Тағдырдан тазша да құтыла алмайды

Тағдырдан тазша да құтыла алмайды

Алланың тағдырына иман келтіру – мұсылманның парызы. Алла Өзінің білім құдіретімен кез-келген нәрсенің өткенімен болашағын жазып қояды деп иман келтіреміз. Құранда Алла тағаланың тағдырға қатысты хабар берген аяттары жетерлік. Мысалы:

«Жер жүзінде сондай-ақ сендерге бір бейнет келетін болса, ол жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шексіз бұл, Аллаға жеңіл»(Хадид: 22).

Алла Тағала дүниедегі барлық нрәсенің тіпті, дүние тағдыры да жазулы екенін айтып отыр. Бұл – Аллаға жеңіл екенін аяттан белгілі. Өмірімізде болған әрбір құбылыс адамның ниеті мен амалына қарай жазылған. Келесі аятта да Алла тағала барлық нәрсенің өз өлшеуімен жаратқандығы және олар сол өлшеміне, тағдырына сәйкес болатыны туралы айтады:

«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» (Қамар: 49).

Демек, өмірде барлықығың өлшемі, есебі бар. Ибада ибн Самит (р.а.) есімді сахаба өзінің ұлына мына хадисті риуаят қылған:

«Расында мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла әуелі қаламды жаратты. Сөйтіп, оған: «Жаз!», – деп бұйырды. Ол: «Уа, Раббым! Не жазамын?» – деп сұрайды. Алла тағала: «Қиямет күніне дейін күллі нәрсенің тағдырын жаз!» – деп бұйырды», – дегенін есіттім».

Құлыным, сондай-ақ, мен Алла елшісінің: «Кім де кім осыған иман келтірмей өлсе, менің (үмбетімнен) емес», – деп айтқанын есіттім» (Әбу Дәуд).

Сол себепті Исламда тағдырға иман келтіру – парыз. Ал енді өзін мқсылман санап, бірақ, Алланың тағдырына сенбейтін болса, онда ол күпірлікке жатады. Жоғарыдағы аят пен хадистерден көргендей барлық нрәсе «Кітапта жазулы». Имандағы жеті парыздың бірі таңдырға иман. Сондықтан да қазақ атам: «Тағдырдан тазша да құтыла алмайды» және «жазмыштан озмыш жоқ» деген сияқты таңдыр мәселесін қысқа да нұсқа жеткізген. Тақырыпқа сай тағдыр мәселесі туралы айтылған мына оқиғаны да келтіргенді жөн көрдік:

Мүміндердің әмірі Омар ибн Хаттабтың алдына (р.а.) бір ұрлықшыны алып келеді. Омар ибн Хаттаб:

– Не үшін ұрлық жасадың? – деп сұрайды. Ұрлықшы:

– Алла пешенеге осылай жазған, – дейді. Омар:

– Мынаған жетпіс дүре соғыңдар, кейін қолын шабасындар, – деп үкім шығарады.

Адамдар:

Уа, мүминдердің әмірі! Не үшін екі үкім шығардыңыз? – деп Омардан сұрайды. Омар оларға:

– Ұрлығы үшін, қолы шабылады. Аллаға жала жапқаны үшін дүре соғылады, – дейді.

Расында бұл әңгімедегі ұрлықшы жасаған қылмысы үшін қолы кесіліп жазасын алды. Ал енді ұрлық жасап, «бұл менің тағдырымда жазылған» деу арқылы жасаған қылмысын Алланың тағдырына жапқаны дұрыс емес. Сол үшін хазіреті Омар оған дүре соқтырды. Басқаша айтқанда Алла Тағала оған ақыл-сана берді. Адам ақылы арқылы жақсы жол мен жаман жолдың арасын айырып алуына ықтияплы. Бірақ, солай бола тұра ол бұзықтық, қылмыс жасау жолын таңдады. Оны ұрлық жасауға ешкім мәжбүрлемеді. Алла оны «ұрлық жасайсың» деп зорлаған жоқ. Құдай Тағала Өзінің білім қасиетімен ол адамның ұрлық жасайтынын біліп, жай ғана тағдырына солай болатыны жайында жазып қойды. Алла әлгі ұрлықшының сол уақытта сол жерде, сол бір нәрсені ұрлайтынын біліп алдын ала жазды. Сол үшін хазіреті Омар: «Сен тағдырымда осылай жазылған деп Аллаға жала жаптың. Ол сені зорлаған жоқ. Ұрлықты жасаған өзіңсің» деп оған жасаған қылмысы үшін дүре соқты.

Осман ибн Аффан (р.а.) жақсылыққа қатысты өмірде түйген ойын былай деп айтқан екен: «Жақсылықты төрт нәрседе жасырынғанын байқадым: біріншісі, нәпіл құлшылық жасау арқылы Аллаға махаббатыңды білдіру; екіншісі, Алла Тағаланың үкімдеріне сабырлық таныту; үшіншісі, Алланың тағдырына разы болу; төртіншісі, Алланың назарынан ұялу».

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы

Close Menu