Дүниедегі бес нәрсе

Дүниедегі бес нәрсе

Хазіреті Омар (р.а.) дүниедегі бес нәрсенің қасиетін айтып былай деген екен:

«Көп сырластарды көрдім, бірақ тілімді сақтаудан артық сырлас таппадым.

Көп киімді көрдім, бірақ тақуалықтан артық киім таппадым.

Көп мал-мүлікті көрдім, бірақ қанағаттан артық малды көрмедім.

Жақсы істің көп түрін көрдім, бірақ насихаттан артық жақсылық көрмедім.

Көп тағамдардың дәмін таттым, бірақ сабырдың дәмінен тәтті дәм таппадым».

Хазіреті Омардың айтқан бес қасиетінің әрбірі – ақиқат. Мысалы, сабырлық қасиетін алайық. Расында да құлшылық үшін сабырлық таныту үлкен ерлік. Алла тағала:

«Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді. Ол ынталылар, раббыларына шын жолығатындықтарын ойлап әрі Оған анық қайтарылатындықтарын да біледі» – деп айтқан (Бақара; 45-46).

Келесі аятта Алла Тағала сабырлық қылған пендесінің «Шын мәнінде кім Алладан сақсынса, сабыр етсе, күдіксіз Алла жақсылық істеушілердің еңбегін зая қылмайды» (Жүсіп: 90).

Әрине, құлшылықтың мұндай дәрежесіне жету үшін бастан кешіретін машақаттың сауабы айырықша. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Аллаға разылықпен құлшылық қыл. Егер бұлай жасауға шамаң келмесе, онда саған ауыр болған нәрсеге сабырлық қылсаң да көп қайыр бар», – деген (Табарани риуаяты).

Түйін: Тақуалық – мұсылманның қорғаны. Себебі, тақуалық халифа Омар айтқан бес қасиетті де қамтиды.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu