Өз тарихымызды өзіміз жасауымыз керек

Өз тарихымызды өзіміз жасауымыз керек

Рухани жаңғыру: Ұлттық кодымызды сақтаудың жолы қандай?

Әлемде жаһандану процесі жүріп жатқан бүгінгідей дәуірде кез-келген ұлт өзінің болмысын, мәдениетін, тарихи жолын сақтап қалуы тиіс. Әйтпесе, құндылықтарын жоғалтқан ұлт ертелі кеш, өзі де жоғалады. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» – бағдарламасы осы ұлы мұратта бізге темірқазық бола алады. Осы ретте сарапшылардың ұлттың генетикалық кодын сақтау жолдарына байланысты ой-пікірлерінің топтамасын ұсынып отырмыз.  

– Тарихи тамырдан ажырамай отырып, жаңаны меңгерудің мәні неде?

– Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтай отырып, технологиялық «төңкеріс» әлеміне қалай қадам басамыз?

Қадыр ЖҮСІП, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Жастар өз өңірлерінен шыққан тұлғаларды тануы тиіс

– Бұл – қоғамның әр мүшесін, яғни, жастардан бастап, қарттарға дейін елін сүюге, патриоттық сезімге үндейтін құнды жазба. «Рухани жаңғыру» мәселесіне арналған бағдарламалық мақалада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көптен ойланып, толғанып, жүрегінің түбіне сақтап жүрген пікірлерін ортаға салғаны көрініп тұр.

Байқаймын, қазіргі жастар арасында әдебиетке, мәдениетке маңыз беретіндер аса көп емес. Өз өңірлерінен шыққан тұлғаларды көпшілігі тани бермейді. Демек, ең алдымен, осы жайтқа назар аударуымыз керек.

Мақаланың түйіні бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру деген идеямен астасады. Демек, латын әліппесіне көшу – заман талабы. Кеңес дәуірінде бір-ақ күнде арабтан латынға, латыннан кириллицаға көштік емес пе? Ендеше, қорқудың қажеті жоқ. Латын әліпбиімен жазылған  кітаптар ел ішінде сақталуы да мүмкін. Халықтың көзін үйрету үшін, сол кітаптарды жинақтап, көрме ұйымдастырсақ, мұның өзі – тәрбие.

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,

 Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы:

Өз тарихымызды өзіміз жасауымыз керек

Біріншіден, Атырау облысында соңғы бес жылдан бері жыраулар сайысын өткізіп келеміз. Неге? Себебі, біз – Асан Қайғыдан бастау алатын жыраулар еліміз. Бірақ, біздің өңірімізде ырғақ болғанымен, өзіндік, яғни, жыраулық сарын жоқ. Ал, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстауға қараңыз. Олардың өз сарындары бар. Осы дәстүрді насихаттау мақсатындағы жұмыстар нәтижесінде    кезіндегі саусақпен санарлық жырауларымыздың саны бүгінде оннан асты. Рас, айтысты жолға қойдық. 2000 жылдары өңірде екі-үш айтыскеріміз болса, қазір отыз айтыскеріміз ортамызда. Ендігі мәселе – айтыскер ақындардың  деңгейін көтеру. Ырғақ, мазмұн, тақырыпты ашу сияқты поэзияның негізгі тетіктерін меңгерумен бірге, заманға ілесу, іздену кемшін түсіп жатыр. Сол үшін біз арнайы клуб ашып отырмыз.

Екінші мәселе: Атыраудағы оркестрлер жайы. Репертуарын қарап отырсаңыз, барлығы  бірдей. Бізде керемет күйшілер бар. Мысал үшін Есентемір Лесбайды алайық.  Сол Есентемірдің бір күйін оркестрден тыңдадыңыз ба? Құрманғазының ұстазы Ұзақтың күйлерін ше? Болашақта осындай дүлдүлдеріміздің бүкіл шығармаларын нотаға түсіріп, бірнеше кітап етіп шығарып, Атырау өңірінің күй тарихын дәріптеуіміз керек.

Үшіншіден, Алматыдағы орталық киноархивте Атырау жөнінде ғажайып ленталар бар. Кеңес өкіметінің кезінен қалған осы дүниелерді көшіріп алуға тиіспіз.  Және Атырауда киностудия ашатын кез келді. Бізде мамандар бар. Соны пайдаланып, өз тарихымызды өзіміз жасауымыз керек.

