Ислам дініндегі кәсіп жасау, табыс табу әдептері

Ислам дініндегі кәсіп жасау, табыс табу әдептері

Алла тағала Құран кәрімде: «Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер» дейді )Жұма сүресі, 10-аят(. Бұл аятта Жаратқан Иеміз адам баласына «алма піс, ауызыма түс» деп қарап отырмай, әрекет жасап, тіршілік етуге шақырады. Жаратушы иеміз әр адам баласына анасының құрсағында жатқанда ризық-несібесін жазып қойған. Және сол несібеге жету жолын адам баласының өз еркіне, тіршілігіне қалдырып, тамағымызды тек адал жолмен табуымызды әмір етті. Бірақ, біз сол несібеге кәсіп арқылы жетеміз. Ал, ол кәсіп жолын не халал, не харам етіп таңдау еркіміз бар. Харам жолмен жүрген адамға ақыретте ауыр азап, халал жолмен жеткен адамға мол сауап беріледі.

Сауда-саттықпен айналысатын жандар үшін ең бастысы – сататын заты мен тапқан пайдасының адал жолдан болуында. Арғы дүниеде жасаған амалдарымен есепке тартылатынына сенетін әрбір мұсылман, бір үзім нанның өзін тек адал жолмен тауып, харамнан алыс болғаны дұрыс. Өсім және пайыз жолымен ақша табу, құмар ойындары, алдап-арбау арқылы ақша жинау, адамға зиян келтіретін сауда мұсылманшылыққа жат нәрсе.

Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге ерекше көңіл бөлуі тиіс. Өйткені, адал етілмеген жолмен нан табу, жоғарыда айтқанымыздай ақыреттегі жазасы ауыр. Ол кәсібімізге ғана зиянын тигізіп қоймайды. Бүкіл құлшылығымызға және өмірімізге апат болып келеді. Өйткені, кеңірдектен өткен әрбір адал, мейлі арам ас болсын ішіп жегеніміздің барлығы бойымызға сіңеді. Алдымен астан бөлінетін әрбір керекті болған витамин, калория сынды дүниелер астан бөлініп, етімізге сіңеді. Етімізден қанымызға сіңеді. Ал қанымыз бүкіл денемізден жүрек қан тамырлары арқылы айналымға түседі. Осы жерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан мына бір хадисін ескере кеткен жөн.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) :«Адамда бір жұмыр ет бар, ол бұзылса бүкіл дене бұзылады, түзелсе бүкіл дене түзеледі. Біліп қойыңдар, ол – жүрек!» деп жанындағы сахабаларына жүрек тұсын ишарат етіп көрсетеді. Осылайша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүректің тазалығы біз үшін аса маңызды екендігін ескере кетті.

Алла тағала Құран Кәрімде: «Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Соңыра оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың» )«Нәжм» сүресі, 39-42 аят(. Бұл аятта адам баласы өмірде адалдық жолында ерен еңбек етуімен үлкен табысқа қол жеткізіп, Алла Тағаланың берген нығметіне бөленетінін атап көрсетуде. Яғни, әрбір еңбектің адал, дұрыс болуына мән беруге шақырып, соңғы барар жерің Раббыңның құзыры деп ескертуде.

«Ерте тұрып, іске кіріскендердің  берекет бер» деп дұға етіп таңертең ерте тұрып, әр мұсылман өзінің кәсібіне Алладан берекетін сұрап кірісудің артықшылығын ұғынған дана қазағым «ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген мақал қалдырды. Демек, ісіміздің берекеті мен ырыстың мол болуы – сол күнгі ниетіміздің ақтығы мен ерте тұрып бастауымызда.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеңестерін осы негізде қолдана отырып, ата-бабаларымыз бастан кешкен жақсы үлгілерді табуға болады. Мысалы, «Әр істің басы «Бисмилла», «Әркет – бізден, берекет – Алладан» деп, таң намазын оқығаннан кейін кәсібі мен қызметіне, сауда-саттығы мен шаруашылығымен айналысқан.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) баршамыздың сауда-саттықпен айналыса алатынымызды және ризықтың оннан тоғызы саудада болғанын айтқан. Осы сынды оның кәсіпке еңбек етуге деген көптеген хадистерін тілге тиек етсек көп болмайды, әрине.

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.):«Адал кәсіп табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз» деген. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кәсіптің ең қайырлысы – ықыласпен еңбек еткен жұмысшының қол еңбегі» деген. Осы орайда пайғамбарлардыңда еңбек етіп кәсіп жасағандығын айта кеткенді жөн көріп отырмын.

