Теріс пиғылды діни ағымдардың жастардың санасына тигізер әсері

Теріс пиғылды діни ағымдардың жастардың санасына тигізер әсері

Діни экстремизммен күрес тек Қазақстан мемлекетінің проблемасы ғана емес әлем халқының үлкен проблемасы болып отыр. Экстремистік діни ұйымдардың іс-әрекеті кең ауқымды әрі сан алуан әдістерді қамтиды. Олар өз мақсаттарына жету үшін қолдарындағы барлық құралдар мен әдістерді – заңдыдан заңсызға дейін, тіпті террорлық түрін қолдануға әзір.

Қазақстан мен Орталық Азия аумағында діни экстремизмнің таралуы бүгінде халықаралық сипатты алып бара жатқан біршама күрделі проблемаға айналған. Қалыптасқан діни ахуалдың көрінісінен Қазақстандағы діндарлардың, солардың ішіндегі, әсіресе жастардың арасында радикалды, діни-экстремистік тенденциялардың таралуы бірнеше факторларға негізделгендігін көруге болады:
Мұнда ең алдымен, елдегі шешілмеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар ескерілген жөн. Кейбір ақпараттық көздердің мәліметтері бойынша экстремизм мен терроризм жолына түскен адамдардың 80 пайызға жуығы 19 жастан 28 жасқа дейінгі жұмыссыз жастардан тұрады. Радикалды ағымдарға кіргендердің басым бөлігі тұрмыс жағдайы төмен әлеуметтік қабаттардағы отбасылардан шыққан, әрі тұрақты жұмыспен қамтылмаған тұлғалар.

Сондықтан да, еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың түр сипаттарын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндары, олардың алдын алу жолдары турасында айтар болсақ. Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады.

Бүгін де, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны баршаға мәлім. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жас азаматтарымыз балдарын мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка сабағына қатысуына қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді табыну яғни харам дейтіндері де бар. Осындай ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан еліміздегі кейбір ұл-қыздарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды. Айта кетерлік жәйт, деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастарды, жалпы адамдарды қоғамға қайтару аса қиынға соғады. Себебі олардың сана-сезімдерін уландырғаны соншама, олар кірген жат ағымның «көсемі» не айтса, соны екі етпей орындайтын жанды роботқа немесе сарбаздарға айналады.

Осындай қателіктерге жастарымызды ұрындыратын ең басты себеп – діни сауатсыздық пен ғаламтор кеңістігіндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіру, отбасындағы жанжалдар мен келіспеушіліктер және тәрбиенің жеткіліксіздігі.

Қазіргі таңда, уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті ағымдарға қарсы белсеңді күрестері мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайттарға тосқауыл қойылып жатыр, сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жас өспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық сабақтары өткізілуде. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның және ҚР Дін істері комитетінің бастамасымен әр алуан ағартушылық сайттар мен порталдар іске қосылды, әр қилы деструктивтік ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және ділімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында (телеарналарда, газеттерде және т.б.) арнайы сұхбаттар жүргізілуде.

Қорыта келе, ақпараттық кеңістіктегі түрлі діни сайттардың жұмысын қадағалаумен бірге, жастарымызды мұндай олқылықтардан сақтандыру үшін барынша, жұмылған жұдырықтай атсалысып, тәрбие мәселесіне басты назар аударуымыз қажет. Өйткені, жас ұрпақты тәрбиелеу – әр ата-ананың борышы. Осы ретте, жастарға қоғамның да, қоршаған ортаның да ықпал ететінің ескеруіміз керек. Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Тек сонда ғана осындай теріс пиғылды діни ағымдарға бөгет қоя аламыз.

Теолог:                                                                 Сариев Сұлтангелді Серікұлы

Close Menu