Төртіншіден, қазақтың емшілері бар. Патшалы өкімет тұсында халық өзін-өзі емдеді. Тарихты оқып отырсақ, сол кезде бізде бауыр ауруы, соқырішек деген болмаған екен. Білетіндер оның себебін жылқының етін жеп, жылқы сорпасын ішудің нәтижесімен байланыстырады. Өкінішке қарай, теріс көзқарастың кесірінен халық емшілері тасада қалып барады. Ендігі жерде біз қазақтың қабілетінің, жадының мықтылығы ретінде  осындай дүниелерді насихаттауымыз керек. Насихат дегеннен шығады, рухани жаңғырудың негізі халқымыздың салтын, тарихымызды қайта қарауға бастайды. Мәселен, үнділер қазір бізге кино көрсете отырып, өздерінің дәстүрлерін де насихаттауда. Тіпті, елімізде үнді стилінде тойлар өте бастады. Осы әдісті енді өзіміз қолға алып, ауыл-ауылда жылжымалы көрмелер өткізіп, экспедициялар ұйымдастырсақ және оны кеңінен насихаттасақ, көп дүниеге қол жеткізер едік.

Біраз уақыт бұрын, біз Наурыздың концепциясын жасап шығардық. Көне деректерден алынып, тарихи дәлелдер келтірілген брошюраны аудандарға да тараттық, газеттерге де бердік. Бірақ, қолдау көрмей отырмыз.  Осы мәселені  қолға алып, белгілі бір ауданда сынақ ретінде енгізетін болсақ, Наурыз рухани жаңғырудың бастауы болар еді.  Ал, латын тіліне көшуді балаларды мектеп қабырғасынан оқытудан бастау тиімді.Тарихымыздың ең керемет дүниелерін, ұлы жазушыларымыздың туындыларын аударуды бүгіннен бастау керек.

Руханият дегеннен шығады, біз әлі күнге дейін жер-су аттарын реттей алмай отырмыз. Мәселен, қала іргесіндегі Томарлыға сол жерде туған Қайырғали Смағұловтың атын неге бермеске? Иегіміздің астында Атырау селолық округі деген жер бар. Осы округті неге Фариза Оңғарсынованың есімімен атамаймыз? Ганюшкиноны Бөкей ханның есімімен атау туралы да ұсынысты қанша жылдан бері айтып келеміз? Міне, мұның барлығы сайып келгенде ұлтымыздың руханиятымен байланысты дүниелер.

Әбілсейіт МҰХТАР,

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Мұрағатқа ортақ база керек

– Рухани жаңғырудың мемлекетімізге қандай пайдасы болады? Жастар одан не алады?

Ең алдымен, қазір арамызда ел, өлке тарихын білетін ақсақалдар қатары азайды. Әр ұйым, мекеме, ауылдық кеңестер қазыналы ақсақалдарымыздың тізімін жасап, оларды сөйлету арқылы дерек жинап алуымыз керек. Рухани жаңғыруға байланысты телеарналарда арнайы бағдарлама шығарсақ та артық етпейді. Өзімізге көрші орналасқан Батыс Қазақстан облысы соңғы жылдары 4000 құлпытасты оқып шығып, Айшуақ  ханды, Жантөре ханды тапты. Осындай ескі қорымдар бізде де жетіп артылады. Неге қолға алмасқа?

Екіншіден, облысымызда музейлерде бар, мұрағат та бар. Көптеген шаралар ұйымдастырылады. Бір ғана Алашорда тақырыбына қанша рет экспедиция жасалды десеңізші? Өкініштісі, барлығымыз әлі күнге дейін Орынбордың мұрағатына барғанға мәз болып жүрміз. Шындығында, Ресей мұрағаттарын мемлекеттік деңгейде көшіріп әкелетін уақытымыз болды. Бір қызығы, осындай экспедициялар нәтижесінде мұрағат әкелген материалын өзінде, университет жинаған дүниесін өзінде ұстайды. Солардың барлығы бір жерде түйісуі керек қой. Ортақ база құрсақ, кім нені қайдан іздеуді білер еді. Әйтпесе, біріміздің барған мұрағатымызға екіншіміз барып, өзгені қайталаумен, текке қаражат шашумен айналысып жүрміз.  Осы ретте, мұрағатқа арнайы тапсырма беріп, Атырауға қатысты мәселелерді  жинақ етіп шығаруды ұсынамын.

Жазып алған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Close Menu