Ислам ағайын-туысты бірлікке шақырады

Ислам ағайын-туысты бірлікке шақырады

Қазақ халқы ежелден қоғамдағы ағайын-туыстың орнын жоғары бағалаған. Тіпті, «Қай қолыңды кессең де, жанға батуы бірдей», – деген дана сөзі адамның өз ағайын туыстарымен қаншалықты бірбүтін екенін көрсетеді. Отбасындағы, ағайын арасындағы тіпті, қала берсе ру ішіндегі аталас туыстардың бірі қандай да бір қиындыққа тап болса, мұның ауыртпалығын сол ру басындағылар мен оның мүшелері бірге тарта білген. Сол сияқты «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде», – деген ата сөзін алсақ та, адам өміріндегі ағайын туыстың, жора-жолдастың маңызын білдіреді. Ағайын деген адамның жоғын жасырып, барын асырып отырады.

Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын риуаят еткен:

«Біріңді бірің күндемеңдер, бағаны көтермеңдер, өшпенділікте болмаңдар, біріңе-бірің теріс қарамаңдар, бір-біріңнің саудаларыңды бұзбаңдар.

О, Алланың құлдары! Біріңе-бірің туысқан болыңдар, себебі, мұсылман мұсылманға бауыр. Ол мұсылман бауырына зұлымдық жасамайды, алдамайды, қорламайды. Ал тақуалық осында – деп (пайғамбар (с.ғ.с.) өз көкірегін үш рет көрсетті). Мұсылман өз мұсылман бауырын қорлауы үшін жеткілікті саналатын – мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы басқа мұсылман үшін харам» (Мүслим).

Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандар үшін тек аналық құрсақпен байланысты ағайындықты ғана емес, жалпы туыстық қатынасты кеңінен насихаттады. Хадисте айтылғандай туыстық қатынас жай сөз емес, керісінше адамдар арасындағы қоғамды біріктіруші күш. Бұл хадистің мағынасы мен мазмұнына тамсанғанын жасыра аламған имам Науауи: «Бұл хадистің пайдасы мол, мазмұны терең», – деп айтқан.

Хадис мұсылмандардың бірін-бірі жек көруіне тиым салады. Себебі, олар бір-бірін жанындай жақсы көретін бауырлар. Алла тағала мұсылмандарды осылай деп атаған:

«Шын мәнінде мүминдер туыс» (Хужурат: 10). Бұған қоса пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Жаным қолында болған Затпен ант етемін! Сендер иманға келмейінше жәннатқа кірмейсіңдер. Ал біріңді-бірің жақсы көрмейінше иманға келмейсіңдер», – деп айтқан (Термези).

Адам ашу-ыза, қызғаныш, көре алмаушылық сияқты жаман қасиеттердің салдарынан пайда болатын өшпенділік, жек көрушілік, ағайын-туыспен араздасушылықтан сақтануы тиіс. Мұның орнына Алла тағала пенделерін сүйіспеншілік пен жақсы көруге шақырады:

«Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, Ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Сөйтіп, Оның рақымымен туысқа айналдыңдар» (Ғимран: 103).

Алла тағаланың келесі аятында да Исламдағы сүйіспеншілік пен туыстық қатынастың маңызы ерекше айтылған:

«Ол сондай (Алла) сені өз жәрдемімен және мүминдер арқылы қолдады. Ол (мүминдердің) жүректерін жарастырды. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді бүтіндей жұмсасаң да олардың жүректерін жарастыра алмас едің. Бірақ Алла олардың араларын жарастырды. Расында, Ол өте үстем, аса дана» (Әнфәл: 62-63).

Жүректерімен жарасқан адамдар пайғамбар (с.ғ.с.) айтқандай бірбүтін дене тәріздес. Егер адамның бір мүшесі ауырса, оны барлық мүше сезеді. Егер бір мүшесіне зиян келсе, қалған мүшелері оған көмекке келеді. Қарым-қатынас ең жақын адамдардан, яғни бауырлардан басталып, әрі қарай жалғасып кете береді. Бұдан қалса Құранда айтылғандай біз бір-бірімізбен жүрек арқылы жарасып, қарым-қатынас орнатып, оның үздіксіз жалғасқанын қалап қана қоймай соған өзіміз де ат салысуға тиіспіз.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.

Close Menu