«Бақара» – жамандықтан қорғайтын қамал

«Бақара» – жамандықтан қорғайтын қамал

Құранның әрбір сүресі өзіне тән қасиетімен ерекшеленеді. Бақара сүресі де көптеген қасиеттермен белгілі. Бұл туралы Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзінің әйгілі хадистерінде айтып кеткен. Осындай хадистердің бірін Сәһл ибн Сағыд (Алла оған разы болсын) пайғамбардан (с.ғ.с.) былай риуаят қылады:

«Әрбір нәрсенің шоқтығы болады. Құранның шоқтығы – Бақара сүресі. Кім оны түн мезгілінде үйінде оқыса үш түнге дейін оның үйіне шайтан кіре алмайды. Ал кім оны күндіз оқыса үш күнге дейін оның үйіне шайтан кіре алмайды», – деген (Ибн Хиббан, Табарани және Байһақи).

Сонымен қатар Бақара сүресінің осындай ерекшеліктерінің бірін ислам тарихындағы мына оқиғасынан да байқаймыз: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір топ адамды жолға шығарады. Олардың арасынан Құранды жатқа білетін кім екенін сұрайды. Сөйтіп топтың ішіндегі ең жастауы болғанына келіп:

– Достым, Құраннан не жаттағаның бар? – деп сұрайды.

Ол:

– Бір қатар сүрелер және «Бақараны» жатқа білемін, – деп жауап береді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Бақара сүресін жатқа білемін дейсің бе? – деп әлгі адамның жауабын нақтылағысы келді. Ол:

– Ия, жатқа білемін, – деді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Олай болса, сен осылардың әмірі (басшысы) боласың – дейді.

Сол кезде осы топтың арасындағы ең құрметті болғаны:

– Аллаға ант етейін! Мен Бақара сүресін жаттап алғым келді. Бірақ, оның жауапкершілігінен қорықтым (яғни егер оны жаттаған болсам, онда оған амал қылуым қажет), – деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Құранды үйреніңіздер және оны оқыңыздар. Расында осы кім үйренсе әрі оқитын болса, онда оның оқыған Құранының мысалы – иіс су салынған толы қапшық сияқты. Оның қош иісі жан-жаққа тарайды. Ал енді Құран үйренген адам аяқ созып, жататын болса, онда оның мысалы –  иіс су салынған толы қапшықтың үстінде жатқан сияқты», – деп айтқаны туралы хабар бар.

Үйде оқылып тұрған Бақара шаңыраққа береке шақырып, отбасына тыныштық сыйлайды. Бұған Алла елшісінің (с.ғ.с.)былай деп айтқаны дәлел: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар!  Шындығында Бақара сүресі оқылған үйге шайтан кірмейді», – деген (Мүслим, Ахмет).

Алланың елшісі (с.ғ.с.) келесі хадисінде де ұрыс пен жанжал болмасы үшін жиі оқып тұруға жігерлендіреді: «Шындығында Алла Тағала көктер мен жерді жаратпастан екі мың жыл бұрын бір кітап жазды. Ол аршының қасында. Сосын Ол сол кітаптан екі аят түсіріп, олармен Бақара сүресін тәмамдады. Қандай да бір үйде сол екі аят үш күн бойы оқылса, ол үйге шайтан жақындамайды», – деп айтқан (Термези және Насайи).

Ал Бақара сүресінің соңғы аяттары туралы былай деген: «Алла Бақара сүресін Өзінің аршының астындағы қазынадан маған алып берген екі аятымен тәмәмдады. Сендер сол екі аятты үйреніңдер, әйелдеріңе де, балаларыңа да үйретіңдер. Шындығында ол екі аятты оқу – құлшылық, қырағат әрі дұға» (Хаким).

Тағы бір хадисінде: «Кім түнде Бақара сүресінің соңындағы екі аятты оқыса оған жеткілікті болады», – деп айтқан (Ахмад, Бұхари, Мүслім және Ибн Мәжаһ).

Әрине, Құран оқи білсек, оның әрбір сүресі береке әрі шипа. Біздің «Мен бір сүре жаттадым», «Маған Бақара сүресі жеткілікті» немесе «Ясин сүресі болады» деп бір немесе екі-үш сүремен шектелу қате. Мүмкін болса Құран сүрелерін көбірек және оларды бір-бірінен айырмай жаттауға қүш салу қажет. Сондай-ақ, Құранды бір сүре «күшті», «пәленше сүре әлсіз» деген сөздермен бөлектеуге болмайды. Әр сүренің (тарихы, түсу себебі, орны және т.б.) ерекшелігі ғана бар. Қайсы бір аятты оқысаңыз да барлығы – Құран, барлығы да – Каләмулла.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu