Аллаға тәуекел ету – иманды зор етер

Аллаға тәуекел ету – иманды зор етер

Күнделікті өмірі Алла тарапынан жіберілетін нығметтер мен сынақтарға толы мұсылман баласы, қамшының сабындай саналы ғұмырын Жаратушыға құлшылық етуімен ғана толықтырып, Құдайға ұнамды бола алады. Әрбір мұсылманның осы өмірдегі басты мақсаты – Аллаға сүйікті болған іс-әрекеттерді орындау арқылы разылығына жету. Раббымыздың құзырында сүйкімді болған,  амалдардың бірі – тәуекел ету екендігі мәлім. Тәуекел дегеніміз – шынайы түрде Аллағы бір істің тапсырылуы. Имам Қуртуби (р.а) тәпсір кітабында: «Тәуекел –әлсіздікті сезінген күйде Аллаға сүйену» деп түсіндіреді.

Құран Кәрімде: «Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді»[1], – деп баян етеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Егер де Аллаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, Хақ тағала сендерді таңертең ұясынан аш құрсақ ұшып шығып, кешке қарай жемсауы толып оралған құстарды ризықтандырғаны секілді ризықтандырар еді», деп айтқанын естідім»,- деген хадис келтіріледі.  Яғни, шынайы тәуекел етіп, рызық пен нығметті беруші бір Алла екендігіне кәміл сенген мұсылманның Құдай назарынан тыс қалмасы анық.

          Хафиз ибн Ражаб деген Ханбали мазхабының ғалымы аталған хадисті «тәуекел етудің негізі» деп айтады.

          Имам әт Табари «Жамиғул баян ан тауил айл Құран» атты еңбегінде:  «Кімде-кім Аллаға  арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған бір Алла жеткілікті болады»[2], деген аятты тәуекелішіліктің негізі деп жеткізген.

Басқа бір аятта: «Сонда пайғамбарлары оларға: Ия, біз бар болғаны сендер сияқты кәдімгі адам баласымыз. Алайда, Алла құлдарының арасынан қалағанын ерекше бір жақсылыққа бөлейді. Сондай-ақ біздің Алланың рұқсатынсыз сендерге қандай да бір мұғжиза көрсетіп, дәлел келтіруіміз мүмкін емес. Шын мүміндер қашанда бір Аллаға ғана тәуекел етуі керек»[3], – деп Аллаға шынайы тәуекел етудің маңыздылығын түсіндіреді.

          Тәуекел ету Алла Тағалаға ұнамды болған істердің бірі. Дегенмен, ислам ғұламалары тәуекел етудің шарттары бар екендігін де айтып өтеді. Тәуекел ету – істің бастапқы себептерін орындаумен ғана болатынын ұмытпаған жөн. Себебі, ешбір әрекетсіз қол қусыра Құдайға тәуекел ету дұрыс болып саналмайды. Мысалы, диқан кісінің ерте көктемде жерді өңдеп, өнімін егіп, оны баптап болған соң, егіннің берекелі болуын Алладан сұрауы – тәуекелдің ең кәміл түріне жатады. Ал, керісінше еш әрекет етпестен «тағдырға тапсыра салып» әрекетсіз болуды дініміз құптамайды. Пайғамбарымыз да (с.а.с) соғыстардың бірінде мұсылман әскері толығымен қару-жарақпен, соғыс тәсілдерін жіті меңгеріп болған соң ғана Раббысына қол жайып, тәуекел етіп дұға жасағанын білеміз. Балапандарына азық іздеп шыққан құс та Алланың нығметін талап етіп, іздеу арқылы Жаратушысына тәуекел етіп, жемсауын толтырып ұясына оралады.

Имам Байһақи: бірде Омар (р.а)  Йемендіктердің жанынан өтіп бара жатып: «Сендерге не болды» деп сұрайды. Сонда олар: «Біз Аллаға тәуекел етіп отырмыз» деп жауап қатады. Сонда Омар (р.а): «Сендер тәуекел етіп емес, үміттеніп отырсыңдар» деген сөзді келтіреді[4]. Бұл сөздерімен Омар (р.а)  еш себеп-салдарсыз әрекет етпей үміттену тәуекелге жатпайтынын ескерткен болатын.

          Абдулла ибн Аббас: «Йемен халқы қажылық өтеуге Меккеге келетін еді. Алайда, бірде біреуі қажылық жасауға қамданбайтын және олар: біз Аллаға тәуекел етіп келдік деп Мекке тұрғындарынан көмек сұрап жүретін» дейді[5]. Сонда Алла Тағала олар жайында: «Азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық – тақуалық»[6] деген аятты түсірді.   

          Тәуекелшілікті өмірінің өзегіне айналдырған, көшпелі өмір-салтын ұстанып, орналасатын жерін жіті зерттеп қыс мезгілінде қыстауда, жазда жайлауда өмір сүрген ата-бабаларымыз тәуекел ету турасында:

«Тәуекел түбі желқайық, мінесің де өтесің.

Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің»   

«Мір тәуекел бұзады, мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын»[7] деп жырлап кеткен.

Алла Тағала баршамызды өзіне шынайы тәуекел етушілерден болуды нәсіп етсін.

 

Исламтанушы М.Мұстафаев

[1] Әли Имран сүресі, 3/159

[2] Талақ сүресі, 65/3

[3] Ибраһим сүресі, 14/11

[4] «Шуғаб әл иман», 32-бет

[5] ar.islamway.net التوكل-على-الله сайты

[6] Бақара сүресі, 2/197 аят

[7] muftyat.kz сайты

Close Menu