Адасқан Самуд еліне түскен сынақ ғибраты

Адасқан Самуд еліне түскен сынақ ғибраты

Әрбір жаратылыстың өзіндік жаратылу мақсаты бар десек, Алла Тағаланың адамзатқа пайғамбарларды жіберуінің де хикметтері бар. Құранда «(Мұхаммед) сенен бұрынғы барлық пайғамбарларды: «Күдіксіз, Менен басқа құдай жоқ. Маған ғана құлшылық қылыңдар» деген уахимен ғана жібердік», (Зарият сүресі, 51-56 аяттар) деген.

Адам баласы жаратылысынан әлсіз. Сондықтан да ол өзінен жоғары күшке мұқтаж. Пайғамбарлар өз қауымын бір Алла Тағалаға ғана бойұсынуға шақырса да, адамзат тылсым күшті «табиғат күштерінен», кейде өз қолдарымен жасаған пұттардан іздеуі қай уақытта да толастамады. Тарихтан өткен-кеткен қауымдар өздігінен Алла Тағалаға бойсұнғандығын көрмейміз. Тіпті бір пайғамбар міндетін аяқтап, дүниеден өтіп, екінші бір пайғамбарлар келетін уақыт аралығында тура жолдан адасып, қолдан (балшықтан) жасалған пұттар мен жансыз заттарға табынып кеткен қуымдар қаншама?

Хақ Тағала адамзаттың атасы Адамнан (ғ.с.) бастап, ақырзаман үмбетіне дейін әр дәуірде қоғамның қажеттілігі мен сана деңгейіне қарай пайғамбарлар жіберіп отырған. Өйткені, Алла Тағала адамзаттың жаратылысын жақсы біледі. Әрбір пайғамбар өз қауымында тек Хақты ғана дәріптеді. Негізгі пайғамбарлар адамдардың өмірімен әбден таныс болуы қажет. Тек сонда ғана хаққа бар ынта-жігерімен, жан-тәнімен құлшылық етуде адамдарға үлгі болмақ. Адамзаттың ең соңғы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) – күллі адам баласы үлгі тұтар теңдессіз тұлға.

Мұхаммедті (с.ғ.с) еске алғанда, көз алдымызға мейірім мен сүйіспеншілік келеді. Ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Оның (с.ғ.с.) бар ғұмыры, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы  пайғамбарларға ғана тән ерекшеліктерден, сипаттан тұрды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзатқа үгіт-насихатты сөз жүзінде айтып қана қоймай, оны өз өмірімен үлгі етіп көрсетті. Сол секілді бұдан бұрын келген пайғамбарларда да өнеге алуға жетелік пайғамбарлар болған.  Соның бірі Салих (а.с.).

Ата тегі – Салих ибн Ғубайд ибн Мәсих ибн Ғубайд ибн Хадир ибн Самуд ибн Асир ибн Ирам ибн Сам ибн Нұх болып өрбиді. Салих (а.с.) Самуд тайпасынан шыққан. Самуд елі ол дәуірде Хижр деп аталатын жерді мекендейтін болған. Құран Кәрімдегі бір сүренің аты осылай аталады. «Һуд», «Хижр» және «Ахқаф» сүрелерінде осы қауымдар және оларға  қатысты оқиғалар туралы әңгімеленеді.

Самуд қауымы – араб тайпаларының бірі еді. Олар араб түбегінің солтүстік аймағында, яғни Сирияға жақын маңда өмір сүрген тайпа. Арғы аталары Ад қауымынан тараған деген дерек бар. Самуд – Ад қауымынан кейін Аллаға күпірлік етіп, пұтқа табынған қауым. Азғындыққа белшеден батқан Ад қауымы секілді қауымдар сарайлар салып, тауларды үңгіп қазып, баспана етеді. Құранда: «Расында, хижрлықтар пайғамбарларды жалғанға шығарды. Біз оларға мұғжизаларымызды келтірдік. Алайда олар одан бет бұрды. Олар таулардан биік үйлер үңгіп алатын еді» (Хижр сүресі, 80-82- аяттар) – делінген.

Олар өздеріне таулардан үй жасады. Салих пайғамбар (а.с.) Самуд қауымын Аллаға иман етуге шақыруын жалғастыра береді. Самуд қауымының бір мерекесі болатын. Сол күні пұттарын қала сыртына алып шығып мерекелейтін еді. Аталмыш мереке күні қарсаңында олар Салихқа былай деп ұсыныс тастайды: «Ей, Салих. Біз мерекемізді тойлайтын уақытта сенде бізбен бірге кел. Бізге пайғамбар екеніңді дәлелдейтін бір керемет көрсет. Сен өз құдайыңа жалбарын, бізде өз құдайларымызға жалбарынып, дұға етейік. Егер сенің құдайың дұғаңды қабыл етсе, саған иман етеміз. Ал егер біздің құдайларымыз біздің дұға тілектерімізді қабыл етсе, онда сен бізге ересің», – деді. Салих пайғамбар олардың айтқан ұсыныстарын қабыл етеді. Салих пайғамбар (а.с.) аталмыш мерекеде жерлестерімен бірге қала сыртына шығады. Қауымы пұттан жасаған құдайларына жалбарынғанымен ештеңе де болмайды. Самуд қауымының көсемі Салихқа: «Ей, Салих. Мынау тұрған жартастан бізге түйе шығаршы. Егер соны жасай алсаң, саған сенеміз», – дейді.

