Намаз – Миғраж сапарының сыйы

Намаз – Миғраж сапарының сыйы

«Исра» мағыналық жағынан «түнделетіп жол жүру» дегенді білдіретін сөз. Діни термин бойынша, Алла Тағала сүйікті құлын (с.а.с.) түннің бір мезгілінде Меккедегі «Харам» мешітінен Құдыстағы «Ақса» мешітіне көзді ашып-жұмғанша апарып, қайта алып келуі. «Миғраж» деген – жоғарыға көтерілетін саты. Ал дініміз тұрғысынан Пайғамбарымыздың  (с.а.с.) түнің бір уақытында Ақса мешітінен «Сидратул- Мүнтәһаға» барып, Жарaтушы иемен арнайы тілдесіп қайтуын айтамыз.

«Миғраж» сапары қай жылы болды?

Миғраж  Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Режеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Алла елшісі (с.а.с.)  түнгі сапарда көктің жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен қауышып, тілдескен. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан бұған сену – әрбір  мұсылманға парыз. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 1 аятында:

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلاً مِّنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ البَصِيرُ

«Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол – естуші әрі көруші». 

Бұл оқиға түс емес, рухани серуен де емес. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.с) өңінде әрі денесімен, әрі рухымен жасалған сапар. Аятта пендесін деген сөзден әрі денесі, әрі рухы түсініледі. Тек қана рухы болғанда пендесінің рухын делінген болар еді.

Миғраж оқиғасы мен оның нәтижесі жайлы қасиетті Құран Кәрімде:

وَلَقَدْ رَآَهُ نَزْلَةً أُخْرَى . عِنْدَ سِدْرَةِ الْمُنْتَهَى. عِنْدَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى . إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى . مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى . لَقَدْ رَأَى مِنْ آَيَاتِ رَبِّهِ الْكُبْرَى

«Расында, ол Жәбірәйілді екінші рет көрді. Сидротул мунтаһа (Тұрақтау ағашының) жанында. Оның қасында Мәуа жәннаты бар. Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады (Мұхаммедтің (с.а.с) көзі таймады да үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді», – деп баяндалды.

Демек, исраның себебі Алла Тағаланың өз пендесіне, яғни Пайғамбарымызға (с.а.с) Өзінің кейбір белгілерін көрсету үшін болды. Ал, миғражда Алла Елшісі (с.а.с) Раббысының кейбір үлкен белгілерін көрді.

Исра және миғраж оқиғасының сыры мен сыйы

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Миғраж түні «үмбеті үшін көп нәрсені тіледі, үмбетім, үмбетім» деп көзіне жас алды, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, біліп, білмей жасаған кемшіліктері үшін ғапу сұрады. Тіпті, Алладан әрбір үмбеті үшін, әрбір мұсылман үшін өзі көрген Миғражды нәсіп етуін сұрады. «Ей, Тәңірім, Миғраж мұғжизасымен мені нығметтендірдің. Үмметім үшін де осындай бір нығмет тілеймін», -дегенінде, Хақ тағала:

«Намаз – момындардың миғражы», – деп Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне миғраж дәрежесінде жүретін намаз ғибадатын сыйлады. Осы мүбәрак кеште бес уақыт намаз парыз болды. Намаздың осы түні парыз болуының сыры адам баласына оқыған намазы нәпсінің қалауы мен дүниенің заты алдаған сәтте көкке көтеретін миғражы болуы үшін.

Бұл жөнінде Рамазан Бути өзінің «Фиқһу ас-сира» еңбегінде: «Миғраждан кейін ертеңіне періште Жәбірәйіл (а.с.) келіп, Пайғамбарымызға (с.а.с) намазды оқу және оның уақыты тәртіптерін үйретті. Намаз парыз болмай жатып, Алла Елшісі (с.а.с) таң ертең және кешкі мезгілде екі бас намаз оқитын. Бұл намаз Ибраһим (а.с.) Пайғамбардан қалған еді», – деп жазады.

Мұхаммед Ғазали  өзінің еңбегінде: «Алла Тағала парыз еткен намаз қазіргі таңда көптеген адамдар оқып жүрген намаз емес. Намаздың дұрыстығының белгісі оқушыны дүниенің жамандығынан сақтауы. Ал, намазды көп оқыса да намазхан бұл дәрежеге жетпесе оның намазы жалған болғаны» дейді.

Намаз адамды тазалайды. Алайда, бұл құлшылық өлген жүректі емес тірі жанды тазалайды. Намаз тірі жүректі оған беттеген барлық шаң тозаңнан тазалайды.

Бұхари және Мүсілімде (р.а) сахаба Хузайфа бин Йаманнан келтірілген хадисте:

عن حُذَيْفَةَ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم-: «فِتْنَةُ الرَّجُلِ فِى أَهْلِهِ وَمَالِهِ وَنَفْسِهِ وَوَلَدِهِ وَجَارِهِ يُكَفِّرُهَا الصِّيَامُ وَالصَّلاَةُ وَالصَّدَقَةُ وَالأَمْرُ بِالْمَعْرُوفِ وَالنَّهْىُ عَنِ الْمُنْكَرِ».

«Адам баласының отбасына, мал дүниесіне, бала-шағасына, өзіне және көрші қолаңына қатысты болған фитнасына ораза, намаз, садақа, жақсылыққа шақыру және жамандықтан тию кәфарат болады (жуып-шаяды)», – делінген.

Бұл кеш Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жеке өміріне ғана қатысты емес, жалпы мұсылман үмбеті үшін айтулы оқиға орын алған. Дініміз тарихындағы мұндай маңызды оқиға әрбір мұсылманның жүрегіндегі иманын күшейтіп, Жаратушы Иесіне, пайғамбарына деген махаббаты беки түседі.

Миғраж оқиғасы арқылы Алла Тағала ешбір адам баласы көрмеген, шексіз, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегі аспан қабаттарын, пейіш пен тозақты көруді Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбарға нәсіп етті. Онда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.с.) көптеген мұғжизалар көрсетті.

Миғраж түнінде пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үш сый жасалды:

  1. «Бақара» сүресінің соңғы екі («Амәнәр-расула») аяты уахи етілді.
  2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (с.а.с.) үмбетіне шапағат ету құқығы берілді.
  3. Бес уақыт намаз парыз етілді.

Сол үшін пайғамбарымызға берілген есепсіз мұғжизалардың ең үлкендерінің бірі – миғраж мұғжизасы. Өйткені, ол ең төменгі әлемдегі тозақты, ең жоғарғы әлемдегі пейішті өз көзімен көріп, тамашалады. Иә, шетсіз-шексіз әлемді аралап шығу, көптеген оқиғаларды басынан өткізу түннің бір бөлігінде ғана болып өтті.

Миғраж оқиғасында нәсіп болған дініміздің тірегі болған намаз – екі дүние бақытына жеткізетін ғибадат. Жәннат және тозақ туралы айта бастасаң кейбір адамдар: «О дүниеге кім барып келген?» деген сынды күмәнді сұрақтарын қойып жатады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) миғражда жәннатты көруі, ондағы барлық оқиғаларды баяндап беруі және тозақты да көріп ондағы азап шегіп жатқан жандар жайлы айтуы   иман еткен жандар үшін жеткілікті.

Мұрат Мұстафаев

Close Menu