Ислам фиқһы негіздері

Ислам фиқһы негіздері

Кез келген ғылым бірнеше салалардан құралатыны секілді, ислам дінін түсіну мен зерттеу де бірнеше салалардан тұрады. Олардың қатарынан араб тілі қағидалары, тәжуид (Құран кәрімді оқу ережелері) секілді ғылымдарды айтуға болады. Сол секілді «фиқһ негіздері» де шариғатты түсінуде ең маңызды ғылымның бірі болып табылады.

Тілдік және терминдік мағынасы. Фиқһ негіздері араб тілінде «усул әл-фиқһ» деп аталатын екі сөзден құралған. Әуелгі «усул» сөзі араб тілінде «негіз», «тірек», «оған қаланатын нәрсе» мағыналарын, ал «әл-фиқһ» сөзі «іс-әрекет пен сөздердің орындалу мақсатын көздейтін терең түсінік» деген мағынаны білдіреді[1]. «Усул-фиқһ» сөзі шариғатта «дәлелдерден шариғи үкімдерді шығаруда сүйенетін ережелер» – деген мағынаны білдіреді[2].

Фиқһ негіздері ілімінің қалыптасу тарихы. Фиқһ негіздері ілімі Пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)және сахабалар дәуірінде жеке дара ғылым ретінде арнайы кітаптар жазылып, ережелері бекітіліп қалыптаспаған еді. Өйткені ол дәуірлерде Құран және хадистерді түсінуде қиындық пен мұқтаждық туындаған жоқ. Сахабалар Құран мен хадистерден түсіне алмаған тұстарын Пайғамбардан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сұрайтын, сонымен қатар араб тіліндегі сөз тіркестері мен сөздер өз араларында қолданыстағы жалпыға түсінікті еді. Мәселен, Омар ибн Әл-Хаттаб халифалық тұсында Әбу Муса Әл-Ашғариді Хадрамаут қаласына өзінің өкілі әрі қазылық жасау қызметіне жіберген уақытта оған былай деп айтқан: «Құраннан және Пайғамбар сүннетінен таба алмағын мәселелердің ұқсастарын таразыла, оның ішінен Жаратушы мақсат еткенге әрі ақиқатқа жақынын ал»[3]. Уақыт өте келе ислам діні шартарапқа кеңінен таралып, ұлттар мен қоғам өкілдері арасында Құран мен хадистерді түсінуде әр түрлі пікірлер, келіспеушіліктер мен қиындықтар туындады. Осы себепті ғалымдар арасында ислам дінінің негіздерін түсінуде белгілі қағидалар мен ережелер бекіту қажет болды. Фиқһ негіздері ілімінде тарихта ең алғаш жазылған, Шафиғи мектебінің негізін қалаған Мухаммед ибн Идрис «Әл-Ум» атты еңбегі саналады[4]. Мухаммед ибн Идрис 204 х. жылы дүние салғаннан кейін фиқһ негіздері ғылымында ғұламалар тарапынан көптеген еңбектер жарық көрді. Алғашқы дәуірлердегі ғалымдар бекіткен ережелер қазіргі күнімізде біз үшін құнды еңбек, әрі ислам дінінің негіздерін дұрыс түсінуде үлкен мұра болып қалды. Кейінгі ғасырлардағы ғалымдар алғашқы жазылған еңбектерді негізге алып, барлық шариғат мәселелерін түсінуде негізгі тірек санады.

Фиқһ негіздері ілімінің қайнар көздері. Фиқһ негіздері негізгі төрт қайнар көзден тұрады. Олар: Құран, сүннет, ижмағ және қияс.

  • Құран кәрім. «Құран» сөзінің араб тілінде «оқу» деген мағынаны білдіреді. Құранда «кітап», «түсіру», «айқын дәлел»,«еске алу» секілді өзге сөздермен келеді. Негізгі анықтамасы: «Алла Тағаланың Пайғамбар Мухаммедке (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)араб тілінде түсірген, ең қысқа сүресінің өзі мұғжиза болып табылатын (адамның ойдан шығаруы мүмкі болмаған), кітапта жазылған, тауатур (адамдар тарапынан өзгертілмеген)жолымен жеткен, «фатиха» сүресімен басталып, «нәс» сүресімен аяқталатын Жаратушының сөзі»[5].

