«Кешірші мама, күнахармын»

«Кешірші мама, күнахармын»

Ұлымның «Кешірші мама, күнахармын» деген сөзі құлағымда

2012-2015 жылдары Атырау облысында көптеген жастар жат діни ағымның жетегіне еріп, жаппай Сирияға аттанған еді. Олардың ішінде жұмақ мекеніне барамын деп, сол жақта оққа ұшып қаза болған атыраулық Сұлушаш ананың да жалғыз ұлы мен келіні бар. Ұлының артында қалған тұяқтарын (үш немересін) Жусан операциясымен елге қайтарып, бауырына басып отырған анамен жақында әңгімелесудің мүмкіндігі туды.  

 

Абзал қандай дегенмен бауыр еті жалғыз балаңыз болатын. Қоштасарда, алысқа кетіп бара жатқанын сезбедіңіз бе? Соңғы кездерінде жасаған жұмыстары мен іс қимылынан бір жаққа дайындалып жүргенін байқамадыңыз ба?

 

Жоқ, ешнәрсе сездірмеді. Ақтаудағы «Қаражамбас» мекемесінде мамандығы бойынша мұнайшы болып қызмет ететін. Әкесімен екеуі бір ауысымда, бір өндірісте қызмет етті. Жұмысқа бірге барып, бірге келіп жүретін. Бір күні жұмыстан демалыс алғанын айтып, немеремді, келінімді ертіп Астраханға диагностика баратынын айтты. Не үшін деп сұрағанымызда Жұлдыздың (келіні) іші тартып жүр, қаратып келеміз. Бір жағынан сатуға красовкалар алып келеміз, сендердің де аяқ киімдерің тозып жүр, деп бәріміздің аяқ өлшемдерімізді алды.  Сол күні 2015 жылдың 29 маусымы болатын. Күн ыссы, немеремді ауыртып аларсыңдар, тастап кетіңдер дегенімде келінім сағынамыз деп қалдырғысы келмеді.

Оның алдында Түркияға барып сатуға киім әкелеміз дегенді жиі айтатын. Ауланың ішінде үлкен етіп үй салып жатыр еді. Үйді бітірген соң осында көшіп ескі үйді сатамыз, екі үй не керек деп айтатын. Үйге бір нәрсе алайық десек те, керек емес жаңа үйге көшкесін бұратала алармыз дейтін. Сол кезде кетуді ойлап жүрген болып тұр ғой. Біз оны болар іс болған соң ойланып отырмыз. Бірақ ешқашан бетімізге қарсы сөз айтып, діни ұстанымына қайшы жаман қасиеттерін көрсеткен емес.

Балаларыңыз дін жолына қашан түсті, қайдан үйреніп еді?

Әкесі де намаз оқиды. Ұлым 2009 жылы әскерден келген соң намазға жығыла бастады. Жұма сайын мешітке барып жүретін. Намазды да достарынан, мешіттен үйренді.

Сирияға бара жатқанын сіздерден неге жасырды деп ойлайсыз? Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым қатынастың қашықтығынан емес пе?

Балам да келінім де бізбен өте жақын қатынаста еді. Мұсылмандық сипаты жүзінен көрініп тұратын. Әкесінің айтуынша, оның жұмысындағы сырлас досы содан бір ай бұрын отбасын алып Сирияға кеткен екен. Сол үгіттеген шығар деп ойлаймыз.

Тіпті үйден шығарында да еш нәрсе сездірместен әдеттегідей бетімізден сүйіп қоштасып жүре берді. Сол күні түнде Астраханға аман жеткенін айтып хабарласты. Сөйлесіп жатқанда біреу телефонын тартып алды ма, мүмкін өшіп қалған шығар арада байланыс үзіліп кетті. Содан екі күн бойы байланыссыз қалдық. Немеремді уайымдап, Астрахандағы емханалардың барлығына ғаламтордан номерін атауып алып хабарласып шықтық.  Ешқайсында тіркелмеген болды. Үшінші күн дегенде «мама біздер аманбыз, уайымдамаңыздар. Ешқандай органдарға хабарласпаңыздар» деген смс хабарлама жолдады.

Келесі күні жолдасым көрші баламен сөйлесіп қалды. Ол Астраханға жалдамалы такси еді.

 – Қазір көп жастар Астрахан арқылы Сирияға кетіп жатыр. Жақында Сирияға бара жатқан бір жігітті әкесімен барып Астраханнан алып келдік, – деп айтыпты. Сол күні біз Сирия дегенді бірінші естуіміз..

 

Балаңыздың енді оралмайтынын, Сирия асып кеткенін қанша уақыттан кейін білдіңіз?

Содан 12 маусымға дейін балаларымнан хабар болмады. Түркияның елшілігіне хабарласып іздедік, заңсыз жолмен өтіп кетпесе, бұл жаққа ондай адамдар кірмеген, тапсақ хабарласамыз деп хат жолдап тұрды.

12 маусым күні баламның телефонынан «мама» деген смс келді. Қуанып кері хабарласқанымызда «біз Сириядамыз мама, бізде бәрі жақсы, уайымдамаңдар» деп немеремнің суретін жіберді.

Ата-анасын алдап кеткенін білгенде қандай күйде болдыңыз, кешіре алдыңыз ба? Ауыдастарға олардың Сирияға кеткенін жеткіздіңіз бе?

Бастысы жағдайы жақсы ғой дедік. Күнде немеремнің өздерінің суреттерін жіберіп тұрды.  Жұлдыз сол жақта ішінде кеткен екінші қызды босанды. Оның суреттерін жіберді. Ағайын туыстың бәрі естіді. Біз пайғамбарлардың жолында жүрміз. Бұйырса сіздерді де көшіріп аламыз деп, әкесіне бұл жаққа да кран жүргізетін адам керек деп әзілдейтін.

