Ислам дініндегі иман шарттары

Ислам дініндегі иман шарттары

Иман – Ислам дініндегі ең алғашқы парыздың бірі. Ал, иман келтірудің алғашқы шарттарын кез-келген мұсылманға білуі уәжіп болып есептеледі. Қазіргі таңда қоғамымызда керітартпа діни ағымдар көбейбейген сайын иман тақырыбыда білу маңызды орында болып қала бермек. Иман адамның сенімі, екі дүниедегі бақытқа жеткізер жолы болғандықтан, халқымыз оны иманды, иман жүзді, түсі игіден түңілме деген сөздермен бағалаған. Ғалымдар кісінің мүмін болуы үшін қандай шарт керек, оның мұсылман болуы үшін кәлима шәһәдәт айтуы жеткілікті деген мәселеде пікір таластырған болатын.

Иман дегеніміз – әһлү сүннет сенім негіздері бойынша Алла Тағаланың барлығын бірлігін, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хақтан келген расул екендігін, калима шаһаданы тілмен айтып, жүрекпен сену, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) Алладан жеткізген дүниелерін жүрекпен растау (құптау, сену). Оны бір сөзбен «жүрекпен тасдиқ ету» дейді.

Тарихта көптеген ағымдар пайда болып, олар иман мәселесіне қатысты түрлі тұжырымдар айтқан. Сол әрбір ағымның иман туралы ұстанымдарын келтіре кетсек. Жаһмия ағымындағылар Жәһм мен Хусәйн ас-Салихи: «Иман-мағрифа (Алланы тану)», яғни тілмен кәлима шәһәдәт айтпай-ақ Алланы таныса жеткілікті деген. Имам Шафиғи сынды кейбір ғұламалар: «Иман – жүрекпен растау, тілмен айту және дене ағзаларымен дін бұйрықтарын орындау (амал ету) болып табылады», – деген. Әйтсе де, ғалымның бұл сөзі «иманның кәмілдігін» білдіреді. Өйткені, Имам Шафиғи (р.а.) діннің асыл бұйрықтарын орындамаған мұсылманды иман шеңберінен шығармаған.

Харижиттер (исламда ең алғаш пайда болған ағым) бойынша «Иман тілмен айту жүрекпен амалмен бекіту, үлкен кіші күнәләрдан тиылу, егер үлкен кіші күнәләрдан жасайтын болса ол адам иманың шарттарына сай дұрыс болмағандықтан діннен шығады», – деген.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а) «Ұстаз бен шәкірт»  атты еңбегінде былай дейді: «Адамдар үш деңгейде болады, бірінші Алламен одан келген нәрселерді жүрегімен әрі тілімен растайды, Екінші топ тілімен растайды, бірақ жүрегімен жалғанға шығарады, Үшінші топ жүрегімен растайды бірақ тілімен жалғанға шығарады», – деген.

Алла және одан келген нәрселерді жүрегі және тілімен растаған адам Алла мен адамдардың алдында мұсылман болып табылады. Тілімен растап, жүрегімен мойындамаған кісі адамдардың алдында мүмін саналғанымен, Алланың алдында кәпір (жоққа шығарушы). Өйткені адамдар оның жүрегіндегіні біле алмайды. Куәлік сөзін тілімен айтқандықтан оны мұсылман деп атау керек. Оларға жүрегіндегіні білу міндеттелмейді. Ал кейбіреулер Алланың алдында мүмін, адамдардың ойынша кәпір. Бір адам Аллаға сенген болады, бірақ (өміріне қауіп төніп тұрған кезде) иманын жасырып, тілімен күпірлік білдіреді. Иманын жасырғандар оны кәпір дейді. Алайда ол –Алланың алдында – мүмін.

Иманның орны – жүрек, бірақ ол тек қана кәлима айтумен болмайтынын Имам Әбу Мансур Мұхаммед әл-Матуриди, «Китабут-Таухид» атты еңбегінде иманның орны – жүрек екенін және тек жүректің жұмысы екенін түсіндіреді: Құранда: «Әй Пайғамбар! Ауыздарымен: “Сендік” деп, жүректері сенбегендермен Яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» (Мәйда сүресі, 41-аят). «Бәдәуилер: “Иман келтірдік” деді. (Мұхаммед) оларға: “Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: “Мұсылман болдық” деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсыз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» де (Хұжырат сүресі,14-аят).

Егер жүректе расталмастан тілдерде айтылған нәрсе иман деп есептелсе, Алла Тағалағ бұл аяттағы арабтардың сенімін дұрыс дер еді. «Жүрегіне иман орнығып, кейін зорлық көрген біреуден басқа біреу; иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» (Наһл сүресі, 106-аят).

Осы аятқа сәйкес, иман тек жүрекке қатысты іс, ол тек жүректе болады. Егер тек қана тілмен айту иманның шарты болса, куфр сөзін айтуға мәжбүр болған адамдар (олар жүректерінде оны мойындамағанымен) кәпір болып саналады. Бірақ бұл аятта Алла оларды кәпірлерден ерекшелеген, сондықтан иман тек жүректе болады.

Расында, иман деген – бұл дін. Дін деген, сену керек ұғым. Ал, иман тек жүректе. Ешкім оны ешкімге мәжбүрлей де алмайды, мәжбүрлей де алмайды. Егер адам өз еркімен, саналы түрде мойынсұнып, сенетін болса, бұл – иман. (Имам Матуриди. Таухид, 469 – 471 бет).

Жаһмияның ұстанымына қарсы Әбу Ханифа  Тілмен айту шарт дегенге төмендегі аят хадистерді дәлел ретінде келтірген «Сонда Алла оларға бұл сөздері себепті астарынан өзендер ағатын, онда мүлде қалатын бақшаларды бағыштады. Жақсылықтың бодауы осы»-дәлел ретінде келтірілген (Мәйда сүресі, 85-аят).

«Күмәнсіз Алла өз разылығын ойлап, «лә иләһә иллаллаһ» дегенге отты харам етті». «Кімде-кім Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне, Мұхаммед Алланың Елшісі екендігіне куәлік етсе, Алла оған тозақты харам етеді». [Бухари] “Кімде-кім жүрегіндегі шыншылдықпен «Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» деп жан тапсырса жәннатқа кіреді” деген [Ахмад].

Қорыта айтқанда, иманның орны жүрек болған соң жүрекпен тасдиқ етіп бекіту, ал адамдардың арасында шариғи үкім орндау үшін тілмен айту, иманның шарты болып есептелінетінін баса айту керек.

Close Menu