Тәуекелдің тауы – бір Құдай

Тәуекелдің тауы – бір Құдай

Расында Алла жүрегімен тәуекел қылған адамды Өзінің кепілдемесіне алады. Бұл кепілдеменің сенімділігі сонша, адамның қолына ұстап тұрған затынан да сенімдірек. Алла ол пендеге ризықтың есігін оның қиялына кірмеген жақтан ашып қоюға құдіретті.

«(Мұхаммед (с.ғ.с.): Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел қылсын де» (Тәубе: 51).

Алла тағала Өзіне тәуекел қылушыларды сүйеді. Бірақ, жай ғана тәуекел емес, бәлкім тәуекел етерден бұрын адам белгілі себептер іздеп, сосын барып тәуекел қылғаны жөн:

«Ал кім Аллақа тәуекел қылса сонда Ол оған жетіп асады…» (Талақ: 2-3).

«Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін» (Ибраһим: 11)

Дана әрі батыр Омарға қатысты төмендегі мына оқиға біздің тәуекел және тағдыр туралы түсінігімізді одан әрі аша түсетін сияқты. Бұл оқиғада екі мәселе де (тағдыр мен тәукел) жақсы көрсетілген.

Бір елді-мекенде оба ауруы тарайды. Хазіреті Омар бұл аймақтан тезірек кетуге бел буады. Сонда Әбу Убайда ибн Жаррах оба ауруынан қашқан Омар ибн Хаттабты көріп (Алла ол екеуіне разы болсын), әзіл мен шын араластырып:

– Ей, Омар! Алланың тағдырынан қашып барамысың? – дейді.

Омар:

– Ия, Алланың бір тағдырынан қашып, екінші тағдырына барамын (Алланың ауру деген тағдырынан, саулық тағдырына қашып барамын) – деп жауап береді.

Кейін Омар тақыр жер мен отты жерді мысалыға келтіреді. Егер малды отқа жаю үшін шөл жерден, көк жерге қоныс аударатын болса, онда бұл – бір тағдырдан екінші тағдырға ауысу деп түсіндіреді.

Әңгімеден байқалғандай хазіреті Омар оба ауруы тараған жерде «Аллаға тәуекел мен ауырмаймын», – деп ол жерде қалған жоқ. Алланың ауыртпайтын себептерін іздеп, басқа жерге қоныс аударды. Сөйтіп, Аллаға тәуекел етті.

Хазіреті Әли жорыққа шыққан уақытта қасындағы жауынгерлерге тәуекел жайында былай деп айтқан: «Алла көктегі тағдырға жазбайынша, жер бетінде еш нәрсе болмайды. Алла әрбір пендеге екі періште қойған. Адамның ажалы жеткенше ол екеуі оны барлық нәрседен қорғайды. Ал ажал келген уақытта екі періште, адамды өз ажалымен оңаша қалдырып, кетіп қалады – деді. Кейін бізді орындарымызға қайтарып, өзі күзетсіз қалды» (Ияғлә ибн Маррдің риуаяты).

Ал енді Алланың елшісі де (с.ғ.с.) өзінің мәшһүр хадисінде былай деп айтқан: «Кімде-кім үйінен шығар кезде «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуат та жоқ» десе оған Алла тарапынан «тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың» делінеді. Ал шайтан одан алыс жүреді».

Демек, тәуекел Аллаға жасалады. Кейн бір нәрсеге тәуекел етіп, бел буғанда сол нәрсенің оңды болуы үшін белгілі себептерді қарастырады. Басқаша айтқанда адам тәуекелді жайдан жай жасамай ақылын істетіп жасайды. Ойымды Бауыржан Момышұлының былай деп айтқан сөзімен түйіндегелі отырмын: «Батырлық – тәуекел мен адалдық есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал, ақылсыз тәуекел ешкімді де ақтай алмайды».

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы

Close Menu