Содан соғыс басталды ма бір нәрсе болды. Балам «мама мен күнахармын, кешірші мені» деп күнде телефон соға бастады.  Келінім де «мама саған жақсы келін бола алмадым» деп жылайтын. Арғы жағынан жарылған бомбалар мен мылтық дауысы естіліп жататын. Сол кезде олардың түрлері де өте қорқынышты көрініді. Сол күннен бастап көзден жасым тоқтаған емес.

Олардың қаза тапқанын қайдан естідіңіз?

Бір күні Жұлдыз ұлымның оққа ұшып қаза болғанын айтып хабарласты. Мама мен енді тұрмысқа шықпаймын деді. Сол сөйлескеннен осы уақытқа дейін одан да байланыс үзілді. 3 жыл бойы немереден де келіннен де хабар жоқ, жіпсіз байланып отырдық.

Немерелеріңізді қалай іздеп таптыңыз?

Былтыр ғана жусан операциясымен Сириядан әйелдер елге оралып жатқанын естіп, оларды іздеп Ақтауға бардық. Жұлдызым мен немерелерім де солардың ішінде болар деген үмітім басым болған. Өкінішке орай Жұдыз болмады. Сириядан келген басқа «сестралармен» сөйлестім. Олар келінімді танитын болып шықты. «Өкінішке орай Жұлдыз балаларды өсіремін, жеткіземін деп жүргенде бомбаның астында қалды. Балаларыңыздың артында қалған үш немереңіз бар. Жұлдыз өмірден өткен соң оларды үш отбасы бөлектеп асырап алды. Біреуін арабтарда, ортаншысы жергілікті тұрғындарда, үшіншісі орыс отбасында тәрбиеленіп жатыр,» деді. Содан Сириядан келген әйелдерден сол жақтың телефондарын алып, араға арабша білетін жігіттерді салып ол жақтағы балалардың басын біріктірдік. Сөйтіп «Жусан» арнайы операциясымен елге қайтардық. Немерем үйден кеткенде 10 айлық еді, қазір 5 жастан кетті.

Қазір балалардың психологиясы қандай, қай жақтан қайда келгенін біле ме? Анасын іздеген балаларды қалай жұбатасыз?

Үлкен немерем анасының қайтыс болғанын біледі. Анам өлді, мен де өлдім бірақ мені емдеп алды деп айтады. Шамасы оған да зақым келген ғой. Балалар алғашында ұшақтардың даусын естігенде қорқып жылайтын. Қазір үйренді. Үшеуі бір-біріне бауырмал. Бір алма берсең де үшеуі мынау ағама, мынау қарындасыма деп теңдей бөліп алады. Балалар нағашы әжесімен де араласып тұрады. Арасында олар да ойнатуға алып кетіп тұрады.

Өздеріңіз немен айналысысыздар? Басқа баларыңыз дін жолында ма?

Жолдасым Ақтауда мұнай мекемесінде кран жүргізеді. Үлкен қызым тұрмыста, екіншісі ұлым Абзал еді, одан кейінгі қыз тұрмыста. Үйде мектеп жасындағы кіші қызымыз бен үш немереміз және ата әжесі болып тұрып жатырмыз. Өзімнің мамандығым тәрбиеші. Ұлым мен жолдасым жақсы жұмыста жүрген соң жалақысы аздау деп жұмыстан шығып кеткенмін. Баланың қайғысынан кейін күйзелістен қайта жұмысқа шыға алмадым. Қазір үйде немере бағып отырмын.

Басыңыздан өткен жағдайдан кейін радикалды діндарлыққа көзқарасыңыз қандай? Немерелеріңіз намаз оқимын десе қарсылық білдірмейсіз бе?

Қорқыныш бар әрине. Балалардың болашағы алда ғой. Мен намаз оқығанды теріс көрмеймін, қандай жолда жүргенін кімдермен дос екеніне мән берер едім. Балаларым Сириядан күнде жылап телефон шалғанда тіпті өзім де намаз оқып кете жаздадым, баламның амандығына намаз көмектесер деп.

Ұлдан қандай үміт күткен едіңіз? Өмірдегі өкінішіңіз қандай? Неден қателестім ойлайсыз?

Қалай білмей қалдым, қай жерден қате кетті деп әлі  күнге өкінемін. Неге жасырды екен деп ойлаймын. Бұйырса сіздерді қартайғанша асырап бағамын дейтұғын. Өкінішке орай маңдайына жазғаны солай болды. Немеремнің аман оралғанына шүкір деймін. Сол ғана көңіге медеу.

Баласынан айырылған ана ретінде өзге аналарға не айтқан болар едіңіз?

Әр баланың өз достары бар. Менің балаларым адасып кетті. Бұл жағдай ешкімнің басында қайталанбасын деймін. Ата-аналарға балаңыздың достарына, кіммен дос екеніне мән беріңіз дер едім. Өйткені адам досының дінінде деген керемет сөз бар. Әр бала өзінің әке шешесінің қасында тәрбиеленсе деймін. Біздің басымыздағы тағдырды басына түскен адам ғана түсінеді. Баланың өзінің әке-шешесінен кейін кеткені қандай жақсы. Ал жолдасым ееумізге осы немерелеріміздің үлкен азамат пен азаматша болып өсіп кетуі үшін, аяқтан тұрып кеткенінше тәрбие беретіндей Алла тағала зор күш қуат берсін дейміз.

Нұрбейбіт Нұғыманов

Close Menu