Өсімқорлық – зор күнә

Өсімқорлық – зор күнә

«Риба» сөзі – араб тілінен аударғанда «өсім» деген мағынаны береді. Құран мен сүннеттен нәр алып сусындаған әрбір мұсылман, қатаң тыйымды түсініп, бойын рибадан (өсімнен) аулақ ұстауға тырысуы қажет.

Шариғатта өсімді екі түрге бөліп қарастырады:

  1. Құранда харам етілген «несие пайызы» (кешіктіру өсімі). Уақытысында қайтарылмаған қарыз ақшаның уақытын созғаны үшін алынатын артық төлемге – несие пайызы дейді. Басқаша айтқанда, берілген қарыз ақшаны үстеме ақымен қайтарып алу.
  2. Пайғамбарымыздың сөзімен тыйым салынған  өсім түрі. Арабшасы – «рибаль фадл».Таразыға тартылатын бір сортты заттар бір-бірімен айырбас жасарда, бірі екіншісінен артық кетсе пайыз жеген болады.

Өсімнің тағы бір түрі қарыздан туындайтын өсімге тоқталсақ. Қарыздан туындайтын өсім ерте заманнан бері келе жатыр. Пайыз тек Исламда емес, сәмауи (кітап түскен қауымдар) діндердің яғни, алдыңғы келген хақ діндердің барлығында харам еді. Пайыздың азы да, көбі де харам. Ең үлкен күнәлардан болып табылады. Жағдайы келіп тұрса, мұқтаж адамға қарыз берген дұрыс, бірақ өсімсіз беру керек. Мұндай әрекет Исламда жоғары бағаланады. Тіпті, сізге ақша беріп көмектескен адамға дұға жасау керек. әт-Тирмизи риуаят еткен Усама ибн Зайд жеткізген хадисте: Кімде-кім бір адамға жақсылық жасаса, сол адамға айту керек:

بَارَكَ اللهُ لَكَ فِي أَهْلِكَ وَمَالِكَ

Яғни «Сенің отбасың мен мал-мүлкіңе Алла Тағаланың шапағаты жаусын» – деген мағынада.

Алла Тағала өсім туралы қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 275-аятында:

وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا

«Негізінде, Алла сауданы халал, өciмді харам еткен» – дейді. 

Ислам дінінде өсімді харам еткен, ал кімде-кім Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынбай, өсіммен айналысса, ол адам Алла және Алланың елшісіне (с.а.с.) қарсы келген болады. Бұл жайында Құранның Бақара сүресінің 279-аятында былайша баяндайды:

فَإِن لَّمْ تَفْعَلُوا فَأْذَنُوا بِحَرْبٍ مِّنَ اللَّهِ وَرَسُولِهِ ۖ وَإِن تُبْتُمْ فَلَكُمْ رُءُوسُ أَمْوَالِكُمْ لَا تَظْلِمُونَ وَلَا تُظْلَمُونَ

«Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) мұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер».

Имам Бұхари мен Имам Мүсілім жеткізген хадисте өсімқорлықтың қандай үлкен күнә екендігін ашық көрсетіп айтады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صلى الله عليه وسلم قَالَ: «اجْتَنِبُوا السَّبْعَ الْمُوبِقَاتِ، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ وَمَا هُنَّ؟ قَالَ: الشِّرْكُ بِاللهِ، وَالسِّحْرُ، وَ قَتْلُ النًّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللهُ إِلَّا بِالْحَقِّ، وَأَكْلُ الرِّبَا، وَأَكْلُ مَالَ الْيَتِيمِ، وَالتَّوَلَّي يَوِمَ الزَّحْفِ (أَيْ الْفِرَارُ مِنَ الْجَيْشِ عِنْدَ لِقَاءِ الْكُفَّارِ) وَقَذْفُ الْمُحْصِنَاتِ الْمُؤمِنَاتِ الْغَافِلاَتِ» مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ ، وَمَعْنَى الْمُوبِقَاتِ: الْمُهْلِكَاتِ.

Әбу Һурайра ﴾р.а.﴿ Алла елшісінің (с.а.с.) келесі сөздерін жеткізген: «Құртуға апаратын жеті нәрседен сақтаныңдар. Сахабалар ﴾р.а.﴿: 

– Иә, Алланың елшісі (с.а.с.) , олар не? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) : 

– «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алла харам еткен біреуді кінәсіз өлтіру (ал жазықты болса жазасын тартады), өсім жеу (процент алу), жетімнің мал-мүлкін жеу (зұлымдықпен), шабуыл кезде кері қайту (шайқастан қашу), мұнтаздай, бейқам иманды әйелдерге жаман ат тағу» – деді.

Өсім жегендердің бұл дүниедегі жағдайы.

Өсіммен байланысы бар адамның тапқан табысы қанша көп болғанымен, жиған-тергенінен өзіне еш пайда келтіре алмайды. Яғни, берекесі болмайды. Алла Тағала адал атқарылған сауда-саттыққа берекет береді. Адал сауда-саттықпен айналысатын адамға пайдасын арттырады. Ибн Мәжә мен Имам Ахмадтан жеткен хадисте:

وَقَدْ رَوَى الْإِمَامُ أَحْمَد وَابْنُ مَاجَهْ وَالْحَاكِمُ وَابْنِ جَرِيرٍ عَنْ اِبْنِ مَسْعُودٍ – رَضِيَ الله عنه -: «إِنَّ الرِّبَا وَإِنْ كَثُرَ، فَعَاقِبَتُهُ إِلَى قُلٍّ

«Шындығында, өсім, тіпті көбейсе де оның соңы аздыққа (қорлыққа) айналады» – дейді. Көпшілік қауым арасында: «Күнә – пайызбен ақша берген адамға ма, әлде керісінше алған адамға жазыла ма» – деген сұрақ жиі туындайды.

Өсімқорлықтың туындауына себеп болған, өсім берушінің де, өсім алушының да күнәға қатысы бар. Имам Муслимнен жеткен хадисте:

عَنْ اِبْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: «لَعِنَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم آَكِلَ الرِّبَا وَمَوْكِلَهُ» أَخْرَجَهُ مُسْلِم

 Ибн Масъуд ﴾р.а.﴿ айтады: Пайғамбар (с.а.с.) өсім  жеуші мен берушіні лағынет еткен».

Өсім жегендердің ақыреттігі ахуалы қандай болмақ?

Өсім ақшасын жеп, оны кәсіп көзіне айналдыру мұсылман баласы үшін құпталмайтын, тыйым салынған амал екендігін жоғарыда айтып өттік. Ал, енді Алла Тағаланың тыйым салған амалымен айналысқан адамның ақыреттік жағдайы туралы Құранның Бақара сүресінің 275-аятында:

الَّذِينَ يَأْكُلُونَ الرِّبَا لَا يَقُومُونَ إِلَّا كَمَا يَقُومُ الَّذِي يَتَخَبَّطُهُ الشَّيْطَانُ مِنَ الْمَسِّ ۚ ذَٰلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُوا إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا ۗوَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا ۚ فَمَن جَاءَهُ مَوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّهِ فَانتَهَىٰ فَلَهُ مَا سَلَفَ وَأَمْرُهُ إِلَى اللَّهِ ۖ وَمَنْ عَادَ فَأُولَـٰئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ ۖ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

«Сондай-ақ өciм жегендер, (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: “Са­уда да бейне өciм” дегендіктерінің салдарынан. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса, өткені өтіп кетті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe солар — тозақтық. Олар онда мәңгі қалады» – деп баяндалады.

Жалпы, өсім жеушілердің қиямет күнінде қатты азаптармен азапталынатыны жайында хабарлар көп. Өсім жеушілердің осыншама азапталуының себебі, олардың Алла тағаланың анық аяттарына қарсы шығуларынан болады.

Ислам дінінің осылайша өсімқорлыққа алуан түріне қатаң тыйым салуы мұсылмандардың кәсіп етіп, пайда табуларына қарсы жасалынған бір кедергі емес. Керісінше, өсімқорлыққа тыйым салу азғындық пен бұзықтықтың жолдарына, мұсылмандардың тіршіліктеріне, өзара қарым-қатынастарына келетін түрлі зияндарға қарсы тұрғызылған тосқауыл.

Өсімқорлық – шын мәнісінде қолында байлығы, ақшасы бар бақуатты байлардың кедейлер мен мұқтаждарға жасайтын қыспағы, адамдар арасындағы имани ізгі қатынастардың үзілуі. Капиталистік жүйе құрылған заматта өсім мен өсімқорлардың негізінде езуші тап құрылады. Сонда табысы шектеулі адамдар мен ұсақ саудагерлер өсімқорлардың мыстандық мүдделерінің кесірлерінен езгіге ұшырап, таршылыққа тап болады.

Ислам экономикасында мұсылман қоғамының да, жеке тұлғаның да, кедейдің де, байдың да мүдделері толықтай қорғалынған. Діннің діңгегі зекет арқылы қоғамдағы әлеуметтік түйткілдерін өзінен-өзі шешіледі.

Исламтанушы М.Мұстафаев

Close Menu