Дұға – мұсылманның қаруы

Дұға – мұсылманның қаруы

Қандай да болмасын бір елді, ұлтты, халықты алсақ та  оның өзіндік сонау ерте заманнан қалыптасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтары болады. Ал, сол рухани құндылықтар белгілі бір негізден бастау алатыны анық. Ол – мұсылман халықтары үшін, әрине, хақ Тағаланың пенделеріне жіберген діні.

Ықылым заманнан бері қазақ халқының өзіне тән әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлерінің шығуы мен қалыптасуы ата дініміз Исламмен ұштасып жатыр.  Ата-бабамыздан мұра болып қалыптасқан бата беру, дұға ету сияқты асыл дүниелеріміз бар. Бұл сөздер әр түрлі болып жазылса да, негізгі түпкі мақсаты мен мағынасы бір пенденің өзінің Жаратушысының алдында дәрменсіз екенің мойындап, шын ықыласымен, бар мұқтаждығын Алланың алдында қол жайып сұрау болып табылады.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Тек маған ғана жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында, маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді», – дейді «Ғафир» сүресінің 60 аятында. Қазақ хлқы осындайда «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп бекер айтпаған. Шындығында, адамзат баласының әрдайым екі қолын жайып, шын ықыласымен Алла Тағаладан сұраудың қаншалықты маңызды екенің  сонау ерте заманнан білген халқымызға бұл әрине таңсық нәрсе емес.

Жалпы «дұға» сөзінің тілдік мағынасына келетін болсақ, «Алладан жәрдем сұрау, тілек тілеу» деген мағынаны білдіреді. Дұға-тілек жасау барысында  адам баласы өзінің Алла Тағала алдындағы әлсіздігін сезініп, тәкаппарлыққа бой алдырмағы жөн. Мысалы маған белгілі нәрсені бер немесе осы дүниелерді нәсіп ет дегендей. Дұға жасаудың өзіне тән белгілі әдептерін сақтағанымыз абзалырақ болар.

Барынша Аллаға мойынсұнып, шын ниетпен, ықыласпен сұрау қажет. Дұғаның басында Алла Тағалаға мадақтар айтып, көркем есім сипаттарымен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салауат айтып бастап және солай аяқтаған жөн. Дұға  мынандай ерекше уақыттарда жасауға тырысу керек. Олар жылдың ішінде арафа күні, айлардың ішінде Рамазан айы, апта ішінде жұма күні, түннің үштен бір бөлігінде секілді уақыттарда.

Хадисте келтірілгендей пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Аспан есіктері ашылып мына төрт жағдай жасалғанда дұға қабыл болады: Алла жолында саптар бір-біріне жолыққанда, намазға қамат түсіріліп жатқанда, Қағбаны көргенде, жаңбыр жауғанда». Жәнеде қайсыбір мұсылман өзінің өзге мұсылман бауыры үшін дұға жасағаны абзал. Өйткені Алла Тағала шын мәнінде бар ықыласымен жасаған дұғаны қабыл алушы. Дана халқымыз «Құдайсыз қурай да сынбайды», – дейді.

Бұл сөздің  астарында әрбір нәрсе ұлы Жаратушымыздың  қалауымен болатындығы екенінде. Құдайдан тек қиналған уақыттарда ғана жәрдем тілеп, басқа уақыттарда түк болмағандай естен шығарып қою мұсылмандыққа жат нәрсе. Сол себепті әрбір мұсылманның қаруы дұға болып табылатын естен шығармайық.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай» түйінің  екі дүниенің сардары болған асыл пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінен тәмәмдайық: «Дұға – мұсылманның қаруы, діннің тірегі және аспан мен жердің нұры».

 

Марал Ақшабай

Close Menu