Ораза – бес парыздың бірі

Ораза – бес парыздың бірі

Ораза ұғымы араб тілінде «ас-соум» деп аталып, өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу деген мағыналарды білдіреді.Мысал ретінде бұған Құран Кәрімдегі: «Ей, Мариям! Расында, Мен Рахман үшін ораза ұстауға серт бердім, бүгін мүлде ешбір адаммен сөйлеспеймін, – де»[1], – деп айтылған аятты келтіругеболады. Мұндағы Мариямға ұсталуы бұйырылған ораза ешбір кісімен сөйлеспеу оразасы, яғни сөзден тыйылуы еді.

Ислам шариғатында ораза ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен мұсылманның шын ниетпен таң атқаннан күн батқанға дейін өзін-өзі ішіп-жеуден және жыныстық құмарлықтан тыюды білдіреді. Жаратушы бұйырған бұл құлшылық түрінің астарына зер салатын болсақ, пенде үшін пайдасы мен артықшылықтары құлан теңіз.

Ораза дегеніміз, алдымен Алла Тағалаға жаратқан құлының бойсұнуы болып табылады. Ол мұсылманның бойына бұйрықты орындатып, тыйымнан қайтаратын тақуалықты дарытады. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер, алдарыңда өткен қауымдарға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боласыңдар»[2], – делінеді.

Оразаның мұсылманға берер сауабы шексіз. Алла Тағала ораза ұстаушы мұсылман құлдарын тозақ азабынан құтқарып, жәннатқа «Раййан» атты арнайы есіктен кіргізеді. Сәһіл (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Расында, жәннатта «Раййан» деп аталатын есік бар. Ораза ұстаушылар қиямет күні сол есіктен кіреді. Бұлардан басқа ешкім ол есіктен кірмейді. «Ораза ұстағандар қайда?», – деп шақырылғанда олар орындарынан тұрады да оларданбасқа ешкім одан кірмейді. Олар кіріп болған сәтте есік жабылып, басқа ешкімодан кіре алмайды»[3], – деп айтқанын жеткізген.

Ораза – мұсылманға өнегелі мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оның көмегімен мұсылман өз бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады. Ауыз бекіту мен ауыз ашу белгілі уақытқа бағынады, сол арқылы мұсылманға жүйелілік пен тәртіпті үйретеді. Әр жылдың Рамазан айында әр мұсылман әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың бір жүйені ұстанатынын, олардың бір дене екенін сезеді.

Ораза мұсылманның ағзаларындағы артық және улы нәрселерді қуып шығарып, жаңартады және асқазанына демалыс береді. Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!»[4], – деп айтқанын жеткізген.

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Ораза дегеніміз – қалқан. Ораза ұстаушы жаман сөз айтпасын және білместік жасамасын. Егер бір кісі оған төбелес ашса немесе тіл тигізсе, екі мәрте: «Мен– ораза едім», – десін! Жанымның иесі Алламен ант етемін! Ораза ұстаушыныңауыз иісі, Алланың қасында, жұпар иісінен де жақсырақ. Ол Мен үшін тамағында сусынын да құмарлығын да тастады. Ораза – Мен үшін, сондай-ақ оразаның сыйын беруші де – Мен. Бір жақсылық өз секілді жақсылықтармен он еселенеді»[5].

Сонымен қатар, ауыз бекіту құлшылығы айлардың сұлтаны рамазан айында атқарылады. Алла Тағаланың құлдарына деген рақымының басқа айларға нәсіп болмаған ерекше көріністері мен кеңшіліктері орындалады. Бұл кеңшіліктер құлдың Раббысына деген махаббаты мен қастерлеуін ұлғайтып, күнәлары үшін ұялуына, кешірім сұрап, тәубесін жаңартуына орасан септігін тигізеді.

Тәубеге келуімен жүректер нұрға бөленіп, Құран оқуға арналады, намаздарына ұқыпты болып, рухани дүниесі жанданады. Нәтижесінде, бұл айдан нәпсісін жеңген, күнәлары кешірілген күйде шығады. Сөйтіп, тозақтан азат етілген құлдардың қатарына түсуі тіленеді. Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінен (с.ғ.с.) жеткізген хадисте: «Рамазан кірген кезде жәннат есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады.Сондай-ақ шайтандар кісенделеді»[6], – делінеді.

Рамазан айының тағы бір ұлы ерекшелігі оның соңғы он түндерінің ішінде мың айдан артық тұратын Қадір түні бар. Қай тұрғыдан алсақ та Қадір түніне теңесе алатын ешбір түн жоқ. Егер де мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадат болса, оның сауабы бір ғана Қадір түні атқарылатын ғибадаттың сауабына жете алмайды. Осындай ұлы құлшылықтан жүрегіміз бейқам болмас үшін, Алла Тағала Құран Кәрімде:«Қадір түні мың айдан да артық!», – деп қызықтырады.

Убаада ибн ас-Самит (р.а.)Алла елшісінен (с.ғ.с.)жеткізген хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) бізге Қадір түнін білдіру үшін шыққан кезде мұсылмандардан екікісі дауласып қалған еді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерге Қадір түнін білдіру үшіншыққан едім, дәл сол сәтте пәленше мен пәленше дауласып, оған қатыстыбілімім қайта көтеріліп кетті. Мүмкін, бұл сендер үшін хайырлы да шығар. Оны29, 27, 25 түндерде іздеңдер!»[7], – деген.

Негізінде, Рамазан айының бір ғана Қадір түнін емес, барлық түндерін, әсіресе соңғы он түні ішіндегі тақ түндерді намаз, Құран оқу, истиғфар айтып, дұға тілеу құлшылықтарымен өткізген – мустахаб.

Қадір түні жасалатын дұға жайында Абдулла ибн Буройда Айша анамыздан: «Ей, Алланың елшісі егерде Қадір түніне кезіге қалсам, қандай дұға тілейін, не айтасыз?», – деді. Пайғамбар: «Аллаһым, расында, Сен ғапу етушісің және ғапу етуді жақсы көресің. Мені ғапу ете гөрші» – деп айтасың», – дегенін жеткізген[8].

Құрметті мұсылман бауырлар! Жаратушы ие есепсіз ерекшелік пен артықшылықтарға ие Рамазан айында ұстаған оразамызды өз дәрежесінде қабыл етсін. Ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың «Раййан» атты есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

 

М.Мұстафаев.,

исламтанушы

[1]Мариям сүресі, 26-аят

[2]Бақара сүресі, 183-аят

[3]Сахих Бұхари, 3/25

[4]Алауддинәл-БурханФаури, 8/450

[5]Сахих Бұхари, 3/24

[6]Сахих Бұхари, 2/758

[7]Сахих Бұхари, 3/47

[8]Сунан ибн Мажа, 2/1265

Close Menu