Құранның тәрбиелік мәні

Құранның тәрбиелік мәні

Ислам тарихында Әл-Фузайл ибн Ияз есімді  қарақшылардың басшысы болған. Кейін, дін жолына түсіп оның Аллаһқа махаббат қойғаны сонша, Аллаһ жайында көп білетін үлкен ұстаздардың біріне айналды.

Әл-Фузайл ибн Ияз өзі турасында мынадай хабар жеткізеді: «Бір күні мен (Әл-Фузайл) әдетім бойынша бір үйге ұрлыққа түстім. Үйдің ішінен біреудің:

«Иман келтіргендердің жүректері Алланың зікіріне (Құранға) жұмсап әрі түскен хақиқатқа жібімей ме? Ал енді бұрын өздеріне Кітап беріліп, сосын ұзын мерзім өткендіктен жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі бұзақылар» деп Құран оқып отырған дауысын есіттім (Хадид: 16). Сонда менің аяқтарым сіресіп, тұрған жерде қатып қалғандай болдым. Мұнан соң мен:

–Ей, Раббым! Жүрегімнің Сені зікір етіп қорқатын кезі келді. Аллаһқа ант етемін! Осы күннен кейін саған күнә жасамаймын – деп Аллаһқа уәде бердім», – дейді.

Библия христианға арналғаны сияқты, Құран – мұсылман үшін үстелдің үстіне қойып қоятын тәрбие кітабы. Құран – мұсылмандар үшін моральді заңдарға толы, тәлім мен тәрбиені қамтыған, тұрақты мазмұны бар және терең адамгершілік мәнге ие қасиетті кітап. Басқалар үшін – әлемдік мәдениет ескерткіші, көркем сөздің ғажап туындысы, өнердің сарқымас көзі. Бұлай дейтініміз – Құранды оқыған да, естіген де ерекше сезімге бөленеді.

Құрандағы адамгершілік ұстанымдарымыздың негізгі мазмұны – жақсылық пен жамандықты анық айыра білу. Осылайша, исламда ахлақ қағидаларын ұстану – әрбір адам үшін міндетті. Қазіргі жаһандану заманындағы қоғам ұғымында Құрандағы адамгершілік құндылықтар барлығына ортақ болып келеді. Рухани жүдеп, әлсіреген әлеуметтік әрі экономикалық жағдайымызға көптеп көңіл бөліп, жан дүниеміздің ахуалына немқұрайлық танытқан біз үшін осы құндылықтар аса қажет.

Ислам дінінің екершелігін байқау үшін Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мінезіне назар салсақ жетіп жатыр. Шын мәнінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы өте көркем болған. Бұл туралы Алла Тағала:

«Шын мәнінде сен әлбетте, ұлы мінезге иесің», – дейді (Қалам: 4).

Құран адамгершілік ережелерін тек теориялық тұрғыдан танытумен ғана шектелмейді керісінше, оларды мораль ережелері ретінде күнделікті тіршілікте қолдануды талап етеді. Себебі ахлақ қағидаларын іске асырудағы негізгі құрал – талап.

Бұл өз ішіне исламдағы моральдік құндылықтар мен өмірдегі адамгершілік қатынастарды қамтиды. Сондықтан да адамгершілік талап дегеніміз – ішкі әлемнің құндылықтары мен мазмұнын сыртқы дүниеде іске асыру. Рухани дүниеге көп көңіл бөлген мұсылман қауымы үшін адамгершілік адамның ахлағы ретінде қоғам санасын басқаратын ортақ заң болмақ. Сондықтан Құран адамгершілік нормаларын жинаған – тура жол кітабы:

«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүминдер үшін әрине зор сыйлық бар екенін сүйіншілейді» (Исра: 9).

Адам Құранда бір еріксіз, ешбір құқығы жоқ көнгіш жаратылыс ретінде қаралмайды, қайта ол өзі өмір сүріп жатқан ортадағы өмір жағдайымен және Исламда адамның қимыл-әрекетіне көркемдік береді деп танылған мораль ережелерімен қалыптасатын тұлға ретінде танылады. Адамды тұлға ретінде анықтайтын басты нәрсе, ол оның дүниеге көзқарасы. Бұл нәрсе адамға қоғамдағы басқа адамдармен және өзін қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасауына негіз қалайды. Оған басқа болмыстарға тереңірек үңіліп, олардың мәнін түсінуге жәрдем көрсетеді. Адам үшін мұндай көзқарасты оны мен күллі әлемді бір бүтін еткен Құран береді.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu