Хадис жеткізген сахаба

Хадис жеткізген сахаба

Абдулла ибн Аббас – бойына білімдің сіңіре белген ірі сахабалардың бірі. Ол кішкентай кезінен пайңамбардың (с.ғ.с.) тәлім-әрбиесін көріп өскен сахаба. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ибн Аббас үшін арнайы: «Иа, Алла! Оған діннің рухын үйрет және тәуилді (Құранның негізгі тура мағынасы) жетік білуін нәсіп ет!», – деп дұға қылған. Осы арнайы дұғаның өзі Ибн Аббастың пайғамбарға (с.ғ.с.) ұаншалықты жақын болғанын білдіреді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы дұғасы қабыл болып, Ибн Аббас ғалым болды, көзі тірі кезінде-ақ, «хибру әл-умма (үмбеттің дана ғалымы) және «тәржуману әл-Құран» (Құранды аударушы) аттарға ие болды. Ибн Аббас хадис ілімдерімен қоса тәпсір, фықһ және әдебиет оның ішіндегі жәһилият дәуіріндегі (исламнан бұрыңғы кездегі) өлеңдерді жатқа білуімен атты шыққан.

Ибн Аббас та өзге сахабар сияөты көптеген хадистерді жеткізді. Біз бұл хадистер арқылы дін исламды кеңінен танимыз. Мысалы, осындай ибн Аббас жеткізген хадистердің бірі – төмендегі хадис. Бұл хадис бізге аятпен бірігіп, өмірде тылсым дүненің бар екенін дәледейді. Сонымен қатар хадис арқылы жын-шайтандардың бір бөлігі Құранға иман келтіргендігі жөнінде білеміз. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді:

«Расулулла (с.ғ.с.) бір топ сахабаларымен Ұказ жәрмеңкесіне қарай бет алды. Сонда шайтандар аспаннан түскен хабарға кедергі келтірмек болған. Сол кезде оларға қарай күлгін түсті жұлдыздар атылған. Шайтандар елдеріне қайтқанда қауымдары олардан:

– (Неге тез оралдыңдар?) Сендерге не болды? – деп сұрайды. Сонда олар: «Аспаннан түскен хабарға кедергі келтірмекші болып едік, бізге қарай күлгін жұлдыздар жіберілді», – деп жауап берді. Сонда қауымдары:

– Онда сендерге бір нәрсе кедергі болған болуы керек. Жер бетін шығысы мен батысын толық шарлап шығыңдар. Аспан хабары мен сендердің араларыңда кедергі болған нәрсені іздестіріңдер – деп бұйырады.

Жындардың Тиһама аймағына барған тобы бір құрма ағашының түбінде Ұказ жәрмеңкесіне бара жатқан пайғамбар (с.ғ.с.) оның сахабаларын көреді. Олар мұнда таң намазын оқып жатыр екен. Сонда жындар Құран аяттарын естіп, құлақтарын түріседі. Сосын: «Демек, сендердің аспан хабарымен араларыңа кедергі болған нәрсе осы екен ғой», – десіп дереу қауымдарына қайтады. Оларға барып:

– Уа, қаумымыз! Біз туралыққа бастайтын бір керемет Құранды естіп, оған иман келтірдік. Енді Раббымызға еш серік қоспаймыз – дейді. Осыдан кейін пайғамбарға (с.ғ.с.): «Жындардан бір тобының Құран тыңдағаны маған уахи етілді» деп айт» – деген аяттар түсірілді (Жын: 1). Мұнда пайғамбарға (с.ғ.с.) жындардың сөздері айна-қатесіз уахи етілді» (Бұхари және Мүслім).

Осы сияқты хадистерден көптеген тағылым аламыз. Адамның жеке өмірінде, отбасында, ұжымда, кәсіпте. басқалармен қарым-қатынаста, үйдегі, көшедегі жүріс-тұрыста хадистер бізге бағыт береді. Дін исламның жер бетінде кеңінен тарқауына сахабалардың қосқан үлесі зор. Сахабалар хадис жеткізуде бірін-бірі толықтырды. Олардың пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткізген риуаяттары алуан түрлі тақырыпты, саланы, мәселені қамтиды. Сол себепті мақалада айтылған Ибн Аббас осы сахабалардың (хазіреті Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Айша анамыз т.б.) бірі ғана. Біз бұл кісіні хадистің біздің өмірдегі, діндегі және ұстанымдағы орны мен маңызын көрсету үшін мысалы ретінде келтіргенді жөн көрдік.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu