Жамағат татулығы – ұлттық тұтастықтың кепілі

Жамағат татулығы – ұлттық тұтастықтың кепілі

«Жамағат» – ғибадат ету үшін бір жерге жиналған адамдар тобы, шоғыры. Жеке дара ғибадат еткеннен көпшілікпен бірге болып, жамағатпен бірге жасалынған амалдардың сауабы мол болады.

Әдетте, адам жаны жеңілдіктер мен сыйлық алуға құмар келеді ғой. Саудада да солай: қашан кезекті акция болады екен деп күтіп, қалаған затымызды арзан бағада алғымыз келіп жатады. Құныққандық болмаса да, осынау құмарлықты құлының бойына бітірген Алла оны осы қасиеті арқылы құлшындыратыны сөзсіз. Десе де, дүниеге емес әрине. Қайырлы амалдар мен құлшылыққа.

Расымен де, Алла Тағала кей амалдардың сауабын еселеп беретіндігін айтып, біздерді сол арқылы салиқалы істерге құлшындырады. Сондай сыйы мол амалдардың бірі – бұл жамағатпен бірге болу. Бұған дәлел сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен хадис. Онда Алла елшісі (с.а.с.) Имам Бухари, Муслим, Ахмад, Тирмизи, Имам Насаи және Имам Ибн Мажәһ жеткен хадисінде үмметін былай деп сүйіншілейді: «Жамағатпен оқылған намаздың сауабы жалғыз оқылған намаздың сауабынан жиырма жеті есе көп». Яғни, сіздің жеке оқыған жиырма жеті намазыңыздың сауабы жамағатпен оқылған бір намаздікіне пара-пар.

Көпшілікпен, яғни жамағатпен бірге болу мұсылман үмбетінің бірлігін нығайтады.

Ауызбіршілік пен ынтымақ, бірлік Алла Тағаланың адам баласына берген нығметі  иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً

«Кезінде бір-біріңе бітпес дұшпан едіңдер, ал бүгін, Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп Оның баға жетпес нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар» – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезде ең алғашқы  әрі ең маңызды амалдарының бірі – Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір жамағат қылуы. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл әрекетінен мұсылман арасындағы бірліктің мұсылман мемлекетінің іргесінің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сахих Муслимде келген Нұғман ибн Башир (р.а.) риуаят еткен Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген.

Қазақтың біртуар тұлғаларының бірі, Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов өз сөзінде:

«Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады»деген екен.

 

Көз алдыңызға мына бір жайтты елестетіп көріңізші – барлық мұсылмандар өз үйлерінде отырып, бір-бірлерін ешқашан көрмесе, аралас-құрлас болмаса немесе тек жұмыста және мейрамдарда ғана кездесетін болса ше? Онда біз бір-бірімізді қалай білмекпіз? Бай кедейді қайдан таниды? Зекетін қайда береді? Бір-бірімізге қалай қол ұшын бере аламыз?

Ал егер үнемі бірге болып, жамағат болсақ, бірлігіміз нығайып, өзара достығымыз бен сүйіспеншілігіміз күшейіп, бір-бірімізге дінде қолдау көрсететін боламыз. Бауырлармен Алла үйі – мешітте отырып араласқаннан артық нәрсе бар ма? Періштелер сияқты Алланың құзырына сап құрып, жамағайын оқылған намаздың сауабы мол.

Қазақ халқы қашан да бірлік, ынтымақты жоғары бағалаған. Халқымыздың «Бөлінгенді бөрі жер» – деген мақалы ислам негізінен, атап айтқанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінен алынған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жамағатпен бірге болуға шақырған. Себебі көпшілікпен бірге болу пенденің иман қуаттылығына, әзәзілдің арбауына ермей, тура жолға нық тұруына, бауырластықты нығайтып, мол сауапқа ие болуына оң әсерін тигізеді. Мұны мына хадистерден байқауға болады:

«Жамағатпен бірге болыңдар, қасқыр жалғыз қалған қойды жейді».

Немесе Әли ибн Омардан жеткен хадисте: «Көпшілік адам адасушылықта болмайды. Жамағатпен бірге болыңдар. Алла Тағаланың жамағатқа қамқорлығы болады», – деп келеді.

Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте бөлінбеу, бір болу жайында: «Расында, Алла сендердің іштеріңде үш адамға разы болады. Өзіне құлшылық қылғандарға, Өзіне серік қоспағандарға және бөлінбегендерге», – делінеді.

Ойды қорытындылай келе айтарымыз танымал философ А.Бергсон дін жайында: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, филасофияны білмейтін қоғамды кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды», – деген екен. Адамның пайда болуынан бері өмір сүріп келе жатқан діннің халық өмірінде өзіндік мәні зор. Қашанда дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын ерекше құбылыстар болып келеді. Дін – қоғамдық құбылыс, ал қоғам – мемлекеттің негізі дейді ғалымдарымыз. Қоғамда дінаралық келісімді нығайту, мешіттердің жамағатының бірлігін дамыту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі екендігін ұмытпайық.

Мұрат Мұстафаев

Close Menu