Мұсылманның қажеті – қажет намазда

Мұсылманның қажеті – қажет намазда

Адам баласы жаратылған уақыттан бері өзіне қатысты қажеттілікті Жаратушыдан сұрап келеді. Бұл Адам (а.с.) заманынан бүгінгі күнге дейінгі үзілмеген заңдылық десек те болады. Ислам діні Алла Тағала тарапынан түскен ең көркем әрі соңғы дін болғандықтан, өзіне дейінгі қасиетті кітаптарды толықтырды. Парыздан бөлек нәпіл ғибадаттар, дұға, зікірлер арқылы бізді жаратушы Алла Тағалаға жақындатып, қажеттілігімізді, қос дүниеміз үшін қайырлы нығметтерді сұрау мүмкіндігін берді. Бұл жайында Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اسْتَعِينُوا بِالصَّبْرِ وَالصَّلَاةِ

«Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер» – деп баяндайды.

Расында, намаз – Алла Тағаланың және оның соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) жақсы көрген ғибадаты болып табылады. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) намаз – менің көзімнің нұры, діннің ұстыны, тіреушісі деп атаған. Сонымен қатар, Құранда да намаз оқуға қатысты көптеген аяттар бар.

Жоғарыда айтқанымыздай, парыз амалдардан бөлек Исламда көптеген нәпіл ғибадаттар бар. Соның бірі намаз ғибадаты деп алатын болсақ, парыз намаздардан бөлек, «тахиятул-мәсжид (сәлем намазы)», «дәрет және ғұсылдан кейін оқылатын намаз», «духа намазы», «тәуба немесе әууәбин намазы», «тәһәжжүд намазы», «сапар намазы», «тәсбих намазы» «истихара намазы», «Рағайып, Миғраж, Бәрат және Қадыр түнінде оқылатын намаздар» және «қажет намазы» деген қосымша оқылатын намаздар да бар. Біз бүгінгі тақырыбымызда «қажет намазы» туралы сөз қозғамақпыз. 

Қажет намазы деп, өзінің де аты айтып тұрғандай, бір нәрсені қажет етіп тұрғанда, бір нәрсеге мұқтаж болып тұрғанда намаз оқып, Жаратушыдан алақан жайып сұрауды айтамыз. Адамның Алла Тағаладан кеңшілік пен ризық несібенің көбеюін, таршылық пен машақаттан құтылуды немесе арман-тілегінің орындалуын тілеп оқитын арнайы намаз түрі. Кейде мұсылманның басқа бір адамға күні түсіп яки болмаса Раббысынан тікелей сұрайтын бір мұқтаждығы болғанда сол арман-тілегінің орындалып, ісінің жүзеге асуы үшін Алла Тағалаға бет бұрып, қажет намазын оқиды.

Мұның үкімі – мұстахаб, яғни ұнамды, жақсы амал. Қажет намазын оқу – Имам Тирмизидің хадистер жинағында келтірілген мына риуаятқа сүйенеді: «Кімде-кімнің Алладан немесе адамдардан сұрары болса, шарттарына сай жақсылап дәрет алсын, сосын Аллаға мадақ-мақтау, Елшісіне (с.а.с.) салауат айтып, мына дұғаны оқысын: «Ләә иләһә иллал-лаһул-халимул-кәрим. Субхан-Аллаһи Раббил-’аршил-’азыим. Әл-хәмду лилләһи раббил-’аламин. Әсәлукә мужибаати рахматика уә азаимә мағфиратикә уәл-ғанимәтә мин кули биррин уәс-сәләәматә мин кулли исмин ләә тәда’ ли зәнбән иллә ғафәртәһ уә ләә һәммән иллә фәррәжтәһ, уә ләә хәәжәтән һиә ләкә ридан иллә қадайтәһә иәә әр-рахамәр-рәхимиин».

Қазақша мағынасы: «Халим (биязы) әрі Жомарт Алладан басқа құдай жоқ. Ұлы Арштың Раббы Алла барлық кемшіліктерден пәк. Хамд пен мадақ әлемдердің Раббы Аллаға ғана тән. Уа Аллаһым! Рақымдылығың қажет еттірген нәрселеріңді, ап-анық кешіріміңді, әрбір жақсылыққа жеткізуіңді, әрбір күнәдан алыстатуыңды сенен тілеймін. Күнәларымды кешір! Қайғы-мұңымнан арылт! Ризалығыңа лайық қажеттілігімді бер. Ей, рақымдылардың Рақымдысы, Алла!» – дегенді білдіреді.

