Хадистің қазақ мақал-мәтеліндегі көрінісі

Хадистің қазақ мақал-мәтеліндегі көрінісі

Ислам діні ертеден қазақ халқының тарихи және мәдени негіздерде қалыптасқан діні. Дініміз ислам болғандықтан исламның элементтері біздің көптеген қазақи салт-дәстүрімізмен, әдет-ғұрыптарымызбен (азан шақырып ат қою, сүндетке отырғызу, Құран оқытып ас беру, неке қию, құрбандық шалу, тасаттық беру, айттық дастақан жаю, жаназа намазын шығару сияқты т.б.) біте қайнасып кеткен. Арабтан келген кірме сөздер тілімізде белгілі орын алғандықтан араб элементтерін қазақ халқының мақал-мәтелдерінде ғана емес, тіпті ғылым мен мәдениет салаларында да анық көреміз. Бұған қоса өз заманында араб тілі ғылым тілі болды. Қазақтың ақын-шайырлары, жазушылары мен ағартушылары араб тілінде сауат ашты, молдалардан араб тілінде тәлім алды. Осы аталмыш жағдаятардың барлығы қазақ халқының фольклорында Құран мен хадистердің үлкен ізін қалдыруға ықпал етті.

Арабтар да қазақ халқы сияқты ауыз әдебиетіне, тілге шебер халықтың бірі. Құран  –араб жазу әдебиетінің ең ірі өрнегі ғана емес, ол діннің қасиетті қайнар көзі. Діннің екінші қайнар бұлағы – пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері. Хадис – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан сөздері, насихаттары мен сүннеті. Бұл екі қайнар тек қазақ халқының фольклорына емес, барлық мқсылман халықтарының ауыз әдебиетінде өз ізін қалдырды десек артық болмас.

Сонымен пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінен сусындаған қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер жеткілікті. Әрине, мұндай хадистер қазақ халқының менталитеті мен дүниетанымына, сөз саптау қағидаларына сәйкес біраз ауысым жасауы мүмкін. Бірақ, жалпы алғанда ойды жеткізу, маңыналық жағынан мазмұн философиясы сақталады.

Имандылыққа, дінге, обал мен сауапқа, ізгілік пен жақсылыққа жалпы рухани дүниеге қатысты айтылған қазақ мақал-мәтелдерінде пайғамбардың (с.ғ.с.) айтұан хадистерімен үндестік байқалады. Басқаша болуы мұмкін де емес өйткені, жоғарыда айтқандай діннің қайнар көзі Құран мен сүннет. Дінмен үндестік тапқан мақал-мәтелдер көбінесе, адамды инабаттылыққа, жақсы мінез-құлыққа, бауырмалдыққа, білімге, ар-ождан мен әділеттікке, сабырлылыққа т.б. көркем сипаттарға баулиды.

Мысалы, бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалармен отырған уақытта:

– Сендер сүйсінетін, әрі оны істеген кезде қуанатын бір нәрсе айтайын ба? деп сұрайды.

Сахабалар:

– Әрине, уа Алланың елшісі (с.ғ.с.)!

Пайғамбар:

– «Әфшус-сәләмә бәйнәкум!», (өз араларыңда сәлемді тарқатыңдар!) яғни, сәлемдесіңдер! дейді.

Осыдан бастап, мұсылмандар бірін-бірі көрген уақытта таныса да, танымаса да сәлем беру (ассаламу ғалейкум деп амандасу) әдеті қалыптасты. Сәлем беру – сүннет, ал оны қайтару уәжіб болды.

«Сәлем беру» мәдениеті қазақта да қалыптасқан дәстүр. Қазақтың мақалдарында да кездеседі. Мысалы, «сәлем сөздің атасы», «Әдепшілік белгісі – иіліп сәлем бергені» және т.б. Сондықтан да қазақ баласы бөтен үйге кірген уақытта «ас-салаумағалейкум!» деп дауыстап, иіліп кіретін болған.

Келесі мысал, пйғамбар (с.ғ.с.) мәшһүр хадисінде былай деп айтұан: «Ұят – иман белгісі» деген. Ал енді келесі хадисінде: «Ұят – тек жақсылық әкеледі», – деп айтқан (Бұхари, Муслим). Өйткен, ұятты адам қолынан келгенше тілді жалған сөзден, ғайбаттан, өсек тасудан, құлақты жаман сөздер тыңдаудан т.б. ағзаларын харамнан сақтауға тырысады.

Қазақ үшін де «ұят» ұғымының маңызы өте жоғары. Ғабит Мүсірепов ағымыз: «Қазақта ар-ұят ең жоғары саналады», – деп бекер айтпаған. Ілтипатты, әдепті, байсалды да көрегенді баланы қазақ «иман жүзді» деп айтады. Сол сияқты «Өлімнен ұят күші», «Адамның ұяты бетінде» деп адамның бойындағы «ұят» категориясын хадисте айтылғандай бір өлшем ретінде көрсететін сөздеріміз жетеді. Тобықтай сөздің түйіні – хадистің қазақ мақал-мәтелдеріндегі көрінісі бар құбылыс.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu