Омар мен қызметші

Омар мен қызметші

Бір күні Омар ибн Хаттабтың (р.а.) үйіне кірген қызметші, оның шалқасынан түсіп, үстінде балалардың мініп-түсіп ойнап жатқанын көреді. Бұған куә болған қызметшінің реңі дереу өзгере кетеді. Бұл жағдай қызметшінің көңіліне ұнамағанын байқаған Омар:

– Сен өз бала-шағаңмен қалай қарым-қатынас жасайсың?

Қызметші:

– Мен үйге кіргенімде, сөйлеп отырған адам үнсіз қалады. Қаталмын – дейді.

Мұны естіген Омар (р.а.):

– Олай болса сен қызметтен босадың! Өз отбасың мен бала-шағаңа қатыгез болсаң, онда Мұхаммедтің үмбетіне қалай рақымды болмақсың? – дейді.

Хазіреті Омардың бұл сөзі заты мұсылманның мінезі қандай болу керектігін көрсетеді. «Мен намаз оқимын» немесе «мен мұсылмансын» деп кейбір «ахилар» сияқты өзімен пікірлес болмаған азаматтарға қаттылық таныту, оларға дөрекі сөйлеу, күш көрсету сияқты т.б. амалдар  мұсылманшылыққа тән емес. Мұсылман адам – кешірімді, жұмсақ мінезді әрі мейірімді. Өйткені, хазіреті Омар айтып отырған жұмсақтық қасиеті адамға сақилықты, ибалылық пен сабырлықты, кешірімшілдік пен қанағатшылдықты және Алладан қорқу мен мүләйімдікті және жәрдем беруге әзір тұру мен жылы лебізді әрі ынсапшылдық мінездерінің жемісін береді.

Тіпті кейбір ғалымдардың айтуынша: «адам малын қиналып сарып қылса немесе ашуы келгенде өзін қиналып тежесе, онда бұл адамның мінезінде сақилық пен жұмсақтық пайда болды дегенді білдірмейді. Себебі ол мейірімді болуы үшін оның мұндай әрекеттерді еш қиындықсыз, жеңіл орындауы тиіс».

Түйін: Расында ислам қаталдықты емес, жұмсақтықты, қатыгездікті емес, мейірімділікті насихаттайды. Қоғамдағы азаматтардың бір-бірімен дұрыс қарым-қатынаста болуын, отбасындағы ердің әйеліне, әкенің балаға, ананың қызға деген қамқорлығы мен махаббатын уағыздайды. Хазіреті Омардың айтып отырғаны да осы. Мұсылман адам өзгелерге қашанда рақымды, кешірімді. Сонымен қатар, ақыретімен бірге бұл дүниедегі отбасы ақысын да тиісті дәрежеде беруі керек. Дін ислам әлемге қаттылықпен емес, көркем мінез, жұмсақтықпен танылған.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ.

Close Menu