Құранға тең келетін кітап жоқ

Құранға тең келетін кітап жоқ

Өткен мақаламызда айтқандай адамдардың арасында Аллаға иман келтірмейтін, Ақыретке сенбейтін, Құранның мәңгілігін жоққа шығаратын адамдар бар. Олар Құранды айыптағандары болмаса күллі әлем болып, Құранның мысалындай кітап жаза алмай шерменде болып отыр. Бір кітап емес тіпті, бір аят келтіруге шарасыз. Себебі, Алла Тағала барлық әлемге Құранның мысалындай кітап немесе аят келтіруін нұсқап, Құран Кәрімде:

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)): Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды – деп айт. Расында Біз бұл Құранда адам баласы үшін әр нәрсенің мысалынан келтіріп баян еттік. Сонда да адамдардың көбі бас тартып, мүлде қарсы келді» (Исра: 88-89).

«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсайтын бір сүре келтіріңдер. Сөздерің рас болса Аллаһтан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар. Егер оны істемесеңдер (әзір келтірмесеңдер келешекте) сірә істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар мен тастардан болып имансыздар үшін әзірленген оттан қорқыңдар», – деп шақыру тастаған (Бақара: 23-24).

Алла Тағаланың аятындағы «Оны істемесеңдер (әзір келтірмесеңдер келешекте) сірә істей алмайсыңдар» деген мәтіндегі қатаң тыйымға назар салыңыз. Мұны мәңгілік үкім деп айтса да болады. Барлық әлемге ашық үгдеу тастау қандай адамның қолынан келеді? Құрандағы сайысқа шақыру аяты он төрт ғасыр бойы айтылып, күні бүгінге дейін ашық қалып келеді. Егер бұл шақыруды айтқан пайғамбар болса, онда оның соңынан келген басқа адам Құраннан кемшілік тауып, оны толықтырып немесе ұмыт қалып, ескерілмеген мәселелерді түзетіп, оны анағұрлым кемелдей түсері сөзсіз емес ме?

Сондай-ақ, Құрандағы «Егер адамдар мен жындар осы Құранға ұқсас кітап келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды» деген аят Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сөзі болса, онда намысқа тырысып, әдебиетшілердің арасындағы «адамның жазғанын адам жаза алады» дейтін кісілер Құранды да өзгертер еді. Сөйтіп бірінші туындыны өзгерту арқылы екінші Құранды одан да кемел нұсқада жасауға мүмкін болар еді. Бірақ, ақиқат бұлай болып отырған жоқ. Адамзат Құранның алдында шарасыз!

Егер Құранды және ондағы «Егер адамдар мен жындар осы Құранға ұқсас кітап келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды» деген аятты пайғамбар өз қолымен замандастарының (сол заманның) ақыл деңгейіне есептеп жазған болса, онда ақырзаманға дейін келген адамдар мен жындардың ұрпақтары қалай түсінбек? Себебі Құран ақыр заманға дейін де Құран болып қала бермек. Расында мұндай мазмұндағы сөзді айту адамзаттың еркінен тыс. Бұлай деп тек тағдырдан мәліметі бар, ғайыптан уахи алатын кісі ғана айтуға құдіретті. Расында қанша ғасыр өтсе де адам баласы Құранмен тең түсетін шығарма, кітап, еңбек тіпті бір аят жаза алмай келеді. Алла Тағала айтқандай солай болып қала да бермек.

Құран – қасиетті кітап. Бұл кітаптың қасиеттілігі сондай сахабалар (Алла олардың барлығына разы болсын) Құранның он аятын жаттап, кейін соған амал қылар еді. Жаттаған аяттарына амал жасамайынша келесі аятқа өтпеген.Құранда шариғат заңдары мен үкімдерін, олардың барлық бастаулары мен негіздерін табамыз. Алла Тағала: «Кітапта еш нәрсені қалдырып кетпедік», – деген (Әнғам: 38).

Сондықтан да Алла Тағаланың Кітабы дін істерінің барлық негіздері мен тармақтарын, амалдары мен ақида мәселелерін қамтыған, осы өмір мен ақырет жайында анық баяндаған теңдесіз «Кәләмулла».

 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu