұрақтарына жауап ретінде Жәбірайіл а.с-ның Пайғамбарымыз с.а.у-ға келіп “Қул һуу Аллаһу аһад” сүресін оқығандығы туралы риуаяттардың бар екендігін дәлел келтіреді. Алайда көбіне Мекке қаласында түсірілгені туралы риуаяттар көптеп кездеседі.

Басты тақырыбы

Сүреде Алла Тағаланың кейбір сипаттарын түсінікті бір түрде түсіндірген.

Сүренің қасиеттілігі

Хз.Пайғамбарымыз с.а.у бұл сүренің қасиеттілігі және абзалдылығы туралы былай деп түсіндірген: “Барлық жаратылыстын иесі Алланың атымен ант етемін, бұл сүре Құран-Кәрімнің үштен біріне тең”-деген. Сонымен қатар Хз.Пайғамбарымыз с.а.у,  бұл сүрені оқығанды жақсы көрген сахабаға, “Оны жақсы көруін, сені жұмаққа жетелейді”-деп сүйіншілеген.

Сүресінің тәпсірі

  1. (Мұхаммед) Айт: Ол, Алла Ахад (Жалғыз).

Тәпсірі: «Әй, Мұхаммед! Мазақ еткен мүшріктерге: мен құлшылық ететін және сендерді де Оған құлшылық етуге шақырып жүрген Раббым Жалғыз және Дара. Оның серігі жоқ, затында, сипатында және ісінде ұқсасы мен шамаласы да жоқ. Ұлық Алла затында жалғыз және сипатында дара. Насаралар сеніміндегідей үшеу: әке, бала және киелі рух емес. Сондай-ақ, мүшріктер сеніміндегідей құдай көп емес. Тасһилде: «Біліңіз, Алла Тағаланы жалғыз деп сипаттаудың үш мағынасы бар. Оның барлығы да Алла Тағала хақында дұрыс: Бірінші: Ол Өзімен бірге жұптасы жоқ бір. Бұл сан тұрғысынан пәктеу. Екіншісі: Ол Жалғыз, теңі мен серігі жоқ. Мәселен, пәленше заманының жалғызы дегендей. Яғни, оған тең келер ешкім жоқ деген мағынада. Үшіншісі: Бөлінбейді және бөлшектенбейтін Жалғыз. Сүреде мүшріктерге жауап ретінде Алла Тағаланың серігі жоқ екендігі айтылуда. Алла Тағала уахданият[1] жайлы Құран Кәрімде көп айқын дәлелдер келтірген. Мұндай дәлелдер өте көп. Олардың ең айқыны төртеу: біріншісі: «Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе?…[2]» «Егер жер мен көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып кетер еді…[3]» «(Мұхаммед (r) Егер Алламен бірге олардың айтқандарындай тәңірлер болса, онда әрине ғарышының Иесіне бір жол іздер еді[4]», «Алла еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда, әрине әр тәңір өз жаратқанын алып кетер еді де бір-біріне үстемдік етер еді…»[5].

  1. Алла – Самад (мұқтажсыз, ал барлық жаратылыс Оған мұқтаж)

Жаратылыс үнемі Оған мұқтаж. Ал, Ол ешбір нәрсеге мұқтаж емес. әл-Әлуси: «Самад (Мұңсыз) – өзінен жоғары ешкім жоқ мырза. Жұрт оған сүйенеді. Адамдар өз істерінде және мұқтаждығында Оған сүйенеді», – деп ашықтайды.

  1. Ол тумады да туылмады.

Оның ұл және қыз перзенті жоқ. Өйткені, Оның сипаттары шексіз кемел және мінсіз һәм кемшіліксіз.Тәпсіршілер: «Бұл аят Алла Тағаланың баласы бар дегендерге жауап. Яһудилер өз сөздерінде: «…Ұзайыр Алланың ұлы…[6]» десе, насаралар: «…Иса Алланың ұлы…[7]» деген. Және араб мүшріктері «Тағы олар, Аллаға қыздарды ұйғарды (періштелерді Алланың қыздары дейді)» деген. Мұның барлығына жауап. Бала әкесінің қанынан туады. Алла Тағала әзәли мәңгі. Оған ұқсайтын еш нәрсе жоқ. Оның баласы болуы мүмкін емес. Және бала тек жұбайы барда ғана болады. Бұл жайлы Құранда: «Көктер мен жерді жоқтан бар етуші. Оның баласы қалайша болады? Оның бір жұбайы жоқ…[8]», – деп айтылған. Және Өзі де әке-шешеден тумаған. Өйткені әрбір туылған тіршілік жоқтан пайда болады. Ал, Алла Тағала бастауы жоқ мәңгі құдірет. Бұл жан-жақты ешбір жағынан серігі жоқ екеніне дәлел.

  1. Әрі Оған ешкім тең емес.

Алла Тағаланың ешбір тұсынан ұқсасы, теңі немесе қатары жоқ. Жаратқан заттарының ешқайсысы Оған ұқсамайды. Затында да, сипатында да және ісінде де. Құдси хадисте: «Алла Тағала: Адам баласы Мені өтірікке шығарады. Оның бұлай етуге ақысы жоқ еді. Маған тіл тигізеді. Оның бұлай етуге ақысы жоқ еді. Мені өтірікке шығаруы: мені жаратқаны сияқты, қайта жарата алмайды, – деп айтуы. Оны алғаш жаратуым, қайта бар етуден қиын емес. Ал, Маған тіл тигізуі: Алланың баласы бар, – деп айтуы. Мен Жалғыз Мұңсызбын. Мен тумаған және туылмаған және Оған ешкім тең емес Алламын, – дейді», – делінген.

Close Menu