САДАҚА БЕРГЕН АЙША АНАМЫЗ

САДАҚА БЕРГЕН АЙША АНАМЫЗ

Әдетте жақсылық жасап, садақа бергісі келген жандар беретін садақаның мөлшерін ойлайды. Сөйтіп бірі «барымды берейін» деп қалтасындағы бар тиынын берсе, кейбірі садақаға арнайы ақша жинайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.) «иннамал ағмал бин-нияти» (шын мәнінде амалдар ниетке байланысты) деп айтқан мәшһүр хадисінен көргендей адамдардың жасаған амалдары олардың ниеттеріне байланысты. Осыдан қазақ әрбір істе «ниетің қабыл болсын» деп біліп айтса керек. «Садақа» демекші бұған қатысты мына Айша анамызға қатысты мына риуаятты келтіргенді жөн көрдік. Бұл әңгіме қысқа болғанымен білген адамға тұнып тұрған ғибрат:

Бір күні Айша анамызға қайыршы келіп, садақа сұрайды. Айша анамыз қалталарын тексере бастады. Сөйтіп, қалтасының түбінен бір түйір миіз табады. Оны алып, қайыршыға береді. Қайыршы «Бұл бір түйір миізді не істеймін» деген кейіп танытып, арқа шегінгендей болады. Айналадағы адамдар да Айша анамыздың бұл қылығына таң қалғандай қарайды. Сонда Айша анамыз:

– Мұны ала ғой. Егер бұл садақам қабыл болса, онда мұның ішінде Алла қиямет күнінде амал таразысына қоятын қанша миіз бар екенін білесің бе? – деп қолындағы миізін қайыршыға ұстатады. (Суютый)

 

 

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ, Алла тағалаға жасалатын құлшылықтың негізі – ықлас. Алла үшін жасалған амалдың үлкен-кішісі жоқ. мұсылман адам сәті түсіп, орай келген барлық уақытта қайырымдылық жасап қалуы тиіс. Ақыретте зәрердей жақсылықтың ауыр салмағы бар. Жасаған аз да болса жақсылығың Алланың қасында зая кетпейді.

Ертедегі даналар: «Жомарттық малмен есептелмейді, көңілмен болмақ», – деп айтқан екен. Кедей адамдар да жомарт болады. Кейде садақа етіп берілген бір алтын, мың алтынннан асып түсуі әбден мүмкін. Мәселен, кедейдің берген бір алтыны – кедей үшін дүниесінің жартысы болуы мүмкін, ал байдың берген мын алтыны – оның дүниесінің жүзден бір бөлігі ғана болуы мүмкін.

Алла тағала ақыретте адамның амалына емес, ниетіне қарайды. Егер тақыр кедей шын ықыласымен «Шіркін! Менің мынадай дүнием болса еді, мен пәлендей жақсылық істер едім» деп ниет етіп, соның қайғы-қасіретін шексе, Алла тағала оған сондай істің сауабын жазады. Алла тағала Құрандай бұл туралы былай деп хабар берген:

«Сонда кім тозаң түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Және кім тозаң түйірінің салмағындай жамандық істесе, соны көреді». (Зілзәлә: 7-8)

Адамның жасаған зәредей амалы есепсіз қалмайды. Бұған қатысты Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Сендерден бірің, есік-терезесі жоқ, қап-қара ойық тастың ішінде бір амал жасаса, ол қандай амал болса да Алла тағала соны адамдардың алдына шығарып көрсетеді», – деп айтқан. (Ахмед)

Демек, біздің баз біреуге жасаған әрбір амалымыз өзімізге «Құдайдан қайтады» екен. Сондықтан да ешбір күмәнге бой берместен жақсылық жасауда кенже қалмайық.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.

Close Menu