Вероника БЕЛОВА: Ұшақтың дауысынан әлі қорқамын. Жоғарыдан ұшып бара жатып бомба тастайтын сияқты сезімде боламын.

Вероника БЕЛОВА: Ұшақтың дауысынан әлі қорқамын. Жоғарыдан ұшып бара жатып бомба тастайтын сияқты сезімде боламын.

Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. «Жусан» операциясымен елге оралған жерлестеріміздің бірі Вероника Белова Сирияда өз көзімен көрген сұмдық оқиғалар туралы айтып берді. Қазіргі таңда ол экстремизмдік бабымен темір тордың ар жағында жазасын өтеуде. «Алтын көпір» журналы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сириядан оралған қандастарымызбен сұхбат өрбітуді мақсат етіп, әңгімеге Верониканы тартқан болатын.

 

Верониканың ата-анасы ерте ажырасқан. Ол 11 жасынан бастап «Шаңырақ» балалар үйінде тәрбиеленді. Тірілей жетім атанған Вероника балалар үйіндегі құрбысымен танысып арадағы достық қатынас-ұзақ жылдарға созылды. Осыдан бірнеше жылдар бұрын Ж. есімді құрбысы Верониканы атыраулық Э. есімді жігітпен таныстырып, нәтижесінде әлі бойы мен ойы қатпаған Вероника 17 жасында тұрмыс құрады. Осыдан кейін қуаныш пен шаттыққа айналуға тиіс отбасылық ғұмырдың шырқы түбегейлі өзгерген.

 

  1. Вероника, әңгімемізге келіскеніңе алғыс білдіреміз. Дін жолына қалай келдің? Осыдан бастап айтып берші.

– Шынымды айтсам, ес жиып өсе келе дінге деген қызығушылығым арта бастады. Балалар үйінде бірге өскен құрбым мені Ислам мәдениеті мен дін туралы білімімді кеңейтті. Кейін осы дін жолындағы азаматқа, яғни күйеуіме тұрмысқа шыққан соң тек оның сөзін тыңдап, бұйрығына қарсы шықпадым. Негізінен тек күйімнің айтқанымен жүрдім. Д.Мубаров және С.Бурятскийді тыңдадым.Жолдасымның айтқанына соқыр сендім. Оның артынан ере бердім, оның айтқаны мен үшін заң болды. Себебі дінде әйел адам жәннаттық болуы үшін жарының айтқанын тыңдауы әрі орындауы қажет деп анық айтылған. Мен үшін сол құндылықтар баста орында болды.

 

  1. Вероника, елден қалай асып шықтыңыздар?

– Алдымен күйеуім екеуміз көрші Ресей Федерациясының Астрахань облысына барып сол жақтан ұшақпен Түркияға асып кеттік. Шет мемлекетке жеткен соң біздерді арнайы адамдар күтіп алды. Олардың артынан еріп Сирияның шекарасынан астық. Мен алдымен Альхуль деген лагерьге келіп жеткенімде онда өзім сияқтылар көп болды. Кейін қазақтар және басқа да орта Азия халықтарының ұлттары қосылды.

 

 

  1. Вероника, елге оралу ойы қалай пайда болды?

– Мен Сирияға жеткен соң әртүрлі жерлерді паналадым. Тұрғылықты мекен жайым, жұмысым болмады. Демек, босқыншылардың қатарын толықтырып ел мен жерден жырақ кеткенде басыма күн түскенін анық аңғардым. Өйткені жолдасым мені тастап кетті, қалай басқа біреудің әйелі болғанымды аңғармай қалдым. Өйткені ондағы көрген күнім қасіретке толы. Әрбір күннің өзі келесі күнге жетуім үшін күрес болатын. Тіпті ішіп-жейтін тамақ, ішетін су, жататын жердің жоқтығы мені қатты қинады. Осылайша елге оралудың жолын іздеп мен сияқты адасқандар Қазақстанда арнайы бағдарламаның пайда болғандығын жария етті.

Ақтау қаласында алғашқы қарсы алған мамандарға алғысым шексіз. Қатты ашығып, қиналып келген біздерге бар жақсылықтарын аямады. Шынымды айтсам, мен қорқып келдім, бірден жазаланамын деп ойладым. Қазіргі абақтыдағы күнім Сириядағы тірлігіме қарағанда шипажай (санатория) секілді.

   

  1. Сирияның қандай қалаларында тұрдыңыздар және қандай жағдайларды бастан өткердіңіздер?