Салих пайғамбар (с.ғ.с.) олардан Алланың қалауымен  жартастан сұраған түйелерін шығарған жағдайда өзіне иман ететіндігі жайында уәде берулерін және ант ішулерін талап етеді. Олар да уәделерінде тұратыны жайында ант ішеді. Салих пайғамбар (а.с.) әуелі намаз оқып, Аллаға дұға етеді. Алланың құдіретімен жартас жарылып, ішінен буаз әрі аш түйе шығады. Алайда сондай таңғажайып көріністі керсе де, самудтықтар берген уәделерінен айнып, иман етпей қояды. Алла Тағала Құранда: «Сондай-ақ Самуд халқына өз бауырлары Салихты жібердік. Ол да қауымына (өзге пайғамбарлар секілді): «Уа, халқым! Аллаға құлшылық етіңдер. Сендердің одан өзге құдайларың жоқ. Сендерге Раббыларыңнан айқын муғжиза келді. Алланың түйесі сендерге муғжиза болмақ. Оны Алланың жеріне қоя беріңдер, жайылсын, оған тиіспеңдер, сұмдық азап түптеріңе жетеді», – деді (һуд, 64).

Самуд қауымы Салихтің (а.с.) дағуатын қабыл еткісі келмей, уақыт өткен сайын оған деген өшпенділіктері артып, түйені өлтіруді ойластырады. Алла олардың арам ойларын Салихқа (а.с.) білдіреді. Салих қанша ескерткенімен оның айтқан сөздерін тыңдамай мазақ етеді. Бір күні сәтін тауып азғындар түйені бауыздап тастайды.  Салих (а.с.) олардың істеген істерін көріп жылайды да, былай айтады: «Үйлеріңде үш күн рахат көріп алыңдар, бұл жалған уәде емес» (һуд, 65). Нәтижеде үш күннен кейін ескертілген апат келді.

 

Самуд қауымына келген азап

Сол уақытта адамдар жиналып, Салихтың өздеріне айтқан ескертуі жайлы сөйлесті. Содан соң олар Салихты да өлтірмекші болды және осы туралы бір-бірімен ақылдаса бастады. Алла Тағала: «Қалада жер бетінде бұзушылық жасап, түзетушілік етпейтін тоғыз кісі бар еді. Олар: «Бір-біріңе Алламен ант етіңдер, оған және үй-ішіне шабуыл жасаймыз. Содан кейін (кегін даулаған) туысына: «Біз оның үй-ішінің өлтірілуіне қатысқан жоқпыз. Біз шын айтып тұрмыз», – деп айтамыз», – деді» (Нәміл сүресі, 48-49-аяттар).

Енді олар Салихты (а.с.) іс жүзінде өлтіруге әзірленді. Сөйтіп, олар Салихтың (а.с.) үйін бұзып, оны және оған ілескендерді өлтіруге аттанды. Бұл оқиға Құранда: «Олар айла-шарғы жасады, сонда Біз олардың айла-шарғысын сезбеген халдерінде өздеріне қайтардық. Олардың айлакерліктерінің соңы қалай болғанын көр. Оларды және елдерінің барлығын жойдық» – деп берілген  (Нәміл сүресі, 50-51-аяттар).

Жер сілкініп, жартастар домалап, оларды жаншып өлтірді. Сосын барып Алланың азабы басталды. Алла Тағала Салихты (а.с.) өлтіруді қалаған дұшпандар көзін жойған күні Салих (а.с.) өзімен бірге ізбасарларын алып, Хижрды тастап шығып кеткен болатын. Ертеңіне адамдар таң атқан уақытта таңғажайып бір көріністің куәсі болды. Самуд қауымының түгелдей жүздері сарғайып кеткен еді. Сонда олар жылай бастады. Өйткені бұл ескертудің алғашқы белгісі еді. Келесі күні олардың жүздері қызарып кетті. Үшінші күні олардың жүздері қап-қара түске енді. Сонда олар ойбай салып, айқайлап жылап, өздеріне көр қаза бастады. Олар сонда ғана барып пәлекеттің растығын және одан қашудың жолы жоқ екендігін түсінді.

Сол уақытта оларға Алланың азабы келді. Ол Ад қауымына келген дауыл, яки Нұхтың еліне келген топан су секілді емес-ті. Бұл жаза алуан түрлі болды. Өйткені, оларға өздерінің шарттарына сай мұғжиза-белгі берілді, ал олар соған қарамастан қарсы шықты.

