«Ясин» – Құранның жүрегі

«Ясин» – Құранның жүрегі

Дін мамандары Құранның қасиеті мен ондағы сүрелердің ерекшеліктері жайында насихат айтқанда «Ясин сүресі – Құранның жүрегі» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ, нақты «Ясин» сүресінің қасиетін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Сондықтан да бұл қысқаша ғана мақалада «Ясин» сүресінің не үшін «Құранның жүрегі» деп аталғанына, оның қасиеттері мен ерекшеліктері, жүректің маңызы туралы сөз алмақ ойдамыз. Расында да Құранның әрбірі сүресі қасиеті және өзіне ғана тән ерекшеліктері бар екені анық. Осындай сұрелердің бірі «Ясин» сүресі.

Ясин – Меккеде түскен сүре болғандықтан «Меккелік» деп аталады. Құрандағы 114 сүренің 36-сы. Мұнда 83 аят бар. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сүреге қатысты айтқан мынадай хадисы бар: «Әр нәрсенің жүрегі бар, Құранның жүрегі Ясин сүресі» (Термези).

Енді «Ясин» сүресі не үшін жүрек аталғандығын анықтау үшін әуелі жүректің маңызына тоқталайық. Жүректің адам өміріндегі маңызын білмейтін адам жоқ шығар. Жүрек адамның өмір сүруі үшін ең маңызды ағзасы. Бір марқұм жайында айтқанда «жүрегі нашар ма еді?» деп сұраймыз немесе нашарлап жатқан адам туралы «жүрегі мықты әлі-ақ, тұрып кетеді» дейміз. Демек, жүрек тоқтаса, өмір тоқтайды. Сондықтан да «жүрегі тоқтап қалыпты» дегенді естісек, дереу ол адамның қайтыс болғанын түсінеміз. Бұл айтқанымыз ағзадағы жүректің анатомиялық маңызы еді. Дін ғалымдары болса, оның ішкі, рухани маңызына кеңірек тоқталған. Олардың айтуынша «егер жүрек «дүние құмарлық», «тәкаппарлық», «құдайсыздық» және осы сияқты т.б. дерттердің біріне шалдықса, онда оған медицина жәрдем бере алмайды. Дәрігердің алдында ол сау жүрек болып көрінгенімен дін бойынша қатты дертке шалдыққан жүрек. Ол мәңгілік өмірден мақұрым қалды» деп айтқан. Мысалы, имам Әбу Хамид әл-Ғазали мәшһүр «Діни ілімдердің қайта жандануы» атты шығармасында жүректің рухани дерті жайында былай деген: «Жаман мінез – жүрек дерті, жанды жұтатын ауру. Дененің дерті жалған дүние сияқты өтеді де кетеді, ал жүрек жаман мінез ауруына шалдықса, онда мәңгілік дүниең (ақыретің) күйеді. Шебер дәрігерлер денеге қанша көңіл бөліп, дәріні дәл өлшеммен берсе-дағы, жалған өмірдің өткеніне қарап қалғаннан басқа шара таба алмайды. Ендеше мәңгілік өмірді бос өткізуге себеп болатын жүрек дертіне көңіл көбірек бөлгеніміз жөн» (Ихия-у Улум әд-Дин).

Расында да ғалымдарымыз айтқандай рухани дертке шалдыққан жүрек, ақыреті үшін еш нәрсе істемейді. Оның махаббаты – осы дүние. Адам баласы жақсылық немесе жамандық істесе де оның жүрегіне байланысты.

Имам Әбу Хамид әл-Ғазали «Ясин» сүресінің Құранның жүрегі деп аталуының себебіне қатысты мынадай сөздер айтқан: «Құранның негізін «иман» мәселесі құрайды. Иманның дұрыс болуы өлгеннен кейін қайта тірілуге илануға байланысты. Бұл мәселе «Ясин» сүресінде шебер баяндалған. Міне, сондықтан да ол тәннің саулығын қамтамасыз ететін жүрекке теңеліп айтылған».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке мүшриктерін иманға шақырады. Өлгеннен кейін қайта тірілуді, есеп күні жайында айтады. Сонда бір мүшрик шіріп кеткен сүйекті мүжіп, пайғамбардың (с.ғ.с.) бетіне шашып жібереді де: «Ей, Мұхаммед! Сонда сен бізді мынадай шіріп кеткенненн кейін қайта тіріледі деп тұрсың ба?!» деп айтады. Осыған байланысты Алла тағала «Ясин» сүресінің мына соңғы аяттарын түсіреді:

«Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да ашық қиқарлық істейді.  Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: «Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» –  деді. (Мұхаммед с.ғ.с.): «Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі» деп айт. Ол сондай Алла, сендерге жасыл ағаштан от жаратты. Сол уақытта сендер оны жағасыңдар. Сондай көктер мен жерді жаратқан Алла, олар сияқтыны жаратуға күші жетпейді ме? Әлбетте күші жетеді. Ол – әр нәрсені жаратушы, толық білуші» (Ясин: 77-81).

Мұнда Алла Тағала адам баласы өзінің қалай (бір тамшы судан) жаратылғанын  ұмытып, Құдайға қарсы шыққаны және  пендені өлгеннен кейін шіріп кетседе қайта жарататыны жайында хабар береді. Әуеліде адам жоқ еді, кейін бар қылдық. Жоқ нәрсені бар қылған жеңіл ме әлде өліп қалған нәрсені қайта тірілткен жеңілрек пе? Әрине, Алланің күші әр нірсеге жетеді. Ол – жаратушы. Демек, Әбу Хамид әл-Ғазали айтқандай «Ясин» сүресі осылайша «иман» мәселесінің негізін баяндау арқылы Құранның жүрегі атанған екен. Алла білушірек.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu