Хадис – Құранға негізделген пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздері

Хадис – Құранға негізделген пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздері

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алланың адамдар арасына жіберген елшісі. Оның мақсаты – адамдарды Алланың дініне шақыру, оларға Алланың бірлігі үйрету. Мұсылман баласы пайғамбарға (с.ғ.с.) иман еткенсоң оның шақыруына ереді. Басқаша айтсақ, мұсылман адам пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан хадистері Құранға негізделген деп сенеді. Себебі Алла Тағала бұл жайында былай деп хабар берген:

«Ол ойынан еш нәрсе айтпайды, оның атқан сөзі тек қана (Алладан келген) уахи» (Нажм: 3-4)

Сөзімізді нақтылау үшін Құрандағы «Фалақ» және «Нас» сүрелерінің түсу себептеріне қатысты пайғамбардың айтқан хадистеріне назар салайық:

Тәпсіршілер Құрандағы – Фалақ пен Нас сүрелерінің түсуі пайғамбарға (с.ғ.с.) қатысты екенін айтады. Өйткені Ләбидтің яһуди сиқыршы пайғамбарға (с.ғ.с.) сиқыр жасайды. Осы оқиға туралы Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былайша баяндаған:

«Алланың елшісін (с.ғ.с.) Бәни Зурайық қауымынан Ләбид ибн әл-Асам деген адам сиқырлады. Сонда пайғамбарға (с.ғ.с.) істемеген амалы істеген сияқты болып көріне бастады. Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) менің бөлмемде ұзақ дұға жасады. Сосын:

– Ия, Айша! Алланың менің сұрағаныма жауап бергенін сезбедің бе? Маған екі кісі келіп біреуі бас жағымда, екіншісі аяқ жағымда отырды. Сосын біреуі екіншісіне:

– Бұл кісіге не болған? – деп сұрады.

Екіншісі:

– Сиқырланған – деді.

Сонда біріншісі:

– Сиқырлаушы кім? – деп сұрады.

Екіншісі:

– Ләбид ибн әл-Асам – деді.

Біріншісі:

– Немен сиқырлады?» – деп сұрады.

Екіншісі:

–Тарақ, тарақтағы шаш және еркек құрма ағашының басындағы шашақтарымен – деді.

Біріншісі:

– Олар қайда? – деп сұрады.

Екіншісі:

–Зәруан құдығында – деп жауап берді – деді.

Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) сол құдыққа сахабаларымен бірге барып қайтты. Келген соң:

–Ия, Айша! Оның суы қына қосылған судың түсіндей (қызыл) екен. Ал ондағы құрма ағашының бастары шайтанның басы сияқты – деді.

Мен:

– Уа, Расулулла! Әлгі затты шығарып алмадыңыз ба? – деп сұрадым. Сонда ол (с.ғ.с.):

– Алла мені одан сақтады. Адамдарға одан (шығарғаннан) бір жамандық келер деп ұнатпадым – деді. Кейіннен Пайғамбар (с.ғ.с.) си-қырланған затты шығаруға бұйырды. Ол зат шығарылып, көміліп тасталынды» (Бұхари және Мүслим).

«Нас» сүресі Құран Кәрімдегі ең соңғы – 114-ші сүре. Меккеде түскен алты аят. «Фалақ» сүресі екеуі сақтанушы сүрелер деп аталады. Осылайша Құран «Фатиха» сүресімен басталып, «Нас» сүресімен аяқталады. Яғни, әлемдердің Раббысына мадақпен басталынып, Алланың атымен адамдар мен жындардың жамандықтарынан сақтанумен тәмәмдалады.

Сол сияқты Құрандағы сүрелердің әрбіріне қатысты ерекшеліктерін сипаттап, мазмұнын баяндаған хадистер көп. Бұған қоса Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабарға үнемі дін исламды, оның шариғатын ашықтап түсіндіріп отырды. Сондықтан да хадис Алланың Кітабына негізделген.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu