Дәуіттің (а.с.) пайғамбарлығы

Дәуіттің (а.с.) пайғамбарлығы

Адамзат қоғамына пайғамбарлардың жіберілуінің астарында аса үлкен мән-мағына, ерекше хикмет бар. Яғни, белгілі бір қоғамдық орта азғындық пен зұлымдыққа белшесінен батқан тұста Алла Тағала тарапынан елшілер  пайғамбарлар жіберіліп отырған. Егер олар келмесе, не болар еді? Әлемнің жаратылуынан бастап, ақыреттегі жауапкершілікті, өлімнен соң да өмір барекендігін, мейірім иесі Раббымыздың берген сыйларына қалай шүкір ету керектігін, Алла Тағаланың қандай сипаттары барын ақылмен ойлап біле алмас едік.

Пайғамбарларға сену – Ислам дініндегі алты иман шарттың бірі. Бұл сенімнің адамға берері мол. Әрбір мұсылман баласы пайғамбарлардың ешбірін бір-бірінен бөле жармай, бәрін тегіс мойындауды өзіне міндет деп қабылдайды. Бүгінгі күні бізге жеткен мәліметтерде адамзатқа жіберілген жүз жиырма төрт мың немесе екі жүз жиырма төрт мың пайғамбар бар екені. Алайда  әрбірінің деректері сақталмаған. Бізге мәлімі Құран Кәрімде аттары аталған пайғамбарлардың ғана өмір тарихы. Соның біріне тоқтала кетейік.

Әр қауымға түскен пайғамбардың әрқайсының өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Өйткені, Алла Тағала оларға тән қасиеттер мен мұғжизалар берген. Өзі патша бола тұра, қарапайымдылық қасиетке ие болған, ерекше үнімен ерекшеленген, пайғамбар хазіреті Жақыптың ұлы, Яһуданың ұрпағы, Исрайыл ұрпағына жіберілген, ол әрине Дәуіт (а.с.) патшалық пен пайғамбарлықты алғаш қатар ұстаған Дәуіт (а.с.) Құранның он алты жерінде кездеседі.

Дәуіттің (а.с.) тұсында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнап, Исрайылұлдары бейбіт, берекелі өмір сүреді. Дәуіттің пайғамбарлығы тұсында оған қасиетті Забур атты  кітап түсті.

Хазірет Дәуіттің өзі хазірет Мұсаның шариғатымен амал еткен. Дәуіт пайғамбар аса тақуа, әр қадамын Алланың разылығы үшін басатын Алланың салихалы құлы еді. Ол күн ара ораза ұстайтын. Түннің бір уағында сәждеге бас қойып, Хақ тағалаға көп құлшылық жасайтын. Ол туралы қасиетті Құран Кәрімнің  Сад сүресінің 17 аятында былай делінеді: Мықты құлымыз Дәуітті есіңе ал! Өйткені ол өте бойсұнушы,– деп, оның Алла Тағаланың құзырында рухы қаншалықты биік құл екендігі айтылады. Жаратушы Раббымыз  оған көптеген мұғжизалар берген. Атап айтатын болсақ,  ол сөзге өте шешен еді. Бір нәрсені түсіндіре қалса, тыңдағандар тегіс қанағаттанатын. Сондай-ақ, оған ғажайып, биязы дауыс берілген. Ол Забурды оқыған кезде, дауысын естіген жан еріксіз тәнті болатын. Темірден түйін түйетін ұста еді. Осы өнеріне сүйеніп, әр түрлі құралдар жасау арқылы, өзіне және отбасына нәпақа табатын. Өзі патша болса да, ешқашан мемлекет қазынасын жеке басының шаруасы үшін жұмсамайтын. Бірақ темірді балқытпай-ақ қамырдай илеп қалаған қалпына келтіретін. Бұл ғажайыптың барлығы оған берілген мұғжиза еді.  Міне, осылай өте әділ қарапайым патша болған Дәуіт (а.с) қырық жыл таққа отырып дүниеден өтті.

Сөзімізді қорытындылай келе, қайсыбір пайғамбарды алсақ та илаһи әмірлерді әуелі өздері қалтқысыз орындап, сосын өзгелерге жеткізген болмысы бөлек жандар, Алла Тағаланың таңдаулы һәм сүйікті құлдары бола білген, пайғамбарлардың салған сара жолдарымен жүріп, нағыз парасатты, салиқалы, шынайы өмір салтын үйрену біздің міндетіміз болмақ.

Марал Еркеғалиқызы,

теолог

Close Menu