ҚҰРАН ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

ҚҰРАН ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

Құран туралы кең мағлұмат алуымыз үшін әуелі Алла Тағаланың Құран жайында айтқан аяттарына назар салайық: Алла Тағала:

«Шын мәнінде оны (Құранды) жинау мен оқу Бізге міндет» – деп айтқан (Қиямет: 17-19). Сондықтан Құран Алланың қасиетті кітабы.

Алла кітабын «Құран» деген уақытта біз оның үнемі оқылуын және оны ауыз арқылы айтып сақтауды меңзейміз. «Құранды» кейбір кезде «Кітап» деп те атайды. «Кітап» дегеніміз – аят-сүрелердің қағаз бетіне қаламмен жазылып сақталуы. «Құран» мен «Кітап» сөздерінің мағыналары бір болғанымен мазмұны жағынан бөлек. Мысалы, «Құран» Алланың сөзін тілмен оқып, жаттап, жүректе сақтау міндетін жүктесе, «Кітап» атауы оны жазу арқылы сақтау дегенді білдіреді. Сондықтан, Құранды бастан-аяқ жаттаған кісінің (қаридің) оқыған Құраны, қағаз бетіне түскен Құранның жазбаша нұсқасымен сәйкес келуі тиіс. Жазбаша Құранның келген тізбегі мен Құранды жатқа айтқан қаридің тізбектері де танымал әрі дұрыс нұсқалармен бірдей болуы тиіс.

Осы тұрғыдан Құранды «Сүрелер мен аяттардың жинағы» немесе «Сүрелер мен аяттар жинақталған кітап» деп атауға болады. Сол сияқты Құранның «Жүрек парақтарында сақталған мәтіндер» немесе «Тақтайшалар мен қағаз беттеріне өрнектелген нақыш», «Тіл арқылы мақаммен оқылатын дауыс» деп те аталуы мүмкін. Құран – шындық пен ақиқат ғылымын жинақтаған сөз. Ол – үкімдер топтамасы десек те қателеспейміз. Алла Тағала келесі аятта Құран хаққында былай дейді:

«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді» (Исра: 9).

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) сені осы үмбетке айғақ қылып келтіреміз. Сондай-ақ, саған әр нәрсені баян ететін және мұсылмандар үшін тура жол нұсқаушы ізгілік әрі қуаныш ретінде Құранды түсірдік», – деген (Нәхл: 89).

Сонымен Құран – мүміндерге тура жол нұсқаушы. Алланың елшісі (с.ғ.с.) Құран турасында: «Құранда сендерден бұрын болғандар мен сендерден кейін келетіндер жайында айтылған. Сол сияқты сендердің араларыңдағы мәселелерге қатысты үкімдер де баяндалған», – деген (Термези).

Қасиетті кітаптың өзі және оның кез-келген бөлігі де «Құран» деп аталады. Тіпті, одан бір сүре немесе аят оқылса да «Құран оқылды» делінеді. Құран оқылған уақытта мүмкін болғанша оның мазмұнын зер сала тыңдау қажет. Алла Тағала:

«Құран қашан оқылса да оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер (үнсіз болыңдар). Әрине мархаматқа бөленесіңдер», – деп айтқан (Ағраф: 204).

Алла Тағала Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне пайғамбарының соңынан еруді нәсіп қылды, сол үшін Құранды бастапқы қалпында сақтап келеді. Жаратушы Алла Құранда:

«Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деп Құранды Өз қамқорлығына алғаны жайында хабар береді (Хижр: 9).

Демек, Құран аспаннан түскен басқа кітаптар сияқты өзгеріске ұшырамайды, мәтіндері өзгеріп, басқа мәнге ие болмайды. Бұлай деуіміз, Алла Құраннан басқа кітапты қамқорлығына алуға уәде бермеген. Керісінше, оларды адамдардың қамқорлығына тапсырған:

«Күдіксіз Тәуратты түсірдік, онда тура жол және нұр бар. Аллаға бой ұсынған пайғамбарлар яһудилерге онымен үкім етер еді. Және Алланың Кітабын қорғауға міндеттендірілген сопылар мен ғалымдар да онымен үкім етер еді. Олар оған куәгер еді…» (Мәида: 44).

Аяттан белгілі болғандай, ол кездегі кітаптардың сақталу міндеті адамдарға жүктелген. Алайда олар кітаптарды сақтауға шарасыз болғандықтан қасиетті жазулар өзгеріске ұшырап отырды. Құранның басқа кітаптардан айырмасы – мерзімі шектелмеген. Алла Құранды мәңгілік және өзінен бұрын түскен кітаптарды растаушы әрі қамтушы кітап ретінде түсірді.

Жалғас САУАХАСҰЛЫ, дінтанушы.

Close Menu