Садақа жамандықтың алдын алады, ризықты көбейтеді

Садақа жамандықтың алдын алады, ризықты көбейтеді

«Садақа» сөзі – араб тілінде шыншылдық, шынайылық, адалдық деген секілді мағыналарды білдіретін сөз. Садақа жайлы Қасиетті Құранда және пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерде көп айтылған. Бұл дініміздің қайырымдылыққа ерекше көңіл бөлетінінің дәлелі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Шүбәсіз садақа беруші ерлер мен садақа беруші әйелдер, сондай-ақ Аллаға көркем борыш бергендер (тиісті орынға мал сарып қылғандар), оларға неше есе арттырады әрі олар үшін көркем сыйлық бар»[1].

Бұл аятта мал-мүліктерін мұқтаж жандарға, пақырлар мен міскіндерге сарып қылған садақа беруші ер мен әйелдер турасында хабар берілген. «Аллаға көркем борыш бергендер» сөзінің мағынасы – садақаны берушіден ешқандай қайтарым күтпей Алланың разылығын ғана ниет етушілер. Ал «Оларға неше есе арттырады» сөзінің мағынасы – жасаған жақсылығына дәл сол секілдінің он есе артуымен (хадистерде келгендей) сауаптар жазылады[2].

Келесі бір аятта: «Әй мүминдер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы»[3].

Жаратушы құлдарының тапқан табыстарынан садақа беруді бұйырып тұр. Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла Тағала тапқан мал-мүліктің ең тазасынан, адалынан беруді бұйырды. Әділетсіз, тыйым салынған жолмен игерілген табыстан садақа беруге тыйым салды. Өйткені Жаратушы тек адал, таза болған нәрсені жақсы көреді. Сол үшін өздерің жек көргенді Алла жолында жасамаңдар, сарып қылмаңдар. Себебі Жаратушы оған мұқтаж емес»[4].

Қасиетті Құранда айтылған садақаға қатысты болған мәліметтерді жинақтай келе, оны екі түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, зекет, пітір, пидия, кәффарат секілді уәжіп және парыз садақалар – кедей-кепшік, жоқ-жітіктің ақысы. Оны белгіленген топтардан басқаларға беру, жол және көпір салу, құдық және бұлақтан су шығару, мешіт және медресе көтеру секілді бүкілхалықтық игілік үшін пайдалану – дұрыс емес.

Зекет дегеніміз – нисап (зекет парыз ететін белгілі байлық мөлшері) көлеміне жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың разылығы үшін Құранда белгіленген адамдарға иелендіруі.

Пітір садақасы дегеніміз – күнделікті қолданылатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшеріндегі (85 г. алтын немесе құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіп садақа.

Пидия садақасы дегеніміз – Рамазан айында қарт адамдар немесе ораза ұстауға мүлдем шамасы келмейтін жандардың төлейтін садақасы.

Кәффарат садақасы дегеніміз – Алла атымен бір нәрсе үшін ант етіп, кейін осы антын бұзған адамға міндетті садақа. Ол он жоқ-жітіктің бір күндік азығын беру немесе он жоқ-жітікті орташа киіммен киіндіру[5].

Екіншісі, аталған садақа түрлерінен өзге жақсылықтар мен игі істер нәпіл (қосымша міндеттелмеген сауапты іс) садақасы болып табылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Барлық амалдар ниетке байланысты»[6] – деп хадисінде айтқанындай, кейбір жағдайда жақсы ниеттің өзі садақа ретінде қабыл алынғанын мына оқиғадан байқаймыз.

Ибн Мәндәнің (р.а.) риуаяты бойынша асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына садақаға берудің сауаптығын айтып, ол турасында түскен аяттарды оқып, қызықтырған сайын олар да бір-бірімен жарысып, шама-шарықтары жеткенше садақаға арнап әр нәрселерін әкеліп жатты.

Сахабалардан Утба ибну Зәйд (р.а.) садақа беруге құштар болғаны соншалық, Ұлы Жаратушыға өзінің кедей екендігін айтып жалбарынып, түн ортасында былай деп мұңын шақты: «Я, Алла, Ұлы Жаратушым! Менің садақа беретіндей түгім жоқ. Бірақ мен осы уақытқа дейін маған зорлық- зомбылық көрсеткендердің, әлімжеттік қылып, тісі батқандардың бәрін шын ықыласпен кештім. Осы ісімді менен садақа ретінде қабыл ала гөр! – деп жалбарынады.

Ертесіне таңертең Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан: «Кеше өзіне ақысы өткендердің бәрін кешірген кім?», – деп сұрады. «Мен», – деп орнынан түрегелген Утба ибн Зәйдке (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Садақаң қабыл болды», – деп сүйіншіледі.

Садақа берудің осы дүниедегі мынадай пайдаларын айтуға болады:

  1. Мал-дүниені тазартады;
  2. Күнәларды өшіреді: «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи);

«Садақа тәкәппарлықты жояды» (Тирмизи);

  1. Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи риуаяты);

«Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи);

  1. Мұқтаж жанды қуантады;
  2. Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді:

«Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа);

«Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады» (Муслим).

Садақа – ең алдымен адамды Аллаға жақындататын, Оған деген сенімінің, шүкіршілігінің шынайылығын дәлелдейтін іс. Олай болса бауырлар, садақамызды жасырын, сауаптан үміт еткен халде беруді нәсіп етсін! Себебі, жасырын садақа қиямет күні Алланың қаһарынан құтқарады.

 

М.Мұстафаев.,

исламтанушы

[1]Хадид сүресі, 18-аят

[2]Ибн Касир тәпсірі, 8 том, 22 б.

[3]Бақара сүресі, 267-аят

[4]Ибн Касир тәпсірі, 1 том, 297 б.

[5]Ислам ғылымхалы, 332 б.

[6]Бұхари, Бәдул уахи, №1

Close Menu