Алла Тағаланың жіберген пайғамбарларының ішінде Дәуіт те (р.а.) өз адал еңбегінің жемісін жеген. Дәуіт (р.а.) пайғамбардың еңбекқорлығы өзгелерге өнеге, ол тек пайғамбар емес, ел басқарған патша болған. Құртубидің тәпсірінде Дәуіт пайғамбардың темір ұсталығын игеруіне себеп болған жайтты айтады: Дәуіт пайғамбардың бойындағы қасиеттердің бірі ол патшалық киімін шешіп, қарапайым күйде халық арасына шығып, жұрттан: «Дәуіт деген қандай кісі?» деп сұрайтын.

Бір жолы Жәбірейіл періште жас жігіттің бейнесінде онымен жүздеседі. Дәуіт пайғамбар: Әй, жігітім! Дәуіт жайында не дейсің? – деп сұрайды. Жігіт бейнесіндегі Жәбрейіл періште: Дәуіт жақсы адам. Бірақ оның бір кемшілігі бар, – деп уәж айтады. Дәуіт пайғамбар аң-таң болып: Ол қандай кемшілік екен? деп сұрайды. Жігіт: Ол күн көріс ақысын мемлекеттің қазынасынан алады. Ал, адамдардың  ең қайырлысы күн көрісін өз еңбегімен тапқан адам, – дейді. Жігіттің сынын естіген Дәуіт пайғамбар ағыл-тегіл жылап, былай дұға етеді: «Уа,Алла! Маған қазынаға мұқтаж етпейтіндей бір нәпақа табу жолын үйрет» деп жалбарынады. Алла Тағала дұғасын қабыл алып, Дәуіт пайғамбарға сауыт жасауды үйретеді. Ол темірді жұмсартып, қамырдай илейтін болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Өз қол еңбегіңмен тауып жеген тамақ тәтті болады. Ондай дәмді тамақты басқа ешқандай жерден таппайсың. Дәуіт пайғамбар тамағын өз маңдай терімен тауып жейтін еді», – деп маңдай термен тапқан малдың адал болатындығын айтқан.

Сол секілді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бала кезінде ең алғаш айналысқан жұмысы қой бағу болатын. Жалпы, көптеген пайғамбарлардың алғашқы кәсібі мал бағу болған. Бұл жұмысты сегіз жастан бастады. Содан соң он екі жасқа жеткенде көкесі Әбутәліпке көмектесіп, сауда сапарларына шықты. Яғни Пайғамбарымыздың өмірінен оның еңбекқор болғанын білеміз.

 

Алла Елшісі (с.ғ.с.) жанұя үшін нәпақат табу жайында: «Сауап тұрғысынан ең ұлы амалдардың біріжанұясына нәпақа табу» деген. Пайғамбарымыз бізге отбасын құрғаннан соң оны асырау отағасының мойнындағы басты міндеті екендігінде өсиет еткен.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) Сағд ибн Муазды (р.а.)  жолдан кездестіріп, екеуі қол алысып амандасқанда, сахабаның қолы тілімденіп, күстеніп кеткенін байқайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) себебін сұрағанда, Сағд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген.

«Еңбек түбі өнбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, бабаларымыз айтқандай еңбек етіп, табысты болатын болсақ отбасында да, ағайын туыс ортасында да сыйымыздың  жоғары болатындығы біз үшін айдан анық. Жоғарыда айтылған Сағд ибн Муаздың оқиғасы секілді. Тіптен Алланың алдында да ұнамды амалдардан екендігіне дәлел болып отыр.

Хазіреті Омар (р.а.): «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр!» деп ризығын іздеместен отырмасын» деген.

Бұл тұрғыда Лұқман хәкімде  ұлына былай деп өсиет еткен екен: «Ұлым, адал кәсіп етіп, өзіңді жоқшылықтан сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:

Біріншіден, дінін әлсіретеді. Яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниетке жетелейді.

Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.

Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».

Қорыта айтқанда сауданың негізі – адалдық, туралық, сенімділік, шынайылық. Демек, саудагерлерге қойылатын талап – адалдық. Таразыға тартқанда тең тартпып, абзалы  адалынан бергені. Алушыны алдағымен, бүкіл әлемнің жаратушысы Алла Тағаланы ешкім алдай алмайды.

Ислам шариғаты біздерге сауда жасау барысында осындай ережелерді орындауымызды талап етті. Сондықтан, Аллаға және ақырет күніне иман еткен әрбір мұсылман саудагер жоғарыда айтып өткен ережелерді орындайтын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Нәпсіміз азғырып, шайтанның алдауына түсіп, бес күндік пайда үшін ақыретті ұмытып жататын жандарды   Алла тағала сол пенделерін  кешіріп, жүректеріне иман байлығын берсін деп тілеймін.Алла тағала адал сауда саттық жасауды және адал табыс табуды нәсіп етсін. Әумин!

Close Menu