Құранды сақтайтын кім?

Құранды сақтайтын кім?

Алла Тағала Құранда дін исламның мәңгілігі және Құранды Өзінің қамқорлығына алатыны жайында уәде береді:

«Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз» (Хижр: 9).

 «Ол көктен жауын жаудырды да ойпаттар өз өлшеуі бойынша сел болып, көпірген көбікті қалқытып ақты. Сондай-ақ, сәндік бұйым немесе аспап жасау үшін оған от жағып еріткен металдарда да сондай көбік болады. Алла ақиқат пен жалғанды осылайша мысалға келтіреді. Ал енді көбік кеуіп, ұшып кетеді де адам баласы пайдаланатын нәрсе жер бетінде тұрып қалады. Алла осылай мысал береді» (Рағыд: 17).

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) көрмейсің бе? Алла қандай мысал берді. Көркем сөз (Алладан басқа құдай жоқ) тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді» (Ибраһим: 24).

Бұлар Меккелік аяттар. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Құранын тыңдаудан Мекке қауымы он жыл бойы бас тартты. Алланың елшісіне (с.ғ.с.) иман келтірген аз бөлікке меккелік пұтқа табынушылар қолдарынан келгенше тосқауыл қойды, азаптады. Олар мұсылмандарға алғашқы кезде жасырын, кейін ашық түрде ұрыс жариялады. Он жылға созылған түнек сияқты қараңғылықта дауыс шығару үшін, дауыстап насихаттау үшін тынымсыз күреске төзген Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қандай адам екенін елестету қиын болмас.

Мұхаммед (с.ғ.с.) қиялына еріп, жеңіл ойлайтын адам болды ма? Жоқ, ол жеңілтек адам емес. Оған пайғамбарлық келмей тұрып, ол пайғамбар болудан үміт қылған жан емес. Бұған Алла Тағаланың:

«Саған Кітап түсірілетінін үміт етпеген едің, бірақ, (бұл) Раббыңның мархабаты. Сондықтан қарсы болғандарды сүйемелдеме. Саған Алланың аяттары түсірілгеннен кейін, олар сені одан (аяттарға амал қылудан) тоспасын. Оларды Раббыңа шақыр да әсте серік қосушылардан болма!» – деген аяты дәлел (Қасас: 86-87).

Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзінің пайғамбарлық міндеті тамамдалған соң көкірегінде сақталған Құран да кететін шығар деп ойлады, бірақ Алла:

«Әрине, қаласақ саған уахи еткен Құранды алып алар едік. Кейін, Бізге қарсы бір уәкіл таба алмас едің бірақ, Раббыңның мархабаты бойынша қалдырдық. Себебі, саған Раббыңның кеңшілігі тым зор», – деп оның жадында Құранның сақталатынын хабарлады (Исра: 86-87).

Сонымен, Құранды сырттан қадағалап сақтаушының бар болғаны мәлім. Дегенмен, қыры мен сыры көп мына өмірде осындай жауапкершілікті өз міндетіне алған кім? Әрине, Ол уақыт пен заманды, уақиғалар мен тарихты, дүниенің басы мен аяғын тағдырға жазған – Алла. Егер Алланың Құранды, дінді сақтаймын деген уәдесі болмаса, онда сөзсіз, Құран күні бүгінге бұрмалауға түсіп, дін құні бүгінге дейін түрленіп, бастапқы қалпынан айнып кетерді.

Қанша мәрте Ислам әлеміне зұлымдық жасалды, мұсылмандарға жорықтар жарияланды, басқа діндерге күштеп кіргізу әрекеті орын алды және әдебиеттер жыртылып отқа тасталды, мешіттер қиратылды? Қанша рет Құраннан бұрын түскен кітаптардың өзгертілгені сияқты Құранды да бүтіндей ауыстыру шаралары қолға алынды? Соған қарамастан Алланың:

«Расында Құранды Біз түсірдік. Шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз»,деген уәдесі Құранды сол қалпында сақтап келеді. Пайғамбардың қаншасы келіп, қаншасына зұлымдық жасалды. Көктен түскен кітаптардың қаншасы жоғалды, өртенді, өзгертілді, ал Құран сол күйде сақтаулы.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Close Menu