Ақ неке – адал ұрпақ, қайырлы қоғам кепілі

Ақ неке – адал ұрпақ, қайырлы қоғам кепілі

Дана халқымыздан сөз артылған ба? Жалғыз жүрген жанды көргенде «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» – деп Алла Тағаланың жалғыз екенін еске салып, пенде атаулыға үйлену, отбасын құрудың қажеттілігін бір ғана сөзбен жеткізіп кеткен. Бұл сөздің төркіні қасиетті Құран Кәрімде жатыр десек қателеспейміз. Алла Тағала Құранның «Нәбә» сүресінің 8-аятында:

أَزْوَاجًا وَخَلَقْنَاكُمْ

«Біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық» – дейді. Алланың ақ некесімен жарасымды жанұя құру – адам баласының табиғи қажеттілігі. Сонымен қатар қоғам бақытының кілті. Демек, бақытты қоғамның кілті бақытты жанұяның қолында. Сол қоғам бақытын баянды етіп, өмір сүріп жатқан ортамыздың дұрыс дамуы үшін соған сай тиісті шартты қалыптастыру діни әрі дүниелік тұрғыдан да өте маңызды іс болып табылады.

Кез келген мемлекетте өз мәдениеті, дәстүр-салтына, ерекшеліктеріне сай бекітілген отбасы құқықтары бар. Сол секілді Ислам діні де бұл мәселені ұмыт қалдырған жоқ. Керісінше, отбасы ұғымы, жанұя жарасымына ерекше мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады. Шаңырақ құру және сақтаудың заңдылықтары мен адам құқықтары жайлы сөз қозғау мүмкін емес сонау ерте заманның өзінде-ақ бекітіп берген. Ата-бабамыз да өзінің салт-дәстүрінде неке ұғымын Ислам дінінің шеңберінде қалыптастырып, соған сай ұстанымдарын бекіткен. Қазақ халқы ақ некені қадірлеп, қастер тұтқан.

Отбасы кішігірім мемлекет болғандықтан оның іргесін қалар кезде, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан отбасын құрудың ең алғашқы қадамы ақ некеден басталады. Неке арабтың «никаһ» сөзінен тілімізге еніп, «жинау, қосу» деген мағынаны білдірсе, діни термин ретінде шариғат қағидалары мен шарттарына сай үйлену дегенді білдіреді. Ислам дінінде неке адал саналып, некесіз ер мен әйелдің бірге болуы арам етілген. Себебі, дініміз неке арқылы пәк ұрпақ өсіруді көздеп, қоғамдағы адалдықтың босағадан, бесіктен басталуын мұрат еткен.

Бір Аллаға иман келтірген мұсылман үмбетінің бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды әйел. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жеткен хадисте: «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі –  ізгі әйел»,- деген. Қазақ халқында осы хадиске сай «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» – деген нақыл да бар.

Әйел – ер азаматтың үй бикесі, өмірлік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Және Алла берген нығметтерінің ішіндегі ең үлкені де – осы иманды әйел.

Ал енді ақ некемен отбасын құруды міндет еткендегі хикметі неде? Әрине, әлсіз жаратылған адам баласының жан тыныштығын табуы мен зинаға жоламауда. Бұл туралы Құранның «Исра» сүресі 32-аятында:

وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا

«Зинаға жоламаңдар!» – дейді. Неге зинаға жоламау керектігі жайлы осы аяттың жалғасында Алла Тағала:

إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا

 

«Өйткені, Ол – анық арсыздық және жаман жол» – дейді.

Зина атаулының зардаптарын тізіп айтар болсақ өте көп. Ал, олардың ішінде жеке адамзатқа ғана емес, қоғамға да тигізер зардаптары баршылық. Мысалы, сол зардаптардың бірнешеуін атап өтсек, отбасылардың шаңырағы шайқалып, ажырасып, балалар жетім, әйелдер жесір болып қалуы, жасанды түсік жасату белең алады. Яғни шарананы жарық дүниеге келтірмей өлтіру,  қызтекелердің (көгілдір) көбеюіне себеп, қоғам бұзылып, азғындалған соң, Алланың азабына ұшырайтын болады, жыныстық ауруларға шалдығу сияқты кесір, кесапаттар көбейеді.

Олардың емделуге келетіні де, келмейтіні де бар. Байһақи риуаят еткен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисі: «Жаман әйелдер көбейіп, қоғамда зина етек алса, халық бұрын-соңды көрмеген жұқпалы ауруларға ұшырайды» – ақиқатқа айналғандай.

Ислам діні бұйырғандай, қазақ халқы да тектілікке қатты көңіл бөлген. Тектілік дүниесімен, дәулетті ата-тегімен мақтану емес. Керісінше, адал өмір сүру – міне, сол тектіліктің белгісі. Ал, зинадан пайда болған, арамнан көз ашпаған пенденің тектілік деген қасиетті ұғымнан алыс жататыны анық.

Сондықтан жар таңдауда дініміз әйел затының берік иманы, мінезінің көркемдігіне назар аударуды өсиет етеді. Өйткені, Алладан қорыққан азамат әйелді Алланың аманаты деп біліп, қиянат жасаудан сақтанады. Сондай-ақ өзі де осындай қасиетке ие жігіт отбасын асырау, ерлі-зайыптылық хақтарын орындау, балаларын тәрбиелеу, намысты қорғау, үйді қажетті нәрселермен қамтамасыз етудегі міндеттерін толық орындап, құлшылығына көмектеседі.

Сынақ дүниеде кездесетін қиыншылықтар мен қуанышқа ерлі-зайыпты жұп бір бүтін дене болып бірігу арқылы еңсеру керек. Әйел мен ер адам киім секілді бір-біріне көрік берумен қатар, отбасы ошақ қасындағы сырлы сұқбаттарын да сыртқа тасымаулары керек. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ

 «Әйелдер (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім секілді, сендер де олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер» – деп баяндалады.

Міне, Алла Тағала осы аяттар арқылы бақытты отбасы болудың сырын ашқандай. Ендеше біз де Алла Тағала бұйырған һәм разылығына бөленген бақытты отбасылардың бірі болайық!

 

М.Мұстафаев.,

исламтанушы

Close Menu