– Әуелі Турцияға барып, сосын Сирияға келдік. Сирияның Ракка, Шаддат, Ирактың Рауа (Кишма) қалаларында тұрдық. «ДАИШ мүшелері діни білімімнің жоқтығын пайдаланып, тез алданып қалатынымды байқаған болуы керек. Ол жаққа барсам, кәдімгі үлкен соғыс жүріп жатыр екен. Ислам дінінде адамды өлтірмейді, мұсылман адамдар бір-біріне көмектесуі керек. Соғыстың ошағына, ортасына қалай барғаныма сене алмай қалдым. Біріншіден, олар жер-жерден мұсылмандарды әлеуметтік желі арқылы жинап алады. Басты қаруы – мұсылманның атын жамылуында. Оларды біз жиһадқа дайындаймыз деп үгіттейді. Мен сияқты қарапайым мұсылмандар оларды көрмей-ақ сеніп қалады. Сирияға келген кезде қайда келгенін білмей қалады. Олар біздерді алдады.

  1. Сіз тұрған жерде бомбалау болды ма? Қорықтыңыз ба?

– Әрине, бомбалау болды. Қасымыздан снарядтар жарылған сәттер де болды. Сол қорқыныш әлі де бар. Мысалы ұшақтың дауысынан әлі қорқамын. Жоғарыдан ұшып бара жатып бомба тастайтын сияқты сезімде боламын. Сол қорқынышты тезірек ұмытқым келеді.

  1. Сирия әскері кіммен соғысып жатыр? Сіздер қай тараптың өкілдері болдыңыздар?

– Сирияның өзі Аллаһ үшін, дін үшін соғысып жатыр ғой. Ал Америка, Ресей, Франция елдері мұнайлы жерлер үшін соғысуда. Біздер олардың, яғни арабтардың қолындағы тегін сарбаздар ретіндеміз. Арабтар өздері соғысқа шықпайды, біздерді пайдаланады. Біз Ахли Сунна Джамағатында болдық. Біздің түсінігіміздегі саясат көрінісі осындай. Сирияға барғаннан бері біздерге осыны айтып санамызға ұқтырды. Шындығына келгенде кімдердің не үшіни кіммен соғысып жатқанын өзімде анық білмейд екенмін.

      8.Сіздің жолдасыңыз немен айналысты?

– Ол үнемі соғысумен болды. Отбасының қасында 15 күндей болса болады, ал қалған уақыттың бәрінде соғыста жүрді. Ол: «Соғыс – мен үшін әрдайым бірінші орында болады. Ал сендер мен үшін маңызды емессіңдер. Анам да намаз оқымаған соң мен үшін – кафир», – деп айтататын еді.

  1. Ондағы өмір қандай? Қалай өмір сүрдіңіздер?

– Үнемі бомбалау, көшіп-қонумен болдық. Соңғы уақыттарда ашаршылық болды. Дәрігерлер болғанымен, дәрі-дәрмек болмады. Осының салдарынан үшінші ұлым ішек инфекциясынан қайтыс болды.

  1. Дін ұстанып, орамал таққанға дейін немен айналыстыңыз? Бұрын кім едіңіз? Жолдасыңыз кім еді?

– Атырау Сервис колледжінде шаштараз мамандығына оқуға түсіп, 1 курста неке қиып, оқуымды тастап кеттім. Жолдасым электрик болып жұмыс жасаған. Дін жолында тура жүрген азамат деп қабылдадым.

  1. Қазақстандағы жерлестеріңізге айтарыңыз бар ма?

– Мен жастарды адаспауға шақырар едім.  Бастысы дінге келмес бұрын, білікті мамандардан кеңес алған дұрыс деп есептеймін. Себебі дінді жамылып сізді басқа мақсаттарда пайдаланатын адамдар бар екенін мен анық ұқтым.

Иә, ата-анасынан тірілей жетім қалған қаршадай қыздың тағдыры оңай соқпағаны белгілі. Тағдыр тәлкегіне тап болған оның туған балалары да қазір ана жолын тура қайталап тұғандай. Өйткені Верониканың балалары қазір мемлекет қамқорлығына алынды. Олар ана махаббатына бөленіп бірге өсудің орнына «Шаңырақ» балалар үйіне паналап ж.үр. Өмірдің ыстық-суығын көрген бұл әйелдің ендігі бағыты – балаларын өсіріп, жеке кәсібімен табысын табу.

Жаннат Жұмағалиева

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Close Menu