Хадистердің түрлері (Құдси хадис)

Хадистердің түрлері (Құдси хадис)

Хадистер «нәбәуи» және «құдси» болып екiге бөлiнедi. «Нәбәуи» дегеніміз – сөзі де, мағынасы да пайғамбардан (с.ғ.с.) келген хадис. Басқаша айтқанда, бұл хадистің иесі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Нәбауи хадистердің айтқан уақытта «пайғамбар айтты…» деп басталады. Ал енді «құдси» хадис – сөзі пайғамбардікі, мағынасы Алла Тағаладан келген хадис. Сондықтан да құдси хадистер «Алла Тағала айтты…» деп келеді. Құдси хадистер қасиеттілігі жағынан Құран аяттарымен теңелмейді бірақ, мәртебесі жағынан нәбауи хадистерден жоғары тұрады. Құран мен құдси хадистердің әлі де айырмасын тану үшін кейбір ерекшеліктерін атап өтейік. Мысалы:

Құран – құлшылық жасау үшін оқылады, қудси хадистер бұл мақсатта оқылмайды;

Құран Кәрімнің сөзі де, мағынасы да Алла Тағаладан.

Құдси хадистің мағынасы Алланікі, ал сөзі пайғамбардікі.

Құранды жүректе сақтау және дәретсіз ұстамау парыз, ал қудси хадистер дәл бұлай қасиет тұтылмайды;

Құран күллі тіршілік иесіне олардың шарасыздығын дәлелдеу үшін Алла тарапынан келген айғақ;

Қудси хадис Құран сияқты Алланың жер бетіне жіберген кітабы болып саналмайды;

Қудси хадисте «Алла Тағала былай дейді» және «пайғамбардың (с.ғ.с.) Алладан риуаят етуінше» деп айтылады.

Енді құдси хадиске нақты мысалы ретінде бір хадис келтіріп, оны қысқаша түрде талдауды жөн көрдік. Бұл хадис мәтіні жағынан шағын болып көрінгенімен мазмұны кең. Исламда Алла Тағала адамға өз нәпсісіне зұлымдық жасауын және басқаларға да зиян келтіруді харам етті. Мұның дәлелін төмендегі қудси хадистен көреміз:

«Ей, құлдарым! Расында Мен зұлымдықты Маған және өз араларыңда жасауларыңды харам еттім. Біріңе-бірің зұлымдық қылмаңдар!», – деп айтқан (Муслим).

Негізінде зұлымдықты әділсіздік деп айтсақ та болады. Себебі зұлымдық – басқаның ақысын жеу, әділдіктен ауытқып өзгенің ақысына қол салу, оған зиян тигізу.

Исламдағы зұлыдық жалпы үш түрге бөлінеді:

  1. Адамның өз нәпсісіне жасайтын зұлымдығы. Адам нәпсісінің құмары мен қалауына еріп кетуі және Алланың бұйырған әмірлеріне немқұрайлық танытуы. Нәпсісін күнә, бұзық істермен кірлетуі:

«Алла оларға зұлымдық қылмады бірақ, олар өздеріне зұлымдық қылған еді» (Нахыл: 33).

  1. Адамның Аллаға қатысты жасайтын зұлымдығы. Егер адам өз Раббысына күпірлік қылса, Алланы мойындамаса, онда Оған зұлымдық қылғаны:

«Ей, мүміндер! Сендерге берген несібемізден саудаласу, достық, болысушылық болмайтын бір күннің келуінен бұрын Алла жолында жұмсаңдар. Ал қарсы болушылар, олар залымдар» (Бақара: 254).

Сол сияқты егер адам жасаған құлшылығында Аллаға серік қосса да зұлымдық жасағаны:

«Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: Ей, ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу зор зұлымдық деді» (Лұқман: 13).

  1. Алланың басқа құлдары мен мақұлықтарына жасалатын зұлымдық: Өзгенің малын, ақысын жеу. Олардың құқығын аяқ асты етіп, дөрекі сөздер айту. Өзінің мансабы мен қызметін пайдаланып, әлсіздерге әлімжеттік жасау сияқты амалдардың барлығы зұлымдыққа жатады. Алла тағала зұлымдық жасамау және оның зияндығы мен есебі жйында көп айтқан:

  «Аллаға өтірік жала жапқаннан асқан кім залымрақ. Міне бұлар Раббыларының құзырына шығарылады. Сондай-ақ, айғақтары да: Міне бұлар, Раббыларына өтірік айтқандар – дейді. Естеріңде болсын! Алланың қарғысы залымдарға тән» (Һуд: 18).

«(Мұхаммед (с.ғ.с.) Алла залымдардың істегендерінен қаперсіз деп әсте ойлама! Шынында Алла оларды көздер шарасынан шығатын бір күнге дейін кешеуілетеді» (Ибраһим: 42).

«Бұл ақиқат (Құран) Раббыларыңнан – де. Сонда кім қаласа сенсін, кім қаласа қарсы келсін. Расында Біз, залымдар үшін дуалдарды қоршап алатын тозақ отты әзірледік. Егер олар су сұрап жалбарынса, еріген кен тәрізді беттерді қуыратын бір су беріледі. Ол нендей жаман орын» (Кәһф: 29).

«Шынында сөгіс, адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзінде орынсыз шектен шыққандарға лайық. Міне солар үшін жан түршігерлік азап бар» (Шура: 42).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu