Айшаның (с.ғ.с.) хадис жеткізудегі орны

Айшаның (с.ғ.с.) хадис жеткізудегі орны

Сахабалар Алланың елшісінен (с.ғ.с.) естіген сөздерін, көрген амалдарын кейінгілерге жеткізіп отырды. Олардың бұлай жасауларына Алланың елшісі де (с.ғ.с.) жігерлендірін отырған:

«Менің айтқанымды естіп, ұғынып, түсініп және (басқаларға дұрыс) жеткізген адамның Алла Тағала жүзін нұрландырсын» (Әбу Дәуіт, Термези, Ибн Мәжәһ).

Қандай да бір белгілі сахабаның басқалардан ерекшелігін айтқан уақытта өзге сахабаларға да құрметтің ерекше екенін естен шығармаған жөн. Өйткені Айлланың елшісі (с.ғ.с.) хадисінде сахабаларды қуаіпсіздің кепілі деп атаған: «Жұлдыздар аспан қауіпсіздігінің кепілі. Олар жоғалған кезде аспанға уәде етілген нәрселер келеді. Ал, мен болсам, сахабаларымның қауіпсіздігінің кепілімін. Мен кеткен кезде саха-баларыма уәде етілген (қауіпті) нәрселер келеді. Сахабаларым да үмбетім үшін қауіпсіздік кепілі, олар кеткен уақытта үмбетіме уәде қылынған (бидғат) нәрселер келеді» (Мүслим).

Ал Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) риуаят қылған хадисте: «Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер, өйткені сендерден бірің Ұхұд тауындай алтын садақа қылса да, олардың біреуінің жұмсаған бір уысына да, тіпті оның жартысына да жетпейді» (Бұхари).

Сондықтан да сахабалардың мәртебесі асқақ. Десек те хадистерді риуаят қылған сахабалардың арасында Айша анамыздың (р.ғ.) алар орны да ерекше. Кейінгі мұсылман ұрпақтарына хадис жеткізуде анамыздың атқарған ролі үлкен. Ол кісі екі мыңнан аса хадисті риуаят қылып «муксирун» (мыңнан астам хадис хадисты риуаят қылған кісілерге айтылады)  сахабалардың қатарына кірген жан. Сонымен Айша анамыздың пайғамбардан (с.ғ.с.) хадис жеткізудегі кейбір ерекшеліктерін төмендегі реттілікпен көрсетуге болады:

– Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірлік жары, анамыз;

– «муксирун» риуаятшылардың қатарына жатады;

– пайғамбардан (с.ғ.с.) тәлім алған;

– әйелдерге тән фиқһ мәселелерін жеткізді және т.б.

Расында да ислам діні енді тарқап, адамдар жаңадан дінді қабылдап жатқан уақытта, әсіресе әйел кісілер өздеріне қатысты фиқһ мәселелерін келіп, тікелей пайғамбардан (с.ғ.с.) сұрауға ұялатын. Сондықтан да олар Айша анамыз арқылы сұріп үйренетін.

Айша анамыздың пайғамбардан (с,ғ,с,) жеткізген хадистері мұсылман үмбетіне дінді түсіндіреді, исламға сәйкес өмір сүру қағидаттарын көрсетеді. Сондықтан ол кісінің хадис жеткізудегі маңызы мен орнын сөзбен айтып жеткізу үшін жай мақала жеткіліксіз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері ақыр заманға дейін қала бермек. Мысалы, Хаким өзінің Сахихында Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисын риуаят етеді:

«Тағдырдан сақтанып болмайды. Алайда дұға басқа түскен бәле үшін де, енді түсетін бәле үшін де пайдалы. Қашан бәле түсірілгенде оны қарсы оқылған дұға қарсы алып, екеуі қиямет күніне дейін күресумен болады».

Бұл хадистің қолданылу заманы шексіз яғни, мерзімі шектелмейді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында айтылып, сонау қиямет күніне дейін жалғаса береді. Хадисте айтылған тақырып та, мәселе де өзекті.

Сөзіміздің соңында Имран ибн Хусейнның (р.а.) риуаят қылған пайғамбардың (с.ғ.с.) мәшһүр мына хадисымен түйіндейміз: «Үмбетімнің ең жақсылары – менің ғасырымда өмір сүргендер, сосын олардан кейін келгендер, сосын олардан кейін келгендер» (Бұхари). Сахабалар – ізгі адамдар. Әр сахабаның ислам тарихяндағы орны айырықша, мәртебесі жоғары. Алла Тағала Айша анамызға разы болсын.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu