Тақуа патшаның оқиғасы

Тақуа патшаның оқиғасы

Сағид ибн әл-Мусиб (Алла оны рахым етсін) кештердің бірінде ұлын ертіп, пайғамбардың (с.ғ.с.) мешітіне барады. Бұл уақытта мешітте Омар ибн Абдулғазиз патша дауыстап намаз оқып тұрған болатын. Оның дауысы көркем еді.

Сағид ибн әл-Мусиб ұлына:

– Барып, анау намаз оқып тұрған адамға «Құранды ақырын оқысын» деп айт – дейді. Ұлы оған:

– Әке, мешіт біздің меншігіміз емес қой. Мешітте қалағанынша намаз оқуға оның да ақысы бар емес пе? – дейді. Сонда Сағид ибн әл-Мусиб дауыстап:

– Ей, намаз оқушы! Егер намазыңды Аллаға арнап оқысаң, ақырын оқы. Ал егер адамдарға арнап тұрсаң, онда олар сенің еш нәрсеңе мұқтаж емес! – дейді.

Омар ибн Абдулғазиз дауысын басады. Намазын тәмамдаған соң, ақырын кебісін алып шығып кетеді. Ол осы уақытта мүміндердің әмірі болатын.

Әңгімеден көргеніміздей Омар ибн Абдулғазиз патша бола тұра қарапайым адамның бір сөзін екі етпей кебісін алып далаға шығып кетті. Бұл тәрбиенің, көрегенділік пен тектіліктің көрсеткіші. Тақуа адам осылай жасайды. Бір күні шәкірттері ғалымдардың бірінен адамның бойындағы жақсы қасиеттері жайында сқраған екен. Сонда ғалым: «Пенденің амалы мен білімі кем болса да, оны төрт нәрсе жоғарыға көтереді: мейірімділігі, кішіпейілдігі және жомарттығы мен көркем мінезі – оның иманының кемелдігін білдіреді», – дейді.

Алланы сүйген пенде қаншалық кішіпейіл, атаққа немқұрайлы, өзгелердің мақтауына ілігіп қалуынан қашатын және адамдардың оған болған ықылас-ынталарын суытатынамалдар арқылы оның тұзағына түсіп қалудан аман болады. Алла Тағала Құранда мұсылмандар туралы былай деп хабар берген:

«Рахманның құлдары жерде сыпайы түрде жүріп, оларға білместер тіл тигізсе де «Сәлеметшілік» деп дұрыс жауап береді» (Фурқан: 63).

Түйін: Атам қазақ: «Ұлық болсаң, кішік бол» деп айтқан. Мұсылман баласына кішіпейілдік жарасады әсіресе, ұлы адамдарға.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ.

Close Menu