Мешіттің үлкен тәрбие ошағы екендігін ұмыт қалдырдық

Мешіттің үлкен тәрбие ошағы екендігін ұмыт қалдырдық

Батыржан МАНСҰРОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі:

«Мешіттің үлкен тәрбие ошағы екендігін ұмыт қалдырдық»

     – Елдегі  діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Ислам тарихына қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дәуірінде, кейін сахабалар дәуірінде де дінде айтарлықтай мәселе болған жоқ. Яғни, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) бірге өмірге сүрген сахабалар дәуірінде діни ахуал қалыпты болды.

Кейін үшінші халифа Османның, төртінші халифа Әлидің тұсында түрлі жат ағымдар пайда болып, діни тұрақсыздықтың орнауы осы кезеңде басталған еді. Тарихи жағдайларды саралай отырып, сол кезеңде сырттай мұсылман болып көрініп, дін арасында іріткі салғандардың көп кездескенін көруге болады.

Ал, енді өзімізге оралар болсақ, кешегі 70-80 жылдар мен бүгінгі 21 ғасырдағы жағдайды салыстырып ақ, біраз дүниені саралауға болады. Рас, сонау 70-80 жылдары қоғамда дінді ұстануға тыйым салынды. Діндар қауымдар емін-еркін мектеп, медресе тұрғыза алмады. Небір сауатты ишандарымыз, ахундарымыз қудаланды. Осындай бір «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заманнан соң еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік таңы қазақ даласына діни еркіндікті ала келді.

Азаматтарымыз намазға, имандылыққа бет бұрды. Кезіндегі құлыптаулы клубтар сүріліп, орнына көркем мешіттер тұрғызыла бастады. Осындай елең-алаң тұсында даламызға діннің ішіндегі тармақтар проблемасы келді. Бұл 2000-шы жылдар еді. Осы аралықта орын алған проблемаларды санамалаудың өзі артық. Себебі, бұл жағын халық жақсы біледі. Яғни, бұл жағдай бір ағын еді. Аты айтып тұрғандай, ағым су секілді ағып барады, түбінде тазалық қалып жатыр. Ерекше атап өтерлігі, дәл қазіргі уақытта қоғамда діни мәселе бірізділікке түсіп келеді.

Неге? Себебі, тәуелсіздік таңында елімізде қайтадан діни мектеп қалыптасты. Медресе, колледждер есігіе ашты. Алматыдағы Нұр-Мүбарак университеті бірден-бір жоғарғы білім беретін оқу ордасына айналды. Жаңа кадрлар дайындалып, жетіліп келе жатыр.

– Сұхбат арасында өзіңіз айтып өткен жат тармақтар тақырыбы қазақ қоғамында ғана емес, күллі әлемде терроризм атты қауіпті проблеманы туындатып отыр. Бір ғана Таяу Шығыстағы жағдайлар терроризмнен келетін қауіптің ауқымы қандай болатынын көрсетті. Осы ретте ағымдармен күрес мәселесі туралы не айтып өтер едіңіз?

– Жоғарыда айтып өткендей, бүгінде халық дұрыс бағыт пен бұрыс бағытты біршама айыратындай деңгейге жетіп қалды. Ертеректе дінді ұстанғандарға «барлығы бірдей» деп қарайтындар көзқарас қазір аса бір өршіп тұрған жоқ.

Біріншіден, егер біздің уақытымыз да, біліміміз де, энергия, күш-қуатымыз бір ғана жат ағымдар мәселесіне  жұмсала беретін болса, онда біздің дұрыс бағыттағы  жамағатымыз қараусыз қалады. Сондықтан, жат ағым тақырыбын психологилық тұрғыда да өршіте беруге болмайды. Керісінше, жат ағымға альтернатива бола алатындай жастарымызбен арадағы жұмысты көбірек күшейтуіміз керек.

Екіншіден, теріс ағымдармен күресте бізге білім ғана көмекке келе алады. Әдетте, терең білім  – ислам шариғатындағы ең үлкен қару саналады. Қазіргі уақытта біз білімді, өмір сүру салты, дәстүрді дәріптеу арқылы, жат ағымдардың идеологиясымен күресіп келе жатырмыз.

– Ал, мешітке келмей, өзара топтасып жүретін жаңа топтармен арада байланыс бар ма?

– Мәселен, қазір хаддадиттер деп аталатын топ бар. Мұсылмандардың құбылаға қарап намаз оқитын қасиетті орны мешіт туралы Құранда айқын айтылғанына қарамастан, олар тіпті, мешітті намаз оқитын орын ретінде қабылдамайды. Мұндай қасаң түсінік бұрын-соңды ислам тарихында кездескен емес.

Осындай теріс түсінікте жүрген бұл топ үйді-үйге бөлініп, өзара сұхбат құруды әдетке айналдырып алған. Әрине, біз біреудің шаңырағын бұзып кіріп, отырыстарын бұза шақырмаймыз. Бірақ, халықты сақтандыру – біздің міндетіміз. Осы ретте діни білімі жоқ адамдарға бұқара арасында уағыз-насихат жүргізуге тыйым салынғандығын айрықша атап өткеніміз жөн. Сондықтан, қандайма кездесу, сұхбат алаңдарында жүрсек те, біз барлық жамағатты діни мәселеде дәрісті үйден емес, мешіттен алуға, ұстаздарға жүгінуге  шақырамыз.

– Бүкіл әлемді алақанға сыйдырып жіберген интернеттің мүмкіндігін қалай пайдаланып отырсыздар?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында интернет желісімен жұмыс істейтін үлкен бөлімі бар. Аталған бөлім ақпараттық, насихаттық, сонымен бірге, діни ағарту жұмыстарын мүфтият мешіттеріне қарасты сайттарда, әлеуметтік желілердегі парақшаларда үйлестіріп отыр.

Мәселен, мүфтияттан ай сайын облыстарға екі тақырыптан беріліп отырады. Тақырып аясында имамдар уағыз айтады. Уағыз Youtube каналына жүктеледі. Кейін ол видео уағыдар ықшамдалып, инстаграм желісіндегі ресми парақшаларымызда таратылады. Осылайша, бір айда қырыққа жуық уағыз ғаламторға жүктеледі екен. Біздіңше, бұл жаман көрсеткіш емес.

– 2000-шы жылдардағы жағдайдың дін мәселесінде қоғамды алатайдай бүлдіруінің бір себебі – сол кезде діни кадрлардың болмауы немесе жетіспеуі еді. Қазіргі кезде Атырауда діни маман мәселесі толық шешілді деп айтуға бола ма? Жалпы, кадр жайы қалай?

– Тәуелсіздік елең-алаңында Атырауда маман мәселесі өте өткір тұрды. Қазір бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарымыз бар. Әріге бармай ақ, осыдан бес жыл бұрынғы жағдайды алып қарасақ, ол кезде  35 кадр болды. Бұл өте аз көрсеткіш еді. Бүгінгі күнде білікті имамдар саны 75-ке дейін көбейді.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Нұр-Мүбарак университетінде және діни колледждерде Атыраудан 50-ге жуық маман оқып жатыр. Былтыр алғашқы төрт маманымыз қызметке келді. Биыл онға жуық кадр орналасты. Осы жерде діни маман дайындау мәселесіне қолдау білдіріп отырған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа, демеушілерге алғыс айтқым келеді.

Және атыраулық студенттермен арада жасалған келісім шарттың барын да атап өткеніміз дұрыс. Бүгінде студенттердің оқу ақысы, жатақхана ақысы және шәкіртақысы мешіт тарапынан төленуде. Диплом алған соң жас мамандар Атырауда қызмет ететін болады. Осылайша, білікті ұстаздардан ілім жатқан жастарымызға қолдау жасау арқылы, дәстүрлі бағыттағы жамағатымыздың санын ұлғайтып жатқан жайымыз бар.

 –   Бір кездері мешіттердегі  жамағаттың өзара бөлінуінің салдарынан имамдар намазды тоқтатуға мәжбүр болып жүрді. Қазіргі жағдай қалай? Мешіт ішінде жамағаттың өзара бөліну мәселесі әлі де бар ма?

– Беті әрмен, бірақ дінге бөліну – өте қауіпті құбылыс. Алла Тағала Құранда «Алланың жібіне жармасыңдар да, әсте бөлінбеңдер» деп, өсиет еткен. Мейлі рулық, діни тұрғыдан болсын бөліну соңында берекетсіздік әкеледі. Сондықтан, мұндай мәселеде абай болуымыз керек.

Тікелей сұрағыңызға келсем, бүгінде мешіт ішіндегі жамағат арасындағы қатынас бөлінушілікке емес, бірігушілікке келе жатыр. Қазір мешіттерде ынтымақ, бірлік тақырыптарында уағыздарымыз жиі айтылады. Күнделікті бес уақыт намаздың ішінде Бесін және Құптан намаздарынан бұрын бес минут хадис оқимыз. Діни басқарма бекіткен тақырып аясында күнделікті уағыз жүреді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жамағат бір-біріне құрметпен, мейіріммен қарай бастады.

– Сұхбатымызды қорытындыласақ…

– Жоғарыдағы мешіт мәселесінен шығады, барлығымыз мұсылман баласымыз десек те, расымен де Атырауда мешіт салу үрдісі бәсеңдеп қалды. Біз мешіттің үлкен тәрбие ошағы екенін ұмыт қалдырдық. Оның да себебі бар. 2000 жылдары елге кірген жат ағым өкілдері мешітті қорқынышты етіп көрсетіп қойды. Соның салдарынан «Балам мешітке барады» деген жаңалықты үреймен қабылдайтын жағдайға жеттік. Себебі, үлкендердің жүрегінде «балам қай бағытта жүр?» деген сұрақ тұрады.

Асылында, мешіт – Алланың үйі. Тәрбие ошағы. Мешітке барған адам имандылығымен, ибалылығымен ерекшеленіп тұруы тиіс. Яғни, біз мешітке барған адамның көркем қасиеттерін көбірек дәріптеуіміз керек.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Вырезка!

Атырауда бес мешіт салынып жатыр

Қазіргі уақытта аймағымызда бес мешіт салынып жатыр. Мешіттің екеуі Қызылқоға ауданында, біреуі Махамбетте, біреуі Құрманғазыда, біреуі Исатай ауданында.

Бұған қосымша үш мешіттің құрылысы жобада тұр. Атыраудың облыс орталығынан 5000 орындық алып мешіт орнату да жоспарда бар. Және Еркінқала ауылынан, Талқайраң ауылынан мешіт орнату жобасы жасалды. Мұның барлығы бірден емес, үлкен дайындықпен келіп жүзеге асырылатын дүние.

Вырезка!

Атырауда медресе салына ма?

Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жер учаскесі бар. Сол учаскеге екі қабатты қайырымдылық мекемесін тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Ол мекеме әрі медресенің ролін атқаратын болады. яғни, ұлдарға және қыз балаларға арналған медресенің жобасы бүгінде жасақталып тұр. Алла қаласа 2019 жылдың қыс мезгілінде мекеменің іргетасы қаланады деп күтілуде.

Close Menu