Қажет намазды Әбу Ханифа мазхабының ғұламалары төрт рәкағат деп белгілеген. Сонымен қатар, бұл намазды ғалымдарымыз құптан намазынан кейін оқылғанын жөн санайды. Алайда, бұл – міндетті түрде сол уақытта оқылсын деген сөз емес. Нәпіл намаздарды оқуға рұқсат етілген кез-келген уақытта оқыла береді. Екі ракағат немесе төрт ракағат яки он екі ракағат етіп оқуға болады. Бірақ ғалымдардың көпшілігінің тоқтамы бойынша, қажет намазы – екі ракағат. Бұған жоғарыдағы хадис дәлел. Дегенмен, кейбір айтылған риуаяттарға сүйене отырып оның төрт ракағат екендігі немесе он екі ракағат екендігі де айтылған. Төрт рәкәғат қылып оқылған жағдайда «Фатихадан» кейін 1-рәкәғатта үш рет «Аятул-Күрси», 2-рәкәғатта «Ықылас», 3-рәкәғатта «Фәләқ», 4-рәкәғатта «Нәс» сүрелері оқылады. Намаз біткеннен кейін жоғарыда жазған дұғаны оқып, Алладан қалағанын сұрайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адам баласының қажеттілігіне орай намаз оқу мен одан кейін өз мұқтаждығын сұрау туралы өз сахабаларына да үйретіп кеткен. Соның бірі Осман ибн Хунәйфтен (р.а.) жеткізілген риуаятта бір зағип кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп:

– Менің көзімді жазу үшін Аллаға дұға қыл дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): қаласаң дұға қыламын, қаласаң сабыр қыл, сен үшін сол қайырлы», – дейді. Әлгі кісі: «дұға қыл», – деп сұрайды. Расулалла (с.ғ.с.) оған жақсылап дәрет алуды, сосын мынадай дұға айтуды бұйырды. «Ия, Алла! Мен Саған Пайғамбарың Мұхаммедпен, мейірімділік пайғамбарымен қайырылып тұрмын! (Уа, Мұхаммед!) Мен Сен арқылы Раббымнан осы қажетімнің өтелуін сұрап тұрмын. Ия, Алла! Оны (Мұхаммедті (с.а.с.) маған шапағатшы ете гөр!».

Кейіннен сол соқыр кісінің көзі жазылғандығын айтқан.

Сондай-ақ, Ибн Аббастан (р.а.) жеткізілген хадисте Расулалла (с.ғ.с.) былай деген: «Маған Жебірейіл (а.с.) біраз дұғалар әкелді. Ол: «Егер сенің басыңа бір дүниелік іс түссе, ол қажетіңді былай деп сұра: «Уа, аспандар мен жерді Көркем Жаратушы! Уа, Ұлылық пен Аса Жомарттықтың Иесі! Уа, дауыстап шақырушыларға Үн Қатушы! Уа, құтқару тілегендерді Құтқарушы! Уа, жамандықты Кетіруші! Уа, рахымдылардың Рахымдысы! Уа, тығырыққа тірелгендердің тілегін Қабыл алушы! Уа, әлемдердіц Иесі! Қажетімді Сен арқылы түсіремін. Сен оны жақсы білесің, оны өтей гөр!» – деп айтты.

Қажет намазының құны, өтімділігі мен құдіреттілігіне қармастан, бұл намаз жайлы көпшілігіміз біле бермейміз, көбіміз оқымаймыз. Жаратушыдан қалағанымызды сұрап, қол жеткізе алатын мүмкіндік тұрғанда өзіміздің шектеулі мүмкіншілігімізге сену қалып жатамыз. Әсіресе бүгінгідей әлемді аты жаман індет – пандемия жайлап тұрған бір уақытта осы бір қайырлы амалды атқарып, елімізге, жерімізге, отанымызға, отбасымызға және жалпы мұсылман үмбеті мен адам баласының игілігіне қайырлы дұға жасауды ұмытпайық ағайын. Осы уақытқа дейін сұрамаған қайырлы нығметтерді нәсіп еткен мейірімі кең Алла Тағала сұрағанымызды да береріне сенейік!

 

М.Мұстафаев,

исламтанушы

Close Menu