Әуелі қатты жер сілкініп, олар құлап, орындарынан тұра алмай қалды. Сосын аспан күркіреп, үстеріне найзағай түсті. Бұл азаптың соңы олардың түбіне жеткен ащы айқаймен аяқталды. Бұл ащы дауыс оларды түгелдей жойып жіберді. Алла Тағала: «Сонда оларды бір сілкініс қолға алды да, үйлерінде етпеттеген бойларында қалды» (Ағраф сүресі, 78-аят). «Самуд (елінде ғибрат бар). Сол уақытта оларға «Бір мерзімге дейін пайдалана тұрыңдар» делінді. Сонда олар Раббыларының әміріне қарсы келді. Сондықтан оларды қарап тұрғандарында найзағай қолға алды. Сонда олардың тұруға да шамалары келмеді әрі жәрдем де көрмеді» (Зәрият сүресі, 43-45-аяттар). «Зұлымдық істегендерді ащы дауыс алып, олар өз үйлерінде етпеттерінен түсті. Тіпті олар ол жерде отырмаған сияқты болды» (һуд сүресі, 67-68). «Расында, оларға қатты бір дауыс жібердік те, олар шарбақ қораның үгітіндісі сияқты болып қалды» – деген (Қамар сүресі, 31-аят).

Алла Тағала олардың барлығын жер бетінен жойды. Ал, Салих пен онымен бірге иман келтіргендерді бұл апаттан құтқарды. Алла Тағала: «Әміріміз келген кезде Өз мейірімізбен Салихты және онымен бірге иман келтіргендерді құтқардық. Сондай-ақ сол күннің қорлығынан да (құтқардық). Күдіксіз, Раббың – Ол өте Күшті, аса Үстем»,– деп айтқан (Һуд сүресі, 66-аят).

Олардың тарихи қалдықтары әлі күнге дейін сақталған. Мәдина қаласынан солтүстік-батысқа қарай 380 шақырым қашықтықта орналасқан Мәдәин Салих деген жерден олардың үйлерінің орнын көруге болады. Алла Тағала: «Міне, олардың зұлымдықтары себепті бұзылған үйлері білген елге бір ғибрат», – деген (Нәміл сүресі, 52-аят). Бұл қиссаның шындығына ешкім шүбәланбауы үшін және одан мүміндердің ғибрат алуы үшін Алла Тағала олардың үйлерінің белгілерін қазіргі күнге дейін сақтаған. Сол бір апаттан кейін Салих (а.с.) бұл жерден көшіп кетті. Алла Тағала: «Сонда (Салих) олардан жүз бұрып: «Ей, елім! Расында, мен сендерге Раббымның тапсырмасын жеткіздім және насихат айттым. Бірақ сендер насихат айтушыларды жақсы көрмейсіңдер», – деді», – деп айтқан (Ағраф сүресі, 79-аят). Сонымен, Салих мүміндерді ертіп, қасиетті Палестина жеріне қоныс аударды. Ол Рамлә деген жерде тұрып, сол жерде қайтыс болды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеті

 

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Табук жорығына бара жатып жолай Хижрға, Самуд қауымының үйлерінің жанына түскен. Сонда кейбір сахабалар барып, Самуд қауымы ішкен құдықтардан су әкеліп, ол сумен қамыр илеп, қазан асқан. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қазандарды төгіп, қамырларды түйелерге беруді бұйырды. Сосын адамдарды орындарынан тұрғызып, түйе су ішкен құдыққа келіп, маңына түсіп, сол жерде адамдарды азапқа ұшыраған елден ғибрат алуға шақырып: «Мен сендердің бастарыңа олардың бастарына түскеннің түсуінен қорқамын. Оларға кірмеңдер», – деген (Ахмад). Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына Алланың азабына ұшырағандарға жылаған халде болмаса, кірмеңдер», – деп айтқан (Бұхари, Муслим). Басқа бір риуаятта: «Егер жылағыларың келмесе, олардың бастарына түскеннің өз бастарыңа түсуінен қорқып жылауға тырысыңдар», – деген.

Ендеше ешкім Мәдәин Салихқа басқа тарихи мұраларды зиярат еткендей бармау керек. Ол жерге бара қалған кісінің оларға Алланың көрсеткен азабын есіне алып, жылаған күйде кіргені орынды. Алла Тағала: «Шынында, Самуд елі Раббыларына қарсы келді. Самуд елі құрысын!» – деген (һуд сүресі, 68-аят).

Міне, Құранда жиырмадан астам жерде мүміндерге естелік әрі уағыз-насихат ретінде баян етілген Салих (а.с.) пен оның қауымы туралы қиссаның қысқаша мазмұны осылай.

 

Салихтың (а.с.) қиссасынан алар өнеге

Бүгінгі күнде де Алла жолына шақырушы мұсылман бауырларымыз Самуд қауымының «Шынында, сен сиқырланғандардың бірісің» дегені секілді әр түрлі сөздер естуі мүмкін. Бірақ ондай сөздер оның көңілін қажытып, дағуатының тоқтауына себеп болмау керек. Біз түгіл, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне де кәпірлер «жынды», «сиқыршы» деп айып таққан, тағы басқа бұдан да зорын айтқан.

 

            А.Айтмагамбетов,

«Шапағат» деструктивтік діни

ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы»

ҚҚ-ның теолог маманы

Close Menu