Жақсылықты жоқ қылатын нәрсе

Жақсылықты жоқ қылатын нәрсе

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деп айтады:

«Сендер іштарлықтан сақ болғайсыңдар. Расында оттың отынды жегені сияқты, көре алмаушылық та жақсылықтарды жеп тастайды» (Әбу Дәуд).

Осы тақырыпқа қатысты Омар ибн Хаттабтан жамағат ішінен біреуі сұрақ қояды:

–  Уа, мұсылмандардың әмірі! Көре алмау қасиеті жайында не айтасыз?

Сонда Омар ибн Хаттаб (р.а.):

– Кімнің қолында нығмет болса, міндетті түрде, соны көре алмайтын адам болады. Тіпті, бір қарыс артық нәрсесі болса, соны шұқып көруші табылады. Зиян тигізетін иесіз сөз болмайды.

Хазіреті Омардың айтып көре алмау қасиеті – жаман мінез. Мінездің бұл түрі қасықтап жиған жақсылықты жоқ етеді. Тіптіғ пайғамбар (с.ғ.с.) жаман мінезді бақытсыздықпен теңіген. Бір күні сахабалардың бірі Алла елшісінен (с.ғ.с.):

– Бақытсыздық деген не? – деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Жаман мінез – деп жауап берген (Имам Ахмад).

Жаман мінезден сақ болу жайында барлық ғалымдар да айтып өткен. Мысалы, Әбу Хамид әл-Ғазали жаман мінез жайында былай деп айтқан: «Жаман мінез – жүрек дерті, жанды жұтатын ауру. Дененің дерті жалған дүние сияқты өтеді де кетеді, ал жүрек жаман мінез ауруына шалдықса, онда мәңгілік дүниең (ақыретің) күйеді. Шебер дәрігерлер денеге қанша көңіл бөліп, дәріні дәл өлшеммен берсе-дағы, жалған өмірдің өткеніне қарап қалғаннан басқа шара таба алмайды. Ендеше мәңгілік өмірді бос өткізуге себеп болатын жүрек дертіне көңіл көбірек бөлгеніміз жөн».

Түйін: Алла Тағала әрбір пендесіне мінез берді. Адам баласы сол мінезімен басқаларға танылып, ерекшеленеді. Бұл мінездің ішінде тек көре алмаушылық емес, бәлкім іштарлық, пасықтық, сараңдық сияқты т.б. көптеген жаман қасиеттер де бар. Жаратушы бізді осындай мінез жиынтығымен сынайды. Бойымызда бар жаман қасиеттерді тежеп, жақсылыққа тәрбиелеп, көркем мінезге жету адамның өз қолында. Алла Тағала мұны Сіздің  ерік-жігеріңізге қалдырды. Жаман болу, жақсы болу да Сізге байланысты.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ.

Close Menu