Өнер қазақпен бірге жасай береді

Өнер қазақпен бірге жасай береді

Эксклюзив

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты – ұлттық кодты сақтап қалу. Кез келген халықтың ұлттық ерекшелігі – тарихы, мәдениеті, өнері, тілі, ділімен өлшенеді. Себебі, бұл – ұлттың жады. Қазақтың дәстүрлі ән мектебін дәріптеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл ҚОСАНОВА бізге берген сұхбатында өнер туралы ойларымен бөлісті.

Айгүл ҚОСАНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:

Өнер қазақпен бірге жасай береді

– Қазақ өнерінде дәстүрлі ән әлемінің алар орны ерекше. Дәстүрлі ән мектебінің қазіргі жағдайда даму деңгейі туралы көзқарасыңыз қандай?

– Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома бар. Заман көші ешқашан бір орында тұрмайды ғой. Бұрынырақта ата-бабаларымыз көшпенді дәуірде өмір сүрді. Сол кезде сал – серілеріміздің дауысы алты қырдан асатын.

Бүгінде орныққан халыққа, дербес мемлекетке айналдық. Рас, қазіргідей ақпараттық тасқын жағдайында көпшілік «дәстүрлі мектепті заманауи стиль жұтып қойды» дегенді жиі айтады. Бірақ, мен бұған келіспеймін. Бұл өнер қазақпен бірге  жасай береді. Өзгеріс өнердің деңгейінде ғана болады.

– Қазақтың қоңыр үнді домбырасын сахнаға алып шығып жүргендер көп. Бірақ, өнерді нақышына келтіріп дәріптеп жүргендер сирек. Осындайда, өнер алдындағы жауапкершілік еріксіз еске түседі…

– Шығармашылығымды бақылап жүргендердің қатарынан болсаңыз, менің дәстүрлі әнмен бірге, эстрадалық бағытта да ән айтатынымды білесіз. Байқауымша, эстрадалық бағыттағы әндерімді де тыңдарман жылы қабылдайды. Егер мен қара домбыраның алдындағы жауапкершілікті сезінбеген болсам, қазіргі таңда эстрадаға толықтай бет бұрып кеткен болар едім. Сондықтан, дәстүрлі өнерді өмірімнің ерекше бөлшегі деп айта аламын.

– Мұхит мектебі, Ғарифолла мектебі – өз алдына үлкен тарих, шежіре.  Сіз өзіңізді қай мектептің ізбасары ретінде атар едіңіз?

– Мен Мұхит мектебінің өкілімін. Басқа мектепті таңдауым да мүмкін емес. Біріншіден, туған жерім Маңғыстау өлкесі. Әрі, өнер әлеміндегі жолым Мұхит мектебінен бастау алады. Рас, Жетісудің, Арқаның мектептері де бар. Бірақ, мен үшін жаныма жақыны дәстүрлі Мұхит мектебі.

Десе де, кез-келген дәстүрлі әнші өз мектебінің шеңберінде қалып қоймай, әртүрлі мектеп мақамында ән орындай алуы керек. Басқа мақамдағы мектептің әндерін зерттеп, салыстырмалы түрде зерделеп отыруы тиіс. Соның нәтижесінде, әнші өзінің орындау шеберлігін шыңдап отыра алады.

– Мұхит асып, шет мемлекеттерге көп шығып жатасыз. Израиль, АҚШ, Австрия, Германия, Түркия, Малайзия және әлемнің тағы басқа елдерінде өнерлік іссапарда болдыңыз. Жалпы, қазақтың домбырасын шетелдіктер қалай қабылдайды?

– Бір халықтың алдына өзіңіздің ұлттық өнеріңізді барлық ерекшелігімен қоса алып барып тұрсаңыз, бұл шетелдіктер үшін экзотикалық дүние. Өйткені, олар көп жағдайда ұлттық тамырдан қол үзіп қалғандықтан, басқа халықтың құндылығын өте жоғары бағалайды. Әрине, қолда барда алтынның қадірі жоқ. Біз өз елімізде ғана домыраның қадіріне жете бермейміз. Ал, ұлттық өнердің алтындай салмақтана түсетінін, шетке шыққан кезде ғана көруге, жан тәніңмен сезінуге болады.

Елдің, жердің, өнердің қадірін, қасиетін, киесін әдетте сыртқа шыққан адам ғана түсінеді.

  • Қазақ өнерінің даму бағытын қалай бағалар едіңіз?

– Кез келген дүние – уақыттың еншісінде. Қазіргі болып жатқан ағым да бір күндері жым-жылас жоғалуы мүмкін. Бұрын әнді мини дискімен алып жүрсек, кейін флеш картаға жүгінетін болдық. Ал, қазір әнді интернетке жүктесеңіз жетіп жатыр.

Қазақ эстрадасы деген уақытта «ешкімді тыңдамаймын, болмаса, жаппай тыңдаймын» деп айта алмаймын. Әндерін сағына отырып тыңдайтын әріптестерім бар. Әндерін мүлде қабылдай алмайтын әріптестерім де  кездеседі.

Әсіресе, жастардың ішінде әртүрлі бағытта ән айтып жүргендер көп. Соның ішінде жастардың жүрегінен орын алып жатқан әндер де бар. Қалай десек те, өнерге келген адам артына жақсы дүние қалдыру жолында еңбек етеді деп сенемін.

Бұл жерде біз мына мәселені түсініп алуымыз керек. Албырт жастың өнерді қабылдауы басқа да, орта жастағы адамның иә үлкендердің өнерді қабылдауы бір басқа. Мәселен, 13-20 жастағы  бозбала, бойжеткендер Ninteone тобын тыңдауы керек. Бұл қалыпты жағдай. Кейін жастардың ақыл-ойы, өрісі кеңейе түскен сайын оның талғамы өзгереді. Өнерді қабылдаудың басқа деңгейіне өтеді. Ал, қазір біз жастарымызды блоктап баса беретін болсақ, біздің дәріптеп жүрген дүниеміз олардың жиіркенішін тудыруы мүмкін. Сондықтан, барлық нәрсенің уақыты болатынын қабылдауымыз керек.

– Танымал болу қазір бір ақ сәт сияқты. Интернетке видео салсаңыз, әп сәтте жұлдыз болып шыға келесіз. Десе де, танымалдылыққа жетудің де өзіндік жолы бар шығар… Бұған не дейсіз?

– 21 ғасыр үшін мен өзімді артта қалған адамдай сезінемін. Неге? Айталық, жаңа шыққан әніме әп-сәтте клип түсіріп, интернетке жүктеу деген нәрсе менде жоқ. Осы тараптан көп жағдайда ақсап жатамын.

Рас, қазір виртуалды шындық дәуіріне келе жатырмыз. Барлық дүние интернет арқылы дамуда. Адам біткеннің барлығы жаңалықты да, музыканы да қолындағы интернеті арқылы біліп, тыңдап жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, интернеттің мүмкіндігін пайдалана білген дұрыс. Бірақ, қоғам алдындағы мәдениетті ұмытуға болмайды.

– Сіздің продюсеріңіз бар ма? Білуімше, көп жағдайда продюсерлік көмектен дәстүрлі өнер иелері шет қалып жатады.

– Расымен де, продюсермен жұмыс істеу мәселесінде дәстүрлі әншілерде артта қалушылық бар. Меніңше, қазіргі уақытта продюсермен жұмыс істеген дұрыс. Ал, жеке басыма келсем, менің жұмыс кестемді көмекшім жүргізіп отырады. Негізгі жұмысым – шәкірттерге сабақ беру болғандықтан, бұл жағынан білім ордасына, оқу процесіне байлаулымын.

– Өнер адамы қоғам алдында ертегідегі ханзада иә ханшайымдай көрінеді. Сахнаның сыртындағы өмір қандай?

– Сахнаға шыққан өнер адамына өзінің өміріндегі жағдайды тыңдарманға көрсетуге құқығы жоқ. Ән  тыңдауға келген көрермен сіздің басыңыздағы проблеманы білуге де міндетті емес. Сіздің әніңізден рухани байлық алуға келген адам неге шаршауы керек?

Егер көңілді әнді қайғылы етіп айтып тұрсаңыз немесе сахнаға қалай-солай шығып тұрсаңыз, мұның барлығын көрермен сезеді. Сондықтан, сахнаға барлығы әдемі болып шығуы керек. Өйткені, сахна – киелі әлем. Ол – жастықты, әдемілікті, әсемдікті қажет етеді.

Сахнаның артындағы өмір халықтың білмейтін кеңістігі. Және ол солай болып қала беруі керек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

Вырезка!

«Әнші боламын» деген арманмен өспеген қазақ баласы жоқ шығар деп ойлаймын. Менің әншілік жолды таңдауыма өскен ортам себепкер болды. Яғни, ата – анам және туыстарым. Бала кезімнен анамның, апаларымның үйдегі қуанышта ән айтқанын естіп өстім. Осы жағдайлар менің жүрегіме «әнші болсам» деген арманды ұялатты.

Рас, ата-анам кәсіби музыканттар емес. Бірақ, анам әнді жақсы айтады. Кезінде өз анам әнші боламын деген уақытта, ол кісінің анасы рұқсат бермеген екен. Мен де Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваторияны таңдаған уақытта, анам осылай қарсы болды. Бірақ, тағдыр дегенді қойсаңшы. Арманым орындалды.

Ендігі мақсатым Қазақстанның ішінде әлі күнге дейін аяқ баспаған жерлерге бару, халықпен етене танысып, дәстүрлі өнерді алыс ауылдарда насихаттау.

Close Menu