Ерекшеліктері:

  1. Адам баласының жазуға не айтуға шамасы жетпеген сөз тіркесі мен шешендік қолданылған Жаратушының сөзі.
  2. Өзге тілдер қосылмаған, тек араб тілінде түсірілген. Өзге тілдердерге аударылып, толық мағынасын жеткізу мүмкін болмайды. Сол себепті өзге тілдерге аударылған Құран «мағыналы аударма» деп аталады.
  3. Қазіргі күнімізге дейін тауатур (адамдар тарапынан өзгертілмеген)жолымен жетуі. Сол үшін Құраннан қазіргі уақытымызға дейін бір әрпі де өзгертілмеген деп айтамыз[6].
  • Сүннет. «Сүннет» сөзі «қалыптасқан жол» мағынасын білдіреді. Негізгі анықтамасы: «Пайғамбардың сөзі, жасаған іс-әрекеті мен өзгелерге білдірген құптауы». Сүннеттің ислам дініндегі орнына келсек Құраннан кейінгі негізгі қайнар көз саналады. Дәлелдер мен үкімдерді баяндауда төрт бөлімге бөлінеді.
  • Сүннет Құрандағы бұйрықтар мен тыйымдарды қуаттап келеді. Мысалы, «әйелдеріңе жақсылықты өсиет етіңдер» деген хадисі Құрандағы «Әйелдермен жақсы мәміледе болыңдар»[7] аятын қуаттап келеді.
  • Сүннет Құрандап баяндап, айқындап түсіндіреді. Мысалы, «сендерге одан өзгесіне рұқсат етілді»[8] аятын «ер әйелінің әкесі мен анасының қыз бауырларына және бауыры мен әпке-қарындасының қыздарына некеленбейді» хадисі айқындайды.
  • Сүннет Құранның кейбір аятының үкімін жояды. Мәселен, мирас қалдырушы өсиет қалдыруға бұйырылды мағынасындағы бақара сүресінің 180-аятынның үкімін «мирас қалдырушының өсиеті жоқ» хадисі жояды.
  • Сүннет Құранда келмеген үкімді баяндайды. Мәселен, алтын мен жібек киімді кию ерлерге тыйым салынғандығы хадисте келгенімен, Құранда келмеген[9].
  • Ижмағ. Құран мен сүннеттен кейінгі қайнар көз – ижмағ. Араб тілінде «келісу» мағынасын білдіреді. Пайғамбардан кейінгі бір мәселедегі бүкіл ғалымдардың келіскен тұжырымын «ижмағ» деп атаймыз. Мәселен, сахабалардың Құран кәрімді бір кітапқа жинауға бірауыздан келісуі секілді мәселелерді мысал ретінде айтуға болады[10].
  • Қияс. «Қияс»сөзі «салыстыру» деген мағынаны білдіреді. Қияс дегеніміз – Құран мен сүннетте келмеген мәселені онда келген мәселемен салыстыра отырып үкімін шығару. Мысалға, Құранда жұма намазына азан айтылған уақытта сауда-сақтыққа тыйым салынған. Сауда-саттықтан өзге түрлері айтылмаған. Осыған негізделіп, қияс бойынша қандай да бір затты жалға беру, қарыз беру секілді саудаға ұқсас әрекеттерге де тыйым салынады[11].

Фиқһ негіздері ілімін үйренудің берер пайдасы. Ислам діні қияметке дейінгі адам баласына дұрыс жол көрсету үшін, сонымен қатар ненің пайдалы, ненің зиянды екендігін нұсқау үшін келгендігі ақиқат. Фиқһ негіздері ілімін қалыптастырудағы негізгі мақсат – ислам дінінің үкімдерін дұрыс түсінуде және адамдар арасында қате түсініктен сақтау мен қарама-қайшылықтардың алдын алу. Шариғат заңдарын түсінуде арнайы ережелер болмаса, Құран мен хадистерді оқыған адам көптеген қателіктерге ұрынары анық. Мысалы, «қабірлерді зиярат етуші әйелдерді лағынеттеді» хадисын оқыған адам, әйелдерге қабірді зиярат етудің тыйым салынғандығын түсінеді. Ал ғалымдар өзге «қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, енді зиярат етіңдер» секілді хадистермен әйелдерге қабірлерді зиярат етудің рұқсат екендігін айтқан. Сол үшін ислам фиқһ негіздері – дінімізді дұрыс түсіну мен ақиқатты айқын тануға жетелейтін ғылым.

 

Исламтанушы М.Мұстафаев

 

[1]Әбу Захра, Усул әл-фиқһ, 7-8 бб.

2 Әз-Зухайли, Әл-Уәжиз, 13 б.

3Мухаммад Әл-Худари, 4 б.

4 Мухаммад Әл-Худари, 5 б.

5 Әл-Әмәди, Әл-Ихкам, 1/82 б.

[6]Әз-Зухайли, Әл-Уәжиз, 24-25 бб.

[7]Ниса, 29-аят

[8]Ниса, 24-аят

[9]Әш-Шәфиғи, Әр-Рисала, 247 б.

[10]Әз-Зухайли, Әл-Уәжиз, 50 б.

[11]Әз-Зухайли, Әл-Уәжиз, 57 б.

Close Menu