Адалдық адал аспен өлшенбейді

Адалдық адал аспен өлшенбейді

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай айтады: «Дін адалдықтан тұрады». Жанында тұрған сахабалар: «Я, Расул Алла (с.ғ.с) адалдық кімге болмақ?» деп сұрағанда Алла Елшісі (с.ғ.с):  «Адалдық ең әуелі Алла Тағалаға, кейін оның кітабына, оның пайғамбарына және мұсылмандардың басшыларына және барша мұсылмандарға» деп жауап береді.

Хадиске түсініктеме берген ғалымдарымыз былай дейді:  «Адалдық деген, Алла Тағаланы тануда және иман келтіруде, Алла Тағаланың шариғатына  бойұсыну. Алла Тағаланың ешбір серігі жоқ, тек  Аллаға ғана жалбарынуда адалдық таныту» деп айтқан екен. Алла Тағалаға адалдықтың ең үлкені, Алланың түсірген Құраны және жіберген пайғамбары (с.ғ.с) сүннетімен жүру болып табылады. Адалдық – қоршаған ортадағы тіршілік иесіне титтей де зиянын тигізбеу, себебі қоршаған ортадағы тіршілік атаулысы ол – Алланың жаратқан жаратылысы.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтады: «Мен өлгенде, менің денем шірімейді, бірақ аяғымның бір башпайының ұшы ғана шіруі мүмкін, себебі бала кезімде бір мысықты теуіп қалған едім» деген екен. Мәшһүр Жүсіп адалдықтың ең шыңына жетіп, әулиелік  деңгейіне жеткен адам, әулие адамдардың денесі шірімейді. Яғни, мысық  Алланың жаратқан жаратылысы, оған адам баласы орынсыз титтей де зиян келтіруді Алланың дініндегі шариғат бұны құптамайды, яғни ол күнә болып жазылады. Сонымен қатар, Алланың жаратылысы болып келетін адаммен адамның арасындағы қарым- қатынасында адал болу. Адаммен адам арасында адалдық қарым-қатынас тек  Алланың шариғатының шеңберінде жүзеге асқанда ғана,  ол қарым- қатынасты адал болды деуге болады.

Адал ас – бұл мұсылманның тағам тұтынудағы басты қағидаларының бірі және адалынан ас жеу шариғат талаптарынан болып келеді. Алла Тағала Құранда айтады:  «Ей, иман келтіргендер, менің сендерге берген ризықтарымның ішіндегі жақсысын жеңдер және Аллаға шүкір етіңдер, егер оған құлшылық ететін болсаңдар!», – дейді. Міне, осы аятта, Алла Тағала адам баласына берген ризықтарының ішіндегі тазасын жеңдер деп бұйырып тұр. Алланың адамдарға көл-көсір етіп берген ризықтарын адалынан жеу немесе адалдандырып жеу – бұл ұрпақтың сапалы болуының бір кепілі. Бірақ, кейбір адамдар бар, адал асқа ғана қатты мән беріп, қоршаған ортадағы Алланың жаратқан жаратылысына, тіршілік иесіне адалдық танытпауы және адаммен адам арасындағы мәміледе де адалдық танытпай жатады, бұның бәрі адалдық тек адал ас жеуде ғана емес екендігін түсінуге болады,  яғни адал ас жеу, ол Аллаға деген адалдықтың бір міндеті  ғана. Адалдық – адал аспен ғана өлшенбейтінін баса айта кетуге болады. Ал, Аллаға деген адалдық жоғарыда келтіргендей Алланың бұйрықтарына бойұсыну мен Алла Елшісі  (с.ғ.с.) -ды  ата- анамыздан да жоғары жақсы көру бұл – адалдық